Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіпкерлер салыққа байланысты мәселесін жеткізді

24.02.2023, 9:30 529

HALYQLINE.KZ Қызылордада салыққа қатысты заң талаптарын орындамаған сауда саласындағы кәсіпкерлерге 5 млн-нан 45 млн-ға дейін айыппұл салынуы мүмкін. Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына әзірге 10 кәсіпкер көмек сұрап, өтініш берген. Ресми органдардың есебінде тұрғаны – шамамен 60-тан астам кәсіпкер.

Кәсіпкерлердің осы және өзге де мәселелері облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың төрағалығымен өткен жұмыс тобында қаралды.

Іс-шарада Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне жататын кәсіпкерлердің проблемасын жеткізді.

«Жылдық айналымы 20 000 айлық есептік көрсеткіштен артық кәсіпкерлер қосылған құн салығын төлеушілер қатарына енеді. Яғни кәсіпкерлер жылдық айналымы 69 млн теңгеден асқан жағдайда кірістер органына он күннің ішінде қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелуі керек. Алайда бұны сауда саласында жүрген көп кәсіпкер білмей қалып жатыр. Біз Палатаға түскен 10 кәсіпкердің өтінішіне талдау жасадық. Әрқайсына 5 млн-нан 45 млн-ға дейін айыппұл салынуы мүмкін», – деді Пірмұхаммед Сыздықов.

Отырысқа қатысқан «Қорқыт» сауда үйінің басшысы Зарина Ризванова арендаторларының, яғни жеке кәсіпкерлердің басындағы бұл мәселені шешу үшін қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне тұру шегін көтеруді ұсынды.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов бұл мәселе сауда саласында қызмет көрсететін біраз кәсіпкерге қиындық тудырып тұрғанын атап өтті. Сала басшысының айтуынша, республика көлемінде 2 мыңға жуық кәсіпкер осы проблемамен бетпе-бет келген. Оның 63-і – Қызылорда облысынан.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов Кәсіпкерлер палатасы мен кірістер департаментіне бірлесе ұсыныс дайындап, Қаржы министрлігіне жолдауды және уәкілетті мемлекеттік ұйымға түсіндірме жұмыстарын күшейтуді тапсырды.  

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: