Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарақұмда қой өргізген…

28.04.2022, 10:00 722

HALYQLINE.KZ

Өткенді білмей, оны еске алмай, өнеге тұтпай кемел келешек қалыптастыру бола қояр ма екен? Тарихын білмеген, ұлттық салтын сақтамаған, адам еңбегін бағаламай, жақсысын жамандаған жерде іс алға баса ма? Әсіресе, аға буынның атқарған қызметін ардақтап, бағалап отырса, елге еткен өлшеусіз еңбектің еш болмайтынын бүгінгі ұрпақ та білер еді. Көзі жетіп, адал еңбекке құштарлық танытар еді. Сондай ынта мен ұмтылыс пайда болары анық қой.

Қош, ардагерлерімізді ардақтап, қарттарымызды құрметтеген халықпыз. Жұртқа жалау болған жақсы ағалар әрқашан жанымызда жаттаулы, көңілімізде сақтаулы. Соның бірі – Қазалы ауданында туған, ғұмыр бойы бел жазбай бейнет қылған шопан, соғыс және еңбек ардагері, марқұм Жәрмедет Ысқақов. Қарақұм қойнауында қой өргізген қарияның бүгінгі буынға берер ісі де, сөзі де үлгі боларлық қасиеті жетерлік.

Жәрмедет қария 1923 жылы Қазалыдағы «Арықбалық» ауылдық кеңесінде дүниеге келіпті. Жұртпен бірге жасынан еңбекке араласқан оның 1942 жылы майданға шақырылып, 1948 жылы аман-есен елге оралуы бөлек хикая. Кавказ жері, Литва және Түркиямен шекара аймағында болған қазалылық жауынгер бірнеше орден-медальды кеудесіне тақты. Ал соғыстан кейінгі ел тұрмысының жақсаруына бел шеше араласқан жігіт Жәрмедеттің еңбек жолы осы аудандағы «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы совхозға шопан болуынан басталды. Бұл өткен ғасырдағы 50-жылдардың басы еді.

Құдай қосқан қосағы Айбала екеуі ен далада қой бақты. Ел аузындағы «Қарақұм дегенше, қарағым десеңші» дейтін сөздің жаны бар. Малдың қоңын қисайтпайтын, шөбі шүйгін, оты қалың Қарақұм жайылымы қой өрістетуге жайлы қоныс еді. Әдепкі жылы осындағы «Шөлқұм» жерінде, аға шопан Шоқым Ырғызбаевқа көмекші болған жас отбасы кейіннен бөлек отарға ие болды. Ашхабадтан келген бес жүз бас қаракөлдің жай-күйіне жауапты Жәрмедет пен жары екеуі болатын.

КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Шәкірат Дәрмағамбетұлы өзінің «12 жылда – 20 отар» атты мақаласында «1955 жылы тұсағында-ақ әр жүзінен 107 қозы алады. Осы отарды тоғыз рет төлдетіп, әр жүзіне 129-144-тен төл келтіріп, елтірісін бірінші сортпен тапсырады. Б.Молымбетов пен Ж.Сәтпаевқа өз алдына қозы отарын жасақтап беріп, 1964 жылы күземнен кейін өзі тұсақ бағады. Бұл отарды да алты жыл төлдетіп, 130-148-ден төл алады…» деп жазады.

Қарақұмда қой баққан Жәрмедеттің төккен тері текке кетпеді. Ол «Бесжылдық белсендісі», «Еңбек үздігі», «Социалистік жарыс жеңімпазы» төсбелгілерімен қатар, көптеген «Құрмет грамоталарын» иемденді. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің «Алтын медалін» жеңіп алды. Бірнеше медальмен бірге, 1973 жылы Жоғары Кеңестің жарлығымен «Еңбек Қызыл ту» орденін кеудесіне тақты. Бұл марапаттардың қатарында ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» мен маршал Г.К.Жуков атындағы медаль де бар болатын.

– 1980 жылдың көктемінде Қызылордадағы ауыл шаруашылығы техникумын бітірген мені «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы совхоздың №1 фермасына жұмысқа жіберген еді. Ең алғаш жолықтырғаным бас шопан Жәрмедет Ысқақов болды. Бұрын атын сырттай естіген атақты шопанды қой төлдетіп жатқан отар басында кезіктірдім. Қыстан қоңды шыққан қойдың салалы жүні жалбырап, әр жерде бір-бір қозыдан ертіп жайылып жүрді. Арасында егіз төлін емізіп тұрғаны да бар. Түйедей төбел торы ат үстіндегі теңделген қоржынның ернеуінен де қозылардың басы қылтияды.

