«Барды бар, жоқты жоқ» дейтін халықпыз ғой. Атқарылған жұмыстың нәтижесін көрсетуге асығамыз. Осыған сай, өңірде мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, оны түрлі сала бойынша игеріп, жаңа технологиямен жабдықталған цех жұмысын жандандырып жатқандар көп. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы ұйымдастырған баспасөз турында осы жұмыстардың бірсыпырасына шолу жасауға қаладағы өндіріспен айналысатын кәсіпорын нысандарына бардық. Соңғы уақытта аймақта өндіру саласы оң тенденцияға түскен. Сөзімізге дәлел болатын дүниелер көп. Соның ішінде шаһардағы сабын шығару ісін қолға алған азаматты тілге тиек етіп өткен жөн.
Үкіметтен қайтарымсыз 4,5 млн теңге грант ұтып алып, кір жуатын ұнтақ шығаруды қолға алған Дәулет Ізбасар бұл жұмысын 2 ай бұрын бастаған екен. Қоспаларды Алматы қаласынан жеткізіп, соның нәтижесінде 1 келісін 450 теңге, яғни нарықтан төмен бағада сатып, кәсібін жүргізіп отырған жайы бар. Ол алғашында өз қаражаты есебінен кір сабын шығаратын шағын цех ашып, «ТAZA» брендімен кір сабын шығаруда. Қос тірлікті иекемдеген азамат мұнан бөлек, қалада заңгерлік кеңес беретін орталығы барын жеткізді. Алдағы уақытта тазалау қоспаларының түр-түрін шығаруды ниет еткен кәсіп иесі кең көлемде цех ашып, жұмысшылар қатарын көбейтуді жоспарлап отыр.
– Ең бірінші 2019 жылы кәсіпкерлікке тіркеліп, «Әділет» жеке кәсіпкерлігінің жұмысын бастадым. Түрлі қызмет көрсету бағытындағы іспен айналыстым. Осылай 2021 жылы өндіріс саласына бет бұрып, сол жылдың 5 қаңтарынан бастап, өз қаражатыммен Өзбекстан мемлекетінен соңғы үлгідегі станоктарды алдырып, кір сабын шығаратын цехты іске қостық. Осыған дейін бұл өндіріс жұмысы тоқтаған жоқ. Біршама тұтынушы жинап, жұмысымызды жалғастыра бердік. Бастапқыда күніне 300-400 дана кір сабын шығаратын болсақ, қазір тәулігіне 2000 дана өнім өндіріледі. Содан бері кәсібімізді кеңейтіп, басқа да істі қолға алуды жоспарлап, кір жуатын ұнтақтың бизнес-жобасын әзірледік. Соның нәтижесінде облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жариялаған мемлекеттік қайтарымсыз гранттар конкурсына қатысып, үздік деп танылып, 4,5 млн теңге қайтарымсыз грантқа ие болдым. Жоғарыда айтып өткенімдей, жаңа станоктарды 2 ай уақыт бұрын ғана іске қосып, алғашқы бір тонна кір жуатын ұнтақты сатылымға шығардық. Иіссіз қоспаның адам денсаулығына тигізер зияны жоқ. Сонымен бірге, кір сабын да иіссіз етіп дайындалады. Мұнда бүгінде 20 адам тұрақты жұмыс істеп, отбасын асырауда. Алдағы жоспарым, бұған дейінгі соғылған бұрынғы цехтың орнына автоматтандырылған станоктарды сатып алып келу арқылы бұдан да басқа тазалау қоспаларын шағарсақ дейміз. Мәселен кір жуатын ұнтақтың өзге де түрлерін, ыдыс жуатын гел, денеге және шашқа арналған шампунь, сұйық сабындарды өндіріп, халықты одан әрі жұмыспен қамтуды көздеудемін, – деді «Әділет» өндірістік-техникалық көпсалалы кәсіпорнының басшысы Дәулет Ізбасар.
Тазалыққа қажетті қоспалар тұрғындардың күнделікті тұтынатын заттары екені белгілі. Сол үшін цех жұмысына сәттілік тілеп, ары қарай тағы да гранттың «жемісін» жеп отырған кәсіпорынға қадам бастық.
Тағы да соңғы үлгідегі технология. Жаңа техниканың жұмысы қызу үстінде екен. Әрине өңірде мұндай техника тек бір ғана дана дегенді естіп, көруге қызыққанымыз рас. Десе, дегендей-ақ. Көліктің моторын және одан бөлек қасындағы негізгі рөлге ие құрылғыларды бу арқылы тазалайтын құрылғы екен. Қаладағы жалғыз ғана аппарат жұмысын пайдаланатындар легі артқан. Бір көліктің моторын тазалау құны 3000 теңгеден басталып, қиындығы мен көлеміне қарай, бағасы да қымбаттай береді. Мұнда қазір екі адам жұмыспен қамтылған. Бірі жарнамалаушы болса, бірі – сол техника арқылы көліктерге қызмет көрсетуші маман.
– 2021 жылы мемлекеттен кәсіпкерлікті қолдауға арналған инновациялық бағдарламасына көлік моторын бу арқылы жуып, басқа да қызмет көрсетуге қауқарлы парогенератор техникасының қолданылу бизнес-жоспарын әзірлеп, соны ұсындық. Нәтижесінде арнайы қаржыландыру арқылы техниканы Италиядан алдырып, қазір күніне 10-15 көлікке қызмет көрсету үстіндеміз. Осы аппаратты қолданатын маманды арнайы техникалық оқытудан өткізіп, қызметін пайдаға асырудамыз, – деді «МТР» көлік жуу орталығының өкілі Әмірәлі Сәдуақас.
Әрине, сыртқы мемлекеттерден алдырған станоктар мен аппараттар біздің өндірісімізді өсіруге қызмет ететіні сөзсіз. Алайда, мемлекет осы үшін грант конкурсын жариялауының соңы табыстан бұрын шығынға алып келетін секілді. Үкімет азаматтарға миллиондап қаржы бөлгенімен, ішкі кіріске тек азғантай салық бюджеті ғана түседі. Бұдан бөлек, осындай гранттарға мыңдаған адамдар лайық деп танылып, қалтасын қалыңдатып жатырмыз. Нәтижесі көз қуантарлық деуге келмейді. Турасында грант арқылы кәсібін бастағандардың біршамасы шаруасын шатқаяқтатып алғаны көзге шыққан сүйелдей болып көрінеді. Ол – кәсіпкер атануға құлқы болғанымен, қабілеті жоқтардың артық екенінің көрінісі. Мемлекеттің қаржыландыруына ие болған дара кәсіпкерлерге мұндай техникалық база үкімет есебінен алып берілсе, қаражат үнемделер ме еді деген ой келеді. Артық шығынның шетін жинап, есепсіз қаражаттың үнемделер уақыты да келді. Тек соған идеологиялық жолмен жұмыс істеу ғана қалып тұр.
Жалпы, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастырған баспасөз турында жоспарланған 4 нысанның ішінде қос кәсіпорынның жұмысына зер сала алмадық. Бірінде шаруагер болмаса, бірінде өнім өнбей тұр екен. Десек те, «жақсыны көрмекке» дейміз ғой, алдағы уақытта жұмысы «қайнаған» өндіріс орны жайлы қалам тербеуге бармыз. Тек жүйелі жоспар мен үделі іс болса жеткілікті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!