Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада 900-ден аса кәсіпкердің құқығы қорғалды

13.12.2022, 16:45 244

HALYQLINE.KZ Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары 11 айда 900-ден аса кәсіпкердің құқығын қорғап, 1 млрд теңгеге жуық ақшасын сақтап қалды. Кәсіпкерлер құқығын қорғау үшін үш айдан жылға дейін сот табылдырығын тоздырған.

Кәсіпкерлер палатасы қызметінің басты бағыттарының бірі – кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүддесін қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту.

Биыл 11 айда Палата заңгерлері құқығын қорғауды сұраған 464 өтінішті қарады. Оның 129-ын нақты шешіп, 87-сін зерттеп жатыр. Ал қалған өтініштер бойынша кәсіпкерлерге түсіндірме берді.

Проблемаға айналған үш сала

Кәсіпкерлерден түскен өтініштерге жасалған сараптама Қызылордада бизнесті алаңдататын үш саланы көрсетіп отыр. Олар: мемлекеттік сатып алу, ауыл шаруашылығы және салыққа қатысты мәселелер.

Сатып алу бойынша мемлекеттік орган өкілдеріжасалған жұмыс, жеткізілген тауар, көрсетілген қызметтердің актілерін бекітпей, уақытылы төлем жүргізбеген.

«Бұл мәселе бойынша біз жүзден аса өтінішті қарадық. Ондағы қаржы көлемі 50 мың теңгеден 15 млн теңгеге дейін жетеді. Нәтижесінде әзірге оларға 27 млн теңгесін мемлекеттен өндіріп бердік», – дейді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Құлмахан.

Ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген кәсіпкерлерді субсидия проблемасы жиі мазалай бастады. Бақылаушы-қадағалаушы органдар ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау заңдылықтарына тексеру жүргізіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден мемлекеттен берілгенқолдау қаржысын бюджетке кері қайтару туралы талап қойды.

Осы сұрақ бойынша Палата заңгерлері 80-нен аса кәсіпкердің құқығын сотта қорғап, 200 млн теңгеге жуық қаржысын сақтап қалды.

Негізгі проблемалардың үштігін салыққа қатысты мәселе, соның ішінде мәмілелерді жарамсыз деп тану түйіндейді.

Облыста көлемінде сотқа мәмілерді жарамсыз деп тану туралы түскен талап арыздардың 99 пайызы мемлекеттік кірістероргандарымен берілген. Былтыр сотта 145 арыз қаралса, биыл 225 болды.

Әр іс бойынша сотқа кем дегенде екіден төрт кәсіпкерге дейін тартылып жатыр.Соттың тек бірінші сатысында қаралу мерзімі 3 айды құрайтынын ескерсек, апелляциялық, кассациялық сатыларын қоса есептегенде кәсіпкердің аталған дау үшін 3 айдан 1 жылға дейінгі уақыты кетеді.

Қазір мемлекеттік кірістер органдарымен сотқа мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қою бойынша Қызылорда республика көлемінде Алматы, Астана қалаларынан кейін 3 орында тұр.

Бұл күрделі сұрақты кәсіпкерлер өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов пен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміровтің алдында да көтерді.

Осы жеке қабылдауда Рустам Жүрсінов проблеманы шешудің маңыздылығына тоқталды.

«Мен үшін бұл – елдің ұлттық экономикалық қауіпсіздігіне қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан мәселені Президенттің қарауына ұсынамын», – деді бизнес-омбудсмен.

Қазір Кәсіпкерлер палатасы облыстық сот, прокуратура, мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесе мәселені зерттеп, шешу жолдарын қарастырып жатыр.

Бұдан бөлек Палатаға түскен арыздарда жер, құрылыс, сәулет және табиғи монополиялар салаларына қатысты проблемалар да бар.

Түскен өтініштерге палата басшысының пікірі

Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов кәсіпкерлерден түскен өтініштерге талдау жасалғанын атап өтті.

«Талдау барысында 46 арыз бойынша мемлекеттік органдар рұқсат беруді рәсімдеу барысында заңнамада қаралмаған қосымша құжаттарды талап еткенін, 44-інде кәсіпкерлердің арызын салғырт қарағанын анықтадық. Ал, өтініштердің 40 пайызы кәсіппен айналысатын азаматтардың заң талаптарын толық біле бермейтінін көрсетті. Әріптестерімізбен ақылдаса келе, алдағы уақытта кәсіпкерлікке қатысы бар заң талаптарын әртүрлі алаңды пайдаланып түсіндіруге басымдық бермекпіз, – деді Пірмұхаммед Сыздықов.

Кеңесте 200-ден аса кәсіпкердің құқығы қорғалды

Палата жанында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс істейді.

Осы жылы кеңестің 10 отырысы өтті. Онда кеңес мүшелері 18 мәселені қарап, мемлекеттік органдарға 55 ұсыныс берді. 17 ұсыныс орындалып, 13-ін зерделеп жатыр. Нәтижесінде 200-ден аса кәсіпкердің құқығы мен заңды мүддесі қорғалды,  5 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Әкімшілік кедергілермен жұмыс, ұсыныстар

Палата заңгерлері биыл кәсіпкерлер жиі кездескен, әкімшілік кедергі келтіретін жүйелі 17 мәселені арнайы тізілімге енгізді. Оның 8-і оң шешілді, қалғанын әзірге мемлекеттік органдар қарап жатыр.

Сонымен бірге, Палата мамандары жергілікті атқарушы органдар ұсынған 94 қаулы және шешім жобасына сараптамалық қорытынды берді. Қолданыстағы заң талаптарына қайшы келетін немесе кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіретін талаптарды анықтап, 24-іне өзгерістер енгізуді ұсынды.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: