Шолпан Сүлейменова Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданында тұрады. Денсаулық саласында жұмыс істеп келе жатқанына 30 жылдан асқан. 7 баланың анасы. Отбасылық кәсіптері бар. Отандық өнім шығарушы кәсіпкерлердің бірі. Бүгін осы отбасының кәсібі жайлы сөз етпекпіз.
Шолпан Жәдігерқызы негізгі жұмысымен қоса сауда-саттық саласында шағын кәсіп бастап көреді. Тойтабаққа салынатын түрлі сабындар жасайды. Оған қоса есік алдындағы жылыжайда қияр, көк жуа, аскөк, ақжелкен өсіріп сатады. Бұл кәсіп түрін әлі де жалғастыруда.
«Кәсіптен кәсіп туғыза бергізім келді. Бала-шағамызбен ақылдасып өнім шығарайық деп шештік. Үнемі сұраныста болатынын ескере келе дәретхана қағазын шығармақ болып келістік. Қаржыландыру көздерін іздегенімде «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының ұсынған талаптары ұнады. Сонымен 6 пайызбен мемлекеттік бағдарлама аясында 6 млн теңге жеңілдетілген несие алдым», – дейді Шолпан Сүлейменова.
Кәсіпкер алғашқы уақытта қажет құрал-жабдықты табу оңай болмағанын айтады. Жартысын өзге өңірден тауып, қалғанын Қытайдан алдырып кәсібін бастап кетеді.
Негізі кәсіпті жүргізіп отырған екі баласы – Нұрбек пен Бекзат. Өнімнің дизайнын балалары Расулбек пен Ерзат құрастырған. Бүгінде бір қорапта 10-нан 24-ке дейін сиятын дәретхана қағазын шығарады.
«Қазір бізге жетпей жатқаны макулатураны өңдейтін құралдың жоқтығы. Біз жинаған макулатураны көрші облысқа барып қолдануға болатын материал қылып әкелеміз. Келген соң арнайы қалыпқа салып, кесіп, дайын өнімдерге айналдырамыз. Кәсіптің бұл түрін бастағанымызға да төрт жылға таяп қалыпты. Сұраныс жоғары. Тұрақты тұтынушылардан да ауыспайды», – дейді кәсіпкер.
Бүгінде Қызылордадан шығатын «Жаңақорғандық» деп аталатын дәретхана қағазы облыс көлемінде, сондай-ақ Орал, Қостанай, Өскемен қалаларына да жіберіледі екен.
Шолпан Жәдігерқызының балалары күніне 4000 данадан астам, ал айына 120 000-нан астам дәретхана қағазын шығарады. Бағасы да қонымды, 70 теңге тұрады.
Шолпан Сүлейменованың балалары еңбекқор болып шықты. Дәретхана қағазынан өзге футболкаға, кружкаларға сурет салу қызметін де көрсетуде. Кәсіпкер алда кәсібін кеңейтуді көздеп отыр. Сұраныс бар да ұсынысты да арттырмақ.
«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық
орталығының баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!