Кәсіпкерлік саласы өңірдің экономикалық қарқынын арттыратын маңызды бағыттардың бірі. Табанды еңбек пен тұрақты ізденістің нәтижесінде бүгінде отандық бизнес қарқынды дамып, өз орнын айқындап келеді. Осы салада ерекше жетістікке жетіп, өңірдің абыройын асқақтатып жүрген қызылордалық кәсіпкерлер Мемлекет басшысының қолынан “Алтын сапа” мен “Парыз” сыйлықтарын иеленді. Жеңімпаздар бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына келіп, жетістікке жету жолындағы тәжірибелері мен әсерлерімен бөлісті.
- Биыл шілде айында өзіміздің өңірде «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсы өткізіліп, 9 жеңімпаз анықталды. Ал, 12 тамыз күні облыс бойынша өңірлік сараптама тобының отырысы өткізіліп, «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурсқа қатысушылардың материалдары қаралды. Өңірден «Асыл Дән» ЖШС, «Марал-Нұр» ЖШС, «Таң LTD» ЖШС өтінім берді. Нәтижесінде «Жылдың үздік азық-түлік өнімдері / ауыл шаруашылық өнімдерін шығаратын кәсіпорын» номинациясы бойынша «Асыл дән LTD» ЖШС, ал «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Марал-Нұр» ЖШС жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, “Парыз-2025” байқауы бойынша «Қазатомпром» АҚ-ның еншілес кәсіпорны – «СКЗ-U» ЖШС-нің «Экологияға қосқан үлесі үшін” номинациясын иеленді,- деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық.
– Қазақта «Бейнеттің зейнеті бар» деген сөз бар, міне, біз бірнеше жыл маңдай терімізді төгіп жасаған еңбегіміздің нәтижесін мемлекетіміз қолдап, лайықты марапатқа ие болдық. Біз өте қуаныштымыз. «Марал-Нұр» компаниясы Қызылорда облысында ең бірінші болып теміржол көлігімен жолаушылар тасымалы қызметімен айналысамыз. Бұл салада еңбек етіп келе жатқанымызға 15 жылдан астам уақыт болды. Бүгінде 226 адамды тұрақты жұмыспен қамтып ғана қоймай, 5 облысты қамтитын екі облысаралық бағытта жолаушылар тасымалын жүзеге асырып, жыл сайын 800 мыңнан аса жолаушыға қызмет көрсетеміз,- деді «Марал-Нұр» ЖШС-нің құрылтайшысы Мұрат Нұрсейітов.
– Бұл марапат біздің компаниямыз үшін үлкен мәртебе, ерекше жетістік. Осы «Үздік тауар» атағын алу үшін біз бірнеше тексерістерден өтіп, тауарымызды сертификаттадық. Бұл атақ алдағы бес жылда бізге өз көмегін көрсететін болады. «Асыл дән LTD» ЖШС 2013 жылы құрылды. Ол еліміздегі жетекші күріш өңдеу кәсіпорындарының бірі әрі бірегейі. Бүгінгі таңда компанияда 63 білікті маман еңбек етеді. Компания «Лидер», «Янтарь», «Элита», «Баракат» сортты жылтыратылған күрішті, сондай-ақ терең өңделген күріш ұнтағы, жарма сындықтары, қауыз және тары секілді өндіреді. Сапаны қатаң бақылау мен өндіріс процестерін үздіксіз жетілдірудің арқасында компаниямыздың өнімдері Қазақстан аумағында және шет елдерде тұрақты сұранысқа ие,- деді «Асыл дән LTD» ЖШС директоры Нұрлан Алдамжаров.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!