Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жобалар жетістікке жетелейді

28.01.2020, 12:10 626

«Арал – әлем назарында». Біршама уақыт бұрын осы сөздің қанатты қағидаға айналғаны естеріңізде шығар. Қашанда кез келген жаңалыққа елеңдеп тұратын қалам ұстаған қауым мұндай өзекті тақырыптан қалыс қалсын ба? Қойын дәптерін қалтасына салып, фотоаппаратын асынып, талай мәрте жолға шықты. Тулаған теңіздің орнында тұз аралас шаңдағы көкке ұшқан киелі атырапты әңгімесіне арқау қылды, тебірене толғап жырға қосты. Қалай десек те, бір кездегі адуынды теңіздің тұяқ серпер күйге түскенін дүйім елге паш етуге тырысқан да тілші деген ағайын екенін ешкім жоққа шыра қоймас.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деседі. САРАТС жобасының алғашқы кезеңі теңіз төскейіне қаншалықты серпіліс әкелгенін бұған дейін де сан мәрте жазып жүргендіктен, бұл жолы тоқталмаған абзал болар. Алайда жұмыр басты пенденің арманы таусылған ба? Осы тұрғыда аралдық ағайынның көкейінде жүрген нәзік арманын жеткізе кетсек. Ол – өңірдегі ілкімді істер одан әрі жалғасын тапса деген игі тілек. Оған қоса, бұлай ойлауға негіз де табылады.

Өткен жылдың маусым айында ҚР Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаров сол кездегі аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевпен бірге «Көкарал» бөгетінде болып, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС-2) жобасының ІІ кезеңін іске асыруды талқылағанын атап кетсек. Бұл оқиға теңіз перзенттерінің көңіліне қуаныш пен үміт ұялатқаны айдан анық.

Теңіз төскейіндегі ағайынның басты табыс көзі балық аулау кәсіпшілігі екені белгілі. Аудан аумағында балық шаруашылығы үшін маңызды саналатын Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар. Өткен жылы Кіші Арал теңізінен, Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесінен 7067 тонна балық аулау лимиті бекітілген болатын.

Аудан бойынша жылдық қуаттылығы 19900 тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Аталмыш зауыттардың тең жарымы балықты тереңнен өңдесе, қалғаны балықты қатыру, мұздату, ыстаумен айналысады. Сондай-ақ, «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС мен «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» белгісін иеленген.

2019 жылы 3157 тонна балық ауланып, 3100 тонна балық өңделгенін жеткізе кетейік. Оған қоса, Ресей, Қытай, Германия, Польша, Нидерланды, Грузия, Украина, Әзербайжан, Қырғызстанға экспортқа шығарылуы – ауыз толтырып айтарлықтай жетістік.

Дәстүрге айналған Арал өңірі балықшыларының V слетіне облыс әкімінің орынбасары, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы, балық шаруашылығы саласындағы республикалық және халықаралық ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері мен аймақтағы балық шаруашылығының ардагерлері, Ақтөбе мен Түркістан облыстарының өкілдер қатысуы шара маңызын айқындай түсті.

Бүгінгі таңда Арал ауданының индустриялық аймағында құны 239,8 млн теңгені құрайтын 3 жоба іске асырылуда. Олардың арасында құны 169,8 млн теңгелік «Берекет» ШҚ-ның «Ет және ет өнімдерін өндіру, тұшпара цехын салу», «Жаңа Арал» ЖШС-нің «Қаптама кірпіш шығару өндірісі» жобасы іске қосылды. Бұл бірқатар азамат жұмыспен қамтылды дегені аңғартады. Сонымен қатар, жуырда өңірлік индустрияландыру картасына және индустриялық аймаққа жылдық қуаттылығы 130 мың тонна дайын өнім өндіретін «Qazaq Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау» жобасын енгізу жоспарлануда. «Жақсы жоба – жаңалық жаршысы» деп тегін аталмаса керек.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: