Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіптің өзі – нәсіптің көзі

02.09.2022, 10:40 539

Ел аузынан «алуан-алуан кәсіп бар, таңдау біл де, талап қыл» деген нақлият сөзді естіп жатамыз. Бұл сөздің парқын түсінген адам еңбек ету мен кәсіпке кірісу жайын алдына мақсат етіп қоятыны рас. Қазіргі заманда бұрынғыдай бір шаруаның етегінде жүріп, отбасын асырау қаржы тапшылығына алып келуі мүмкін. Мұны басты ұстанымына айналдырған адамдар кәсіп қуып, нәсіп тауып жатқанынан да хабардармыз. Осы орайда облыста 1 шілдедегі мәлімет бойынша 60 мыңға жуық кәсіпкер тіркелген. Бейнет ете жүріп, зейнетін көріп жатқан жандарды жіпке тізуді жөн санап, соның ішінде Қазалыдағы шағын және орта кәсіппен айналысатын 5299 кәсіпкердің арасынан өнім өндіру бойынша жоғары көрсеткіш көрсетіп жатқан кәсіп иелерінің жұмысымен  танысқан  болатынбыз.

Ағаштан тұрмысқа қажетті дүние­лер жасайтын шеберлер аз. Дегенмен, осы салада жоғары жетістікке жетіп жүрген жандардың ішінде Талғат Ембергенов та бар. Мемлекет­тен 6 пайыздық жеңілдікпен несие алып, ағаш шеберханасының ірге­тасын қалап, одан кейін жоғары жылдамдықпен шаруаға кіріскен жеке кәсіпкер айына кем дегенде қос қабатты үйдің баспалдағы мен оған қажетті ағаш бұйымдарын шығарып келе  жатыр.

– Қазіргі уақытта өзімнен бөлек төрт адамды жұмыспен қамтып отыр­мын. Ағаштан әзірленетін кез келген бұйымды жасауға тапсырыс қабылдап, тұтынушының көңілінен шығатын деңгейде істеп беріп жатыр­мыз. Барлық станоктар мен қажетті құрал-саймандар алынған, заттарымыз түгел. Мұнда көпшілігі интернет арқылы тапсырыс береді, сонымен бірге, ауыл, аудан халқы да қажетті бұйымдарын істетеді.  Бола­шақта кәсіптің аясын кеңейту жоспарда бар. Мемлекеттің қайтарымсыз грантына өтінім беріп жатырм­ын, егер мақұлданса, шаруам­ды кеңейтіп, балалардың дамуына әсер ететін ерекше ойыншық түрлерін жасап шығару ойда бар. Әрине, ол ағаш өнімінен жасалатын болады, – дейді  Талғат  Ембергенов.

Бұл кәсіпті ең бірінші бауырымен бірге бастапты. Отбасы да осы шаруа­ның төңірегінен алыс емес көрінеді, бала кезден ағаштан жасалған бұйым­дарды көріп өскендіктен осы саланың түбін қазу ұзақ уақыт ойда жүргенін жеткізді. Алдағы уақытта кәсіп көлемін кеңейтсе, жаңа техникалық құрал-жабдықтар алып, ағаш шеберлерінің санын көбейтіп, аудандық деңгейдегі сұранысқа қауқарлы ұсыныс жасаймын деген мақсатын жеткізді.

Жалпы, биыл жыл басынан бері ауданда 711 кәсіптік нысан ашылып, бизнеспен айналысатындардың қатары толығуда. Жаңашыл бизнес идеяларға қолдау жоғары. Тек кәсіпке шынайы ниетпен кіріссең, соның өзі  жеткілікті.

Шынын айту керек, өңірде темірбетонды құдықтар шығаратын өндіріс орны жоқтың қасы. Мұны ойға алғандар дәл осы кәсіпті бастап, жұмысын жүргізіп жатыр. Әйтеке би кентінің тұрғыны Ұлан Меңдібаев темірбетонды құдықтар шығарумен айналысып келеді. Бетонды бұйымды үйінің ауласында жасап, үш жылдан бері нәпақасын тауып жатқан жандардың бірі. Мұндай дөңгелек темірбетонды құдықты су сақтауға, кәріз суын жинайтын орындарға пайдалануға болады  екен.

– Шығарып жатқан темірбетонды құдықтар, әсіресе мамыр, маусым және қыркүйек, қазан, қараша айларында өтімі жоғары болады. Бұған дейін мұндай заттарға қажеттілік аз еді, қазір сұранысы жақсы. Қолданатындардың қатары артқан, – дейді жеке  кәсіпкер.

Қазалыдағы кәсіпкерлердің легі мұнымен тоқтамайды. Бірі тәтті дайын­даумен айналысса, бірі ағаш, енді бірі темірден түйін түйіп, күнкөрісін көруде. Әсіресе ауылдағы ағайынның осы салаға ниеті болса, бастамасына қолдау білдіріп, кәсібіне көмектесеміз дейді сала маман­дары.

– Жыл басынан бері түрлі мемлекеттік жобалар шеңберінде 125 жобаға 1,5 млрд теңге көлемінде қайтарымсыз грант пен жеңілдетілген несие бөлінген. Әрбір ауылдық округте кәсіптік және қызметтік нысандар ашу жөнінде тапсырма берілді. Және қандай қызмет түрі қажет болса, сол сала бойынша ниетті кәсіпкерлерді тауып, соған қолдау білдіруге басымдық беріп жатырмыз, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің жетекші маманы Арыстанбек  Қанат.  

Мемлекет қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлікті қолдау аясында түрлі қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несие жобасын қолға алып, жүзеге асырып келеді. Ол дүниелерге көз жеткізіп, нәтижесін де байқап жатырмыз.

Бұған дейін жүргізуші куәлігін алатындар облыс орталығына келіп, техникалық емтихан тапсыратын еді. Енді Қазалы ауданында да жүргізуші куәлігін алуға болады. Жақын аудандардан да келіп, емтихан тапсырып, қажетті құжатқа ие бола аласыз. Өйт­кені мұнда автоматтандырылған емтихан алаңы салынуда. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда облыс орталығынан  алыста орналасқан 180 мыңнан астам халқы бар Арал мен Қазалы ауданы, Байқоңыр қала­сының тұрғындарына мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арт­тырып, оларды әуре-сарсаңға салмай, қолайлы мүмкіндік туғызатыны сөзсіз. Жобаны толық іске асырып, абаттандыру жұмыстарын аяқтауға 2022 жылға жасалған келісімшартына сәйкес, 11 млн 904,1 мың теңге қаражат қажет. Ол үшін облыстық бюджетке өтінім беріліп, қаржыландыру  күтілуде.

Аудандардың даму динамикасын бұған дейінгі мақалаларда сөз етіп келеміз. Бәсекеге қабілетті ортаны қалыптастыратын қаражат емес, қаражатты арттыратын кәсіп екенін естен шығармау қажет. Ол үшін бизнес бастаушылар легі көбейсе жеткілік­ті.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: