Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан мұнай-газы жаңа кезеңге қадам басты – Ақорда

13.02.2026, 14:55 55

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдап, мұнай-газ саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы есеп тыңдады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.

Кездесу барысында Президентке ұлттық компанияның 2025 жылы қол жеткізген негізгі нәтижелері мен биылғы стратегиялық міндеттері жөнінде мәлімет берілді. Асхат Хасеновтің айтуынша, былтыр Қытайдың CNOOC және Sinopec компанияларымен Атырау облысындағы Жылыой және Батыс Қазақстан облысындағы Березовский жобалары бойынша жер қойнауын пайдалану жөнінде келісімшарттар жасалған. Сонымен қатар Turkish Petroleum Corporation, BP және Хорват көмірсутегі агенттігі секілді ірі халықаралық ұйымдар Қазақстандағы перспективті учаскелерді зерттеуге кіріскен.

Президентке «ҚазМұнайГаз» бұрын кең көлемде зерттелмеген аумақтарда геологиялық барлау жұмыстарын күшейткенін жеткізілді. 2025 жылы сегіз іздеу ұңғымасын бұрғылау аяқталған. Ал 2029 жылға дейін тағы 24 ұңғыманы бұрғылау жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы инвестиция көлемі 900 миллион доллардан асады.

Ұсынылған есепке сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнай мен конденсат өндіру көлемі 26,2 миллион тоннаға жеткен. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. Сондай-ақ Батыс Прорва, Орталық Өріктау және Рожков кен орындарында газ өндіруді жылына қосымша 2,3 миллиард текше метрге арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Былтыр компанияның үш мұнай өңдеу зауытында 17,5 миллион тонна шикізат өңделген. Жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 13,6 миллион тоннаны құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,2 миллион тоннаға артқан.

Мемлекет басшысына мұнай-газ химиясы мен газ өңдеу салаларындағы жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы да таныстырылды. Сонымен бірге Маңғыстау облысында қуаты тәулігіне 50 мың текше метр болатын «Кендірлі» теңіз суын тұшыту зауыты пайдалануға берілгені айтылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық барлау жұмыстарын одан әрі жандандыруды және ірі инвестициялық жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Фото: Ақорда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: