Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр салысының сапасын саралайтын маман

04.03.2025, 17:20 30

Кәсіби дағдылар мен тәжірибені қажет ететін өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және басқа да көптеген салаларда сұранысқа ие жұмысшы мамандар – кез келген елдің экономикасының негізі. Жұмысшы кадрларсыз зауыттар мен фабрикалар дамымайды. Осындай мамандардың көмегімен жұмысы алға басып жатқан «Абай Дәулет» ЖШС көп салалы кәсіпорын. Серіктестікте 180-нен астам өз саласының жоғары білікті мамандары жұмыс істейді. Солардың бірі – күріш ақтау зауытында зертхана жетекшісі Сәуле Шакенова. Оның айтуынша мамандығы бойынша жұмыс істеп жүргеніне 40 жыл болған. 1985 жылы Алматы қаласынан оқу бітірген Сәуле Сағатқызы жолдамамен «Астық өнімдері» комбинатына жұмысқа орналасады. Содан бері сыр салысының тұтынушыларға сапалы әрі зиянсыз жетуі үшін тер төгіп келеді. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына келген зертхана жетекшісі күріш өндірісіндегі жұмыс тәжірибесімен бөлісті.

«Сыр елінің брендіне айналған күріш өсіру, өңдеу саласында жұмыс істеп келе жатқаныма биыл 40 жыл болды. «Диқан», «Абзал и К» зауыттарында да жұмыс істедім. Бүгінгі жұмысым «Абай Дәулет» серіктестігінде. Сырдария ауданындағы Бесарық ауылында орналасқан серіктестік мыңдаған гектар жерге күріш егеді. Олар шығаратын «Лидер» және «Янтарь» бүгінгі таңда ең танымал күріш сорттары. Өсіру кезінде жоғары сапалы тыңайтқыштар пайдаланылады. Бұл халықты экологиялық таза, сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Шикізатты өңдеу заманауи күріш зауыттарында жүзеге асырылады. Зауыттардың бірегейлігі – күріш қауызын ұнтақтайтын қондырғылар орнатылған. Осылайша, мұнда қалдықсыз өндіріс жолға қойылды. Күріш қалдықтары малға құнарлы жемге айналады. Компания өндіретін өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі ҚР СТ ИСО сапа менеджменті жүйесіне, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі менеджментіне сәйкестік сертификаттарымен расталады. Салмағы 5 кг, 10 кг, 25 кг заманауи қаптамадағы «SYR DANI» сауда маркасымен күріш ішкі нарықта сатылып, көрші мемлекеттерге де экспортталады. Менің жұмысым зертханада халық сұранысына сай тағамдардың қауіпсіздігін бақылап, еліміздің және халықаралық стандарттарға сәйкес өнім дайындау. Сыр салысын өңдеу саласына қызығушылық танытқан жастарға мүмкіндік көп. Біздің жұмысшылар тұрақты біліктілігін арттырып, маман ретінде тәжірибелерен өтіп тұрады. Жаңа технологияларды игеріп, саланың дамуына үлес қосуда, – деді Сәуле Шакенова.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: