Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдариялық кәсіпкер: «Қыс, көктем мезгіліндегі көкөніс тапшылығының алдын алуға үлес қосқым келді»

17.02.2025, 10:55 172

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, кәсіпкерлерге қолдау көрсетуі алғашқы нәтижелерін беруде.

Былтыр бұл мақсатқа 1,5 млрд теңге бөлініп, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы өңір кәсіпкерлеріне жеңілдікпен несие берілген еді.

Бөлінген қаржыдан үлесін алып, кәсіпке бағыттаған жандардың бірі – Сырдария ауданына қарасты Тереңөзек кентінің тұрғыны Әли Бермағанбетов.

Әли Бермағанбетовтің негізгі мамандығы – теміржолшы. Одан өзге он жылдан астам уақыт мұнай компаниясында еңбек еткен. Ауыл шаруашылығы саласы оған таңсық емес. 15 жылдан бері бақша дақылдарын өсіріп, өнімін алып үйренген.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан жеңілдікпен несие алдым. Оған картоп, бақшалық дақылдарды ектім. Тұрақты жұмысым бар, шаруаны жұмысшы алып, соған жасатқан едім. Бірақ басы-қасында өзім жүрмегеннен кейін ойымдағыдай дамыта алмадым», – деді Әли Бермағанбетов.

Ол қыс-көктем мезгілінде көкөністердің бағасы күрт өсіп, тапшылық болатынына талдау жасай келе жылыжаймен айналыспақ болады.

«Соңғы 2-3 жылдықта жылыжай шаруашылығын зерттей бастадым. Оңтүстік өңірлердегі осы саладағы азаматтармен пікірлестім, тәжірибе алмстым. Осылайша өзім жүргізіп көрмек болдым. Қаржы іздегенде Өңірлік инвестициялық орталықтың пилот жобаны жүзеге асырып жатқанын естіп, құжаттар тапсырдым. Құжаттарды жинақтауға аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары да көмектесті», – дейді сырдариялық кәсіпкер.

«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан былтыр 6 пайызбен 8 млн теңге жеңілдетілген несие алып, кәсібін бастап кетеді. Оған 300 шаршы метр жылыжай салады. Алған несиесі жылыжайды қажет барлық құрал-жабдықпен қамтуға мүмкіндік береді. Осы жылдың қаңтарынан қияр, кинза, укроп, салат жапырағы, көк жуа, лимон егіп тастайды.

«Сұраныс жақсы. Дәмдеуіш шөптер мейрамханалар мен кент тұрғындарынан ауыспай жатыр. Қиярдың алғашқы өнімін, бұйырса, наурызда аламыз. Қасымдағы көмекшілерім – отбасым. Жылыжайдың жұмысын жүргізуде кәсіби мамандар, агрономдармен кеңесіп отырмын. Зиянкестерден қорғануға арналған, өзге де дәрумендерін уақытылы пайдаланудамын», – дейді Әли Бермағанбетов.

Кәсіпкер ісін жолға қойғаннан кейін қосымша қызанақ өсіретін жылыжай салмақ.

Кәсіпкерлік мақсатта мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алуға қатысты сұрақтар туындаған жағдайда «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығына хабарласа аласыздар. Байланыс телефоны: 8 /7242/ 40-03-60, 40-02-37.

«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық

орталығының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: