Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайық жасауды қолға алған кәсіпкер

13.02.2023, 10:00 923

HALYQLINE.KZ Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Жансерік Нысанбаев алғашқы шыны пластиктен ескекті қайық шығаратын кәсіпорынды аралдық жас кәсіпкер іске қосып, өндірісті жөнге қойды.

Жеке кәсіпкер 2009 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Арал ауданында алғашқылардың бірі болып жиһаз шығаруды жандандырды, қажетті қондырға сатып алып, шағын бөлмені жалға алу арқылы өзінің бизнесін бастап кетті.

Ол “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасының тиімділігін пайдалана отырып, корпусты қатқыл жиһаз шығаратын цех ашқан болатын, ал бүгінде бизнесін кеңейтіп қана қоймай, оны әртараптандыруға мүмкіндік алды.

Бүгінде жиһаз цехы ауылдық аймаққа қажетті барлық түрдегі жиһазды шығарады: шкафтар, ас үй гарнитурасы, ауызғы бөлменің жиһазы мен сөрелер, стеллаждар жасалуда.

Кәсіпкердің сөзіне қарағанда, шыны пластиктен қайық жасау идеясы бірден туындай қойған жоқ. Ең бастысы, Арал ауданындағы халықтың негізгі қызметі балық шаруашылығы болғандықтан, қайыққа деген сұраныс үнемі жоғары деңгейде. Нарықты жете тексеріп, өзінің маркетингтік зерттеуін жүргізген Жансерік Нысанбаев шыны пластиктен қайық жасау жобасын жүзеге асыру шешімін қабылдады. Осылайша, жас кәсіпкердің жұмысшылары енді қайық жасау ісін қолға алды.

Өндірісті кеңейтудің нәтижесінде кәсіпкер қосымша жаңа жұмыс орнын ашып, қарамағындағы жұмысшылар санын көбейтті. Компания тек жоғары сапалы өнім шығаруға бағытталған, сондықтан да жасалу кезінде әрбір тетігіне аса мән беріледі. Жансерік Нысанбаевтың айтуынша, мықтылығы мен сапалылығы ескеріліп, қайықтың бағасы қолжетімді деңгейге сәйкестендірілген.

Бұған дейін қайықтың пішінін жасау, желімдеу, бояу жұмыстарын қолмен істеген еберлер қазір процестің жартысын автоматты қондырғымен тындырады. 1 тоннадай жүк көтере алатын 4 түрлі қайық жасайтын аралдық ұсталар қажетті шикізатты Еуропадан алдырады. 3 күнде бір су көлігін құрастыратын шеберхананың 8 қызметкері отандық өндіріс көлемін арттырмақ ниетте. Қайықтар Арал және Қазақстанның барлық өңірлеріне жеткізіліп жатыр. Кәсіпкердің негізі ұстанымы отандық өндіріс саласын дамыту. Қазіргі таңда жиһаз және қайық өндірісі толық қуатымен жұмыс істеп тұр. Осы уақытқа дейін 100-ден аса қайық шығарылды, бағалары 450 мың теңгеден басталады. Болашақта шыныталшықты құрылыс материалын өндіру жоспарда бар.

Табыстың көзін тауып, аудан балықшыларын сапалы әрі ыңғайлы қайықпен қамтамасыз етіп жүрген жас кәсіпкер Жансерік Нысанбаевтың тың ісі жастарға үлгі боларлық жоба деп білеміз.

Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: