Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал ауданының кәсіпкерлерімен кездесу өтті

23.02.2024, 9:45 1672

Атамекен кәсіпкерлер палатасын «Кәсіпкер мен билік арасындағы алтын көпір» десе, бүгінгі Арал ауданында өткен жиын соның айқын дәлелі болды.

Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов, палата директоры Пірмұхаммед Сыздық және облыстық кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Болат Нұрхожаев мемлекеттік мекеме, құзырлы орган, микрокредиттік ұйым өкілдерімен бірлескен жұмысшы тобын құрып, Арал ауданы кәсіпкерлерімен кездесу ұйымдастырды.

Алдымен палата өкілдері Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаевпен кездесіп, Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті дамыту Тапсырмасын талқылады. Сонымен қатар, Палатаның басты міндеті – кәсіпкерлерді қорғау және қолдау мәселесі айтылды. Әрі қарай, аудан әкімдігінің қолдауымен өткен жиынның шымылдығы жергілікті кәсіпкерлердің көрмесімен ашылды. Көрмеде 20-дан аса кәсіпкер өздерінің түрлі азық-түлік өнімдерін, қолөнер бұйымдары, тұрмыстық заттар өндірісінің және құрылыс заттары мен тігін шеберханасының өнімдерін ұсынды.

Сонымен бірге, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, «Байқоңыр» Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорациясы» АҚ, «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда филиалы, және «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы қаржы ұйымдарының өкілдері барша Аралдық кәсіпкерлерді жеке мәселелері бойынша қабылдап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Негізгі жиынды аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жүргізіп, мемлекеттік қолдаулар арқылы еліміздегі кәсіпкерлік саласын дамытудың маңыздылығына тоқталды.

Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов өз кезегінде Палата жұмысы мен Өңірлік кеңестің ондағы рөлін ашып айтты. Сонан соң палата директоры П.Сыздық жұмысшы топтың миссиясын және кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау түрлеріне тоқталды.

Сондай-ақ халық арасында мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізуге келген арнайы делегация аймақ көлемінде кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен ауылдық елді мекендерге 2,5 пайызбен несие қаражатын алуға мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасы жайында және аграрлық секторлардағы жаңалықтар туралы ой бөлісті.

Сонымен бірге 2024 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың ІІІ кезеңінің ерекшеліктері мен электрондық сауданы дамыту бағытындағы оң динамиканы қалыптастыру және осы тарапта кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтер жайында сөз қозғалды.

Бұдан бөлек, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсету мақсатында жергілікті атқарушы органдармен қатар прокуратура органдары тарапынан жүргізілген шаралар жөнінде аудандық прокурор Р.Нұрлыбаев баяндады.

Жиынға қатысқан аудан кәсіпкерлері өздерін толғандырған сұрақтары мен талап-тілектерін жеткізсе, оның ішінде көп сауал Арал ауданына тән балық және мал шаруашылығына қатысты болды. Мамандар тарапынан кәсіпкерлерге өз ретінде тұшымды жауап беріліп, уақыт еншісіндегі мәселелер Кәсіпкерлер палатасының Арал аудандық өкілі Нұрсауле Ембергеноваға тапсырылды. Алдағы уақытта ұсыныстар салалық кеңестерде талқыланып, ірі мәселелер Өңірлік кеңес деңгейінде көтерілетін болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: