Қызылордалық Тұрсын Төлепов 2013 жылдан «Абзал мебель» брендімен тамаша жиһаздар шығарып келеді. Бұл іспен айналысуға бел буған алғашқы жылдары ол көбіне кішігірім тапсырыстар орындайтын. Арнайы жабдықтары да болмады. Ағаш жонып, барлық бұйымды қолмен жасайтын.
Дегенмен, тұтынушылар риза болып, үсті-үстіне тапсырыс беріп, соның арқасында өзін өзі қамшылаған кәсіпкер уақыт өте келе жақсы нәтижелерге қол жеткізе бастады. Тапқан табысын ісін дамытуға салған ол қазір аймақтың жиһаз өндірісі нарығындағы көшбасшылардың біріне айналды.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жазуынша, кәсіпкер Тұрсын Төлеповтің цехы үй мен кеңсеге арналған жиһаздың кез келген түрін өндіреді. Өндіріс қуаты – 7500 тонна. Жұмыста Еуропа, Түркия және Ресейде жасалған тек премиум материалдар мен жабдықтар қолданылады.
Жиһаз өндірісіне жабдықтар сатып алу мақсатында «Еуразиялық банктен» қарыз алды.«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» бағдарламасы аясында «Даму» Қоры несиенің пайызын субсидиялап, қолдау көрсетті.
Кәсіпкердің өндірістік цехы жиһаз өндірісінің барлық циклы – материал жинаудан бастап дайын өнім шығарып, орауға дейінгі процесті жүзеге асырады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!