Азаннан кешке дейін төлдеген 30-40 қойды кешке барғанда түгел түсінен айырып, қозысын енесіне табыстырып береді екен Жәкең. Не деген ұқыптылық, ықтияттылық. Төлдейтін топты тек өзі бағады. Жұмыстас болған бір жылдай уақыт ішінде көп сырласуға мүмкіндік болмады. Бірақ сол аз кездесудің өзінде-ақ көп тәжірибе жинадым, – дейді ауыл шаруашылығы саласының ардагері Серік Меңдібай.

Расымен алдыңғы буыннан аға шопан жайлы сұрай қалсаңыз, оның тым еңбек сүйгіштігін айтады. Шопандық жолдағы ұстазы Шоқым Ырғызбайұлынан алған мол тәжірибесі оған көп көмектесіпті. Аса сабырлы, бейнетке төзімді, атан түйеге ауыр жүк болатындай ұзақ жылғы шопандық еңбек өтілінде төл алудан, жүн қырқудан, мал басын аман сақтаудан алдына жан салмаған Жәрмедет Ысқақовтың еңбегі шын дәріптеуге әбден лайық.

– Мен 1979 жылы «Шәкен» елді мекеніндегі №134 орта мектеп жанындағы интернатқа тәрбиеші болып келдім. Мұндағы 63 тәрбиеленушінің барлығы – малшы қауымның балалары. Солардың ішінде орталықтан 40 шақырым жерде тұратын аға шопан Жәрмедет Ысқақовтың балалары мен немерелері оқитын. Каникул кезінде үйлеріне апарып, алып келу менің мойнымда болғандықтан, жылына 3-4 рет малшылармен кездесіп, балалардың оқуы, тәрбиесі, үлгерімі жайлы пікірлесетінбіз. Сол кезде ағамыздың мінезі, үлкен-кішімен сыпайы сөйлесуі мені таң қалдырған, – дейді ардагер ұстаз Әзілхан Үмбетов.

Бар ғұмырын атакәсіпке арнаған шопанның атында жер атауы да қалған. «Шөлқұм» жұртына жақын жерде, өзі отырған қыстау «Жәрмедет» деп аталады. Сол маңайда бір баласы Төрехан Жәрмедетов әке жолын жалғап, төрт түлікті қатар өсіріп отыр. Жеке шаруа қожалығын ашқан. Ал дүниеге екі ұл, бес қыз әкелген аға шопан әулеті бүгінде әр салада қызмет етіп жүр.

– Әкем 1999 жылы өмірден өтті. Шопан болып, қой баққанмен көзі қарақты, сауатты жан еді. Тарихи жанрда жазылған әдеби кітаптарды көп оқитын. Қойшы ауылды жағалаған дүкеншілерден кітап әкелуді қатаң тапсыратыны есімде. Одан бөлек, Қарақұм жерінде бақша салып, отбасын қауын-қарбызға қарық қылатын. Жас шопандарға ақыл-кеңесін айтып, күн райы, жайылым жердің бағыты туралы сөз қозғайтын. Әлі есімде, күндіз ыстықтан оттамай қалған отарды түнде ай жарығымен бағып, малдың қоңын сақтады. Совхоз басшылары әкемнің бұл әдісіне ризашылық білдірген еді. Шүкір, балаларының барлығын оқытты, отбасы мен мемлекет алдындағы міндеттерін түгелдей орындап шықты, – деп қызы Гүлнәр Ысқақова өз естелігімен бөліседі.

Қарақұм беткейде тіршілік еткен ағайыннан «Жәрмедет кім?» десеңіз, білмейтіні кемде-кем. Әсіресе, «Шәкен» ауылының халқы майталман малшыны ерекше құрмет тұтады. Өйткені, оның жеке қасиетінен бөлек, атакәсіп – мал шаруашылығындағы озат тәжірибесі шаруа қуған бүгінгі жас жігіттерге үлкен үлгі болары хақ. Қой өрістетіп, қазақы тірлік кешкен ақсақалдың мұндай құрметті болуының басты себебі біреу-ақ. Ол – еңбек. Ал еңбек адамын есте қалдыру – бүгінгі ұрпаққа міндет.

Ержан  ҚОЖАС,

журналист

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: