«Сананы тұрмыс билейді». Өмірдің өзі туындатқан қағида. Әсіресе, дағдарыс салқыны ел арасын шарлап жүрген қазіргі таңда күнделікті нәпақа табу әр адамға басты мәселеге айналғаны жасырын емес. Оған қоса, жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу еліміздегі негізгі әлеуметтік басымдықтардың бірі болып табылады. Мұны қолымыздағы дерек те тайға таңба басқандай айғақтайды.
«Қазалы ауданында жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда біршама төмендеді. Аудан бойынша 2020 жылдың 1 қыркүйегіне тіркелген жұмыссыз азаматтар саны – 1975 адам. Соның ішінде әйелдердің саны (996 адам, 50,4%) басым. Қазақстан Республикасында 2017 жылдың қаңтар айынан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарламаның басты мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылады» дейді біздегі мәлімет.
Хош делік… Бағдарлама діттеген жеріне жетуі үшін қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен, қысқамерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту тәрізді бағыттар назарға алынған. Әрі нәтижесі де көңіл көншітеді. Сөзімізді дәйекпен толықтыра кетсек. Қысқамерзімді қайта даярлау курсына жұмыс берушілер тарапынан кондитер мамандығына өтінімдер беруіне байланысты 20 адам қайта даярлау курсына оқуға жолданған. Ал «жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша 101 адамға несие беру жоспарланған. Бүгінгі күнге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Қызылорда филиалы 77 адамға, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы Микроқаржы ұйымы» арқылы 9 адамға несие беріліп, қосымша 20 адам несие алуға үйлестіру кеңесінен оң қорытынды алыпты.
«Ауыл – алтын бесік» дейміз. Ендеше, әр перзентінің сол алтын бесігінің келешегіне алаңдауы – табиғи құбылыс. Сондықтан аталмыш бағдарлама бойынша дала перзенттері де нақты қолдау иеленіпті. Ол үшін аталған бағытқа сәйкес қала, кент және ауылдық округтерде кәсіпкерлікті дамыту тұрғысында жыл басында жоспар жасалған. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант (стартап) бойынша 345 адамға қомақты қаржы қаралған. Бүгінгі күнге 345 адам мемлекеттік грант алып, кәсіптерін ашты, яғни жыл басындағы жоспар толықтай орындалды. Ал, ағымдағы жылдың 1 қазанына 545 адамға грант береді деп күтілуде. Аудан бойынша 935 адамға грант беруге қаражат қаралған. Сондай-ақ, «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негізде онлайн режимінде 246-сы оқуды аяқтаса, қалған 27-сі дәрісін жалғастыруда. Бұл бағыттағы көрсеткіш 109,2 пайызды құрағанын атап кеткен ләзім. Бағдарламаның үшінші бағыты «халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» деп аталады. Аталуының өзінен аңғарылып тұрғандай, өте маңызды бағытты құрайды.
2020 жылы әлеуметтік жұмыс орнына 50 адамға жалақыны субсидиялауға 25576,0 мың теңге бөлініп, 42 жұмыс берушімен келісімшарт жасалған. Қуаныштысы, әлеуметтік жұмысқа 99 адам жіберілсе, келісімшарты аяқталған 13 адам жұмыспен қамтылғанға ұқсайды. Келісімшарттары желтоқсан айында аяқталатын 78 адамның басым бөлігі жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Ел үміті жастардың ертеңі кім-кімді де бейжай қалдырмасы белгілі. Біздің естуімізше, «Жастар тәжірибесіне» 136 жасты жіберуге республикалық бюджеттен қаржы қаралған екен. Бүгінгі күнге 55 жұмыс берушімен жасалған келісімшарт бойынша жастар практикасына 136 адам жіберілген. Сонымен қатар, келісімшарты аяқталған 12 жас тұрақты жұмыспен қамтылған. Ақылы қоғамдық жұмысқа 950 адамды жіберуге жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға қосымша Ұлттық қордан да ақша қаралған. Осылайша 1035 адам қоғамдық жұмысқа жіберіліп, 37 адам тұрақты жұмысқа тұрған.
– Жағымды жаңалық жан жадыратады. Қазіргі таңда қайтарымсыз несие, әлеуметтік жұмыс орнына, ақылы қоғамдық жұмысқа қосымша қаржылар көптеп бөлінуде. Бағдарламаның үш бағыты тек еңбек нарығын сұранысқа ие мамандармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылдарда нәтижелі жұмыспен қамтуға жұмыссыз азаматтардың үлкен санын тартуға мүмкіндік береді, – дейді сала мамандары.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!