Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жетігеннің» жетістігі

08.06.2021, 16:40 587

Қазақтың қоңыр үнді домбырасы өткеннен бүгінге жетіп, бүгіннен болашаққа жол тартып барады. Ғасырлардың куәсі болған бұл қозықұйрық аспап қолда тұрғанда ұлтымыз, ұлттық рухымыз мәңгілік болмақ. Көне заманнан бері ұмытылмай ұстаздан шәкіртке, атадан балаға мұра болып келе жатқан домбыра жасау өнері әлі де жалғасын тауып келеді. Аузының салымы барлар атакәсіпті үлкен жобаға айналдырып, мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жеке бизнес қылып дөңгелетіп отыр. Сыр бойы халқы қашанда ән, күйге құмар, домбыраға жақын болғаны көпке аян. Қазақты домбырамен танисың деген сөз бар. Атақты дәулескер күйші немесе өнерпаз әнші болмасаң да, төрде ілулі тұрған домбыраны шертіп, перне буындарымен жағымды әуез шығарып отыруың қажет. Ал бұл үшін қала халқына «Жетіген саз аспаптар» ЖШС өзінің шебер туындыларын ұсынып жүр.

Бит қабығынан биялай тоқып жүрген шеберлердің қолынан домбыра ғана емес ұлттық аспаптың түр-түрі келеді. Аспаптарды тұтынушының талғамына қарай жасайды екен. Тіпті шетелден келген қымбат ағаштан жасалған домбыралар бар. Олардың бағасы да сапасына сай, қымбат. Ал аспаптарға ою-өрнек салуға жаңа технологиялар көмектеседі. Қазіргі таңда мекемеде ұстахана мен арнайы дүкен бар. Бұның барлығын алып, заманауи техникалармен жабдықтау үшін мемлекеттік бағдарламалардан несие ұтып алған екен. Кәсіпкер «Нәтижелі жұмыспен қамту жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Қызылорда» өңірлік инвестицияялық орталығы арқылы 14 млн теңге қаражат алған.

Біз 2017 жылы ашылдық. Бастапқыда бұл кәсіппен Шиелі ауданында, әкеміздің шеберханасында айналыстық. Одан кейін Алматыда оқып, осы салада жұмыс істеп жүрген көптеген шеберханаларда шеберлігімізді арттырдық. Уақыт өтіп, бар қыр-сырын үйренген соң, атакәсіпті Шиелі ауданында жаңғыртып, осында жаңа шеберхана аштым. Екі жылдай сол ауданда жұмыс істеп, нәпақамызды тауып жүрдік. Түрлі көрмелерге де қатыстық. Сондай көрмелердің бірінде сол кезде облыс әкімі болған Қырымбек Көшербаев ағамызбен кездестік. Домбыраларымды көріп, кәсібіммен танысқан соң қалаға шақырды. Мұндай шеберханалар өңірде аз болғандықтан Қызылорда қаласында жасалғаны дұрыс деді. Сол кісінің қолдауымен бүгінде облыс орталығында жұмыс істеп жатырмыз. Сұраныс жоғары, арнайы мекемелерден бөлек қала халқы да домбыра іздеп жиі келіп тұрады. Барлығына бірдей, сапалы дүние әзірлеуге барымызды саламыз, – деді кәсіпкер Біржан Ділманов.

Кәсіпкерлер бөлімін аралап, қолдау іздеген азамат 6 пайызбен несие алып, жаңа шеберханасын түрлі жабдықтармен толтырған. Сондай-ақ, 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өздерінің айтуынша, ұлттық аспаптардың 30-дан астам түрін жасайды екен. Аймағымыздағы бірнеше ауданға ансамбль, оркестр аспаптарын жасап берген. Бұл жерден шыққан аспаптар аймағымызбен шектелмей еліміздің басқа да өңірлеріне өтіп жатыр.

Қазіргі таңда шеберханадағы ең қымбат домбыра Африкадан келген «қара ағаштан» жасалған домбыра екен. Бұл домбыраны серіктестік басшысының өзі жасаған және оған алты ай уақыт кеткен. Ал қарапайым аспаптарға арналған шикізатты Алматыдан алдырады. Ағаштың тек жоғарғы сорттарын ғана таңдайды екен. Ақысын төлесе, кез келген дүние жасап шығуға дайын екендерін жеткізді. Арнайы мекемелермен бірігіп, жұмыс істеуде. Мемлекеттік сатып алудың да қыр-сырын меңгерген екен. Сол арқылы көптеген мәдениет үйлерін аспаптармен толтырып отыр.

Мұндағы аспаптар бағасы сапасына қарай әртүрлі. Кезінде халқымыз домбыраны бір ағаштан бүтіндей шауып жасайтын болған. Ол үшін ағашты әбден кептіреді. Бір ағаштан шауып жасалған домбыраны бүгінде көбіне тек дәстүрлі әншілер ғана сатып алады. Танымал күйшілер мен жыршылар «Жетіген саз аспаптар» шеберханасының тұрақты тұтынушысына айналып үлгерген. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, жемісін жеп отырған кәсіпкерлердің қарасы көбейіп келеді. Жаңашыл дүниені ұсынған азаматтарға жауаптылар қолдауын аямауда. Сол үшін мұндай ел тарихынан сыр шертетін кәсіптердің тағдырына алаңдаудың қажеті жоқ. Шеберхананың жұмысына сәттілік тілеп, мәңгілік ұлттың өлмес үніне айналған көне аспапқа құйқылжытып ән сала бер дегіміз келеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: