Қазақтың кәсібі «бір нәрсені ашу керек еді» дегенмен бітеді емес пе? Сол «бір нәрсені» ашып, ары қарай дөңгелетіп алып кеткен азаматтар да бар. «Қимылдаған қыр асады» демекші, кәсіптің «қырынан» асып, «сырына» қаныққандардың қазір асығы алшысынан түсіп тұр. Олай дейтініміз, соңғы уақытта отандық өнімге деген қызығушылық жоғары. Елімізде жиһаз саудасы бойынша нарықтың 70-80 пайызы отандық өнімге тиесілі екен. Ал кәсіптің бұл түрі Сыр өңірінде қалай дамыған?
Бірде Міржақып Дулатұлының мақалалар жинағын оқып отырғанымда қазақ жайлы жазған ойына көзім түсті. Онда «Заман талас-тартысқа айналды. Қара күнін қайғырмай қамсыз жатқан қазақ болмаса, ұшқан құс, жүгірген аңның бәрі де тіршілік жабдығында. Жағаласпай, жармаспай ешкім қатардан орын бермейді» делінген. Шынында, болашаққа кәсіп ашып қамданған қазақ аз. Ал өндіріс жолында жүргендер мүлдем жоқтың қасы. Міржақыптың бұл сөздерді айтып кеткеніне бір ғасырдан астам уақыт өтті. Оның өзектілігі қандай? Қазақ сол қамсыз атынан айырыла алды ма? Міне, осы сұрақтар толғандырып қойған болатын. Солай жүргенімде «Сыр жиһазы» фабрикасына жол түсті. Аты айтып тұрғандай, жиһаз, сондай-ақ тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтар істеумен айналысады екен. Барғанымда нағыз жұмыстың қызып тұрған уақытына дөп түсіппін. Барлық жұмысшылар өз жұмыстарымен әлек. Мекеменің ішкі бөлігінде дырылдаған техника дауысының өзі де шебер естілетіндей. Ағаш жонған ісмерлердің жұмысы көздің жауын алады. Қазақта «он саусағынан өнер тамған» деген сөз бар. «Тәңір тарту еткен» ұсталардың жасап шығарған ұлттық өнімдерін көріп, сол сөздің киесі осыларға қонған ба дейсің. Сұрастыра келе, бұл мекеменің 1997 жылы құрылғанын білдім. Қанағат Жанабекұлы деген кісінің бастауымен ашылған. Қазіргі басшысы Рүстем Ізтілеуов 2003 жылы осы мекемеге жұмысқа тұрған. Менімен пікірлесіп, мекемені таныстырған да – осы кісі. Бірнеше жыл жұмыс істеп, 2009 жылы мекемені жалға алған. Содан бері мекеме «Сыр жиһазы» аталып, қазіргі таңда қаланы жиһаздармен жабдықтайтын бірден-бір фабрикаға айналған.
Мекеменің толысуына мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы зор болған. 2018 жылы «Даму» қоры арқылы құрылғыларды жаңарту мақсатында банктен 30 миллион теңге несие алған. Қор арқылы несие субсидияланып, 6 пайыздық мөлшермен берілген екен. Қазіргі таңда мекемеде 30 адам жұмыс істейді. Тапсырыс көбейген уақытта жұмысшылар саны 50-ге дейін барады. Карантин уақытында жұмыс біршама тоқтағанымен қатаң режимді жеңілдету басталысымен-ақ тапсырыстар саны қайта көбейіп, қалыпты жағдайға жеткен екен.
– Қызылордалықтар көбінесе үй жиһаздарына тапсырыс береді. Оның ішінде асүй жиһаздарына сұраныс өте көп. Сонымен қатар, кеңсе жабдықтарын да істейміз. Мысалға, Қорқыт ата атындағы ҚМУ және мұнай компанияларынан тапсырыс көп болады. Солармен тығыз байланыстамыз. Кейбіреуімен 10 жылдан бері қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатырмыз. Одан бөлек, ұлттық нақыштағы бесік, күбі, оқтау секілді өнімдерді де шығарамыз. Тапсырыс берушінің талғамына қарай ағаш өнімінен жасалатын кез келген дүниені істеп беруге дайынбыз. Жалпы, біздің қаламызда біз секілді өндіруші фабрикалар өте аз. Сол үшін де бізге көрсетіліп жатқан қолдау ерекше. Көптеген сайыстарға да қатысып тұрамыз. Ел президетінің алғыс хатын алып та үлгердік. Әзірге жұмысымыз қарқынды жүріп жатыр,– деді «Сыр жиһазы» ЖШС басшысы Рүстем Ізтілеуов.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бизнесті несиелендіру деңгейінің төмендеуіне жол беруге болмайды. Ішкі нарықты толтыру және өндірісті ынталандыру үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыру артатын болады» деген болатын. Осы сөзі арқылы «Қарапайым заттар экономикасының» ел болашағы үшін маңыздылығын атап көрсеткен еді. Қазірде сол бастамалар өз жемісін беріп, халыққа қызмет көрсетуде.
Енді бірнеше жылда «Сыр жиһазының» «жауһарлары» қаламыздың әр үйіне сән келтіріп тұратын болады деп сенеміз һәм тілекші боламыз. Шаруа тынысымен танысу барысында шырылдаған жұмыс телефонының үні әңгімемізді бөле берді. Мен әңгімелескен уақыттың өзінде қаншама адам хабарласып, тапсырыс беріп жатты. Осыдан-ақ, жұмыстың жалпы қарқынына көзім жетті. Бүкіл қаланы жиһазбен жабдықтап, жұмысшыларына жалақысын үзбей беріп отырған кәсіпкерді көріп, көңілімдегі әуелгі күдік сейілді. Шынында, берілген мүмкіндіктерді қолданып, өз кәсібіңді ашу біздің елімізде өте қолайлы. «Айдай салдың малы өспес» демекші, жамбастап жатып жасауын сұрағанның сәресі сараң болатыны белгілі. Олай болса, осындай еңбекпен шираған жандардан үлгі алып, қара күннің қамын жасағанымыз дұрыс болар…
Бекзат АМАНОВ,
Н.Нұржаубай (сурет)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!