Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары Чэнду қаласында жалғасты, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Алдымен аймақ басшысы «China Minmetals Corporation» және «Hunan Nonferrous Metals Corp., Ltd» компанияларының жетекшілерімен кездесіп, «Шалқия» жобасы бойынша келіссөздер жүргізді.
«Қызылорда облысы – әріптестік пен инвестициялар үшін зор әлеуеті бар, қарқынды дамып келе жатқан өңір. Минералды шикізат ресурстарымен, атап айтқанда мұнай, газ, полиметалл және уран кеніштерімен ерекшеленеді. Облыс аумағында қара және түсті металдардың, пайдалы қазбалардың және сирек кездесетін элементтердің қоры бар.
Бүгінгі делегация құрамындағы «Шалқия Цинк» серіктестігінің басшысы Асқар Тлеулин кен орнында мырыш пен қорғасын өндіру жобасын кеңінен таныстырады.
Біздің өңір пайдалы қазбаларды барлау, өндіру және қайта өңдеу саласындағы жобаларды іске асыру үшін айтарлықтай әлеуетті», – деді Н.Нәлібаев.
Сондай-ақ, облыс әкімі мұнай-газ саласындағы «Shaanxi Yanchang Petroleum Group» және ауыл шаруашылығы саласындағы «Tongwei Group» компаниялары басшыларымен кездесіп, инвестиция мәселесін талқылады.
«Қызылорда облысы – агро-индустриалды аймақ. Облыс аумағында мұнай өндірумен және барлаумен 49 кеніште 25 компания айналысады. Егін, мал шаруашылығының жылдар бойы қалыптасқан жүйесі бар. Кейінгі жылдары егіс алқаптарын әртараптандыруда, мал басын көбейтуде ауқымды жұмыс атқарылды. Компанияларыңыздың оң тәжірибесін үйренуге, бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз. Облыс әкімдігі қолданыстағы заңнанма аясында өз тарапынан қолдау көрсетеді. Қызылорда облысының әлеуетімен жақынырақ танысу үшін сіздерді арнайы іссапармен келуге шақырамыз», – деді Н.Нәлібаев.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!