Мемлекет басшысының Ұлттық он жобасы ішінде – Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі бағдарлама барысы бекітілген болатын. Еңбек өнімділігін екі жарым есе арттыру, Агроөнеркәсіп өнімінің экспортын екі есе ұлғайту және отандық өндірістің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету арқылы бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешен құру мақтасына негізделген бағдарлама халық мүддесіне оңтайлы пайдалануға берілді. Бұл жобаның қарқындылығы барысында халық азық-түлік тауарларымен қатар ауыл тұрғындарының табысын ұлғайтып, ауыл шаруашылығы жұмысын жандардыру көзделген. Осы тұрғыда, қаламызда атқарылып жатқан жұмыстардың барысына көз жүгіртейік. Бүгінгі таңда «ҚР Агроөнеркәсіп кешенің дамытудың 2022 жылға арналған бағдарламасы» аясында аймағымыздағы ауыл шаруашылығы өткен жылмен салыстырғанда 100,8 пайызды құрап отыр. Атап айтатын болсақ, егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы қала бойынша жыл сайын өсімін жоғарылатып келеді.
Мәселен, биылғы жылы жалпы 9036 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның ішінде, 3406 гектар күріш, 482 гектар бидай, 5 гектар арпа, 70 гектар мақсары, 189 гектар қант құмайы, 2823 гектар картоп, көкөніс, бақша дақылдары егіліп, 994 гектар жаңа жоңышқа, 1067 гектар ескі жоңышқа жерге себіліп, күтімге алынған. Сондай-ақ қаламызға қарасты ауылдық-округтерде жүргізілетін егін шаруашылығы бойынша бидай жинау жұмыстары толығымен аяқталып, одан 431,7 тонна өнім алынып отыр. Сонымен қатар, мал шаруашылығына арналған 1067 гектар ескі жоңышқа шөбінің бірінші орымы орылып, 1814 тонна мал азығы дайындалды. Жаңа және ескі жоңышқа шөп-шаламдардың екінші орымы қазіргі уақытта жүргізіліп жатыр. Ал қалған бақша өнімдері мен күріш егістіктерінің пісуі мен жиналуы күтілуде. Бүгінгі күнге қала бойынша атқарылып жатқан егін шаруашылығы өз жемісін ойдағыдай беріп жатқан көрінеді. Әрине, бұл – қуанарлық жағдайлардың бірі. Осы агроөнеркәсіп саласының дамуымен еліміздегі және облысымыздың өнімдері жақсы өтімін беріп, қаламыздың жандануына бірден-бір үлкен септігін тигізуде. Және осындай ауқымды қалалық егін шаруашылығын оңтайлы технологиямен тамшылатып суару арқылы үлкен алқаптарымызды су тапшылығынан аман алып қалып отырмыз. Аяқ судың тапшылануына байланысты тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясы барлық шаруамызды жеңілдетті десек те болады. Бұл егілген дақылдардың барлығына қаламызға қарасты магистралды каналдардан 28,79 текше метр су алынуда.
Қызылорда қаласында егін шаруашылығы мен бірге мал, балық шаруашылығын дамыту барысында да табыстар өте көп. Оның үстіне, биыл мал басы артып, өткен жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 10,7%-ға, қой-ешкі 14,4%-ға, жылқы 23,4%-ға, түйе 12,2%-ға, құс 1,8%-ға, өскен. Айтып өткендей, мал басының көбеюіне байланысты егіннің де гектары өсе беретіні анық. Мал басының артуы негізінде одан алынатын және өндірілетін өнімдердің сапасы мен пайызы да өсіп келеді. Дәлірек айтатын болсақ, бүгінгі күнге тірідей салмақпен 947,7 тонна ет, 1683,4 тонна сүт, 131,1 мың дана жұмыртқа өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ет өндіру – 1,8 пайызға, сөт өнімі – 0,2 пайызға, жұмыртқа – 1,1 пайызға артқан. Сондай-ақ қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, биылғы жылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында кент, ауылдық округтері бойынша қаржы институттары арқылы 25 жоба мақұлданып, 232,7 млн теңге несие берілген. Бұл қаражат арқылы 45 бас ірі қара, 616 бас уақ мал, 246 жылқы малдары алынса, 5 жоба несие қаржысын күтуде.
Мемлемет басшысының бекіткен Ұлттық жобаның басымдығы әр өңірдегі ет, сүт, көкөніс, күріш, қант, дақылдар және қаламыздағы балық өнімдерін көбейтіп, шаруашылық көлемін ұлғайтуды басты назарда ұстауға берілген болатын. Біздің қаламызда биыл мал шаруашылығы мен қатар балық өнімдері де жақсы нәтижесін беруде.
– 2021 жылы қаланың 7 тауарлы су айдындары бойынша 6,9 тонна өнім өндірілген болса, биылғы жылға 18,5 тонна балық өндіру жоспарлануда. Көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығымен айналысатын табиғат пайдаланушылармен жоспарланған көлемге жеткізуге тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, қалаға қарасты су айдындарында қазу жұмыстары іске асырылып, тоған шаруашылығын дамыту көзделіп отыр, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің қызметкері.
Айта кетейік, бұл шаруалардың өсуіне байланысты биыл күзде Арал ауданында теңізден маржан терген барлық балықшылардың слеті өтетін болады.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту барысында қаламызда жылыжай шаруашылықтары жұмыс істеуде. Нақтырақ айтатын болсақ, Қызылорда қаласы, Ақсуат ауылдық округіне қарасты «КазАгроМир» ЖШС-нің құны 1,1 млрд теңгені құрайтын, көлемі 2,2 гектар автоматтандырылған кешенді жылыжайдың жұмысы бір қалыпта жасалуда. Қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімінің айтуынша, ол жақтан биылғы жылдың қаңтар айында егілген қияр өнімінен 180 тоннаға жуық өнім жиналды. Сондай-ақ, осындай шағын жылыжай кешінің дамытуда жаңадан 2 дана кешені жұмысын бастап кетті. Ал 2 жылыжай жобасын қаржыландырып, бүгінгі күнде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс «Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы» тарапынан ұсынылып, салынуда. Аталған жылыжай кешендерінде күніне 100 келіге жуық қияр өнімдері өндірілуде.
Аталған бағдарлама барысында ауыл шаруашылығы саласын дамытудың Жол картасы арқылы қаламызда бірқатар жұмыс пәрменді атқарылып жатыр. Бұл бағдарлама аясында түрлі жобалар қарастырылып, қаламыздың ауыл шаруашылығының өсуіне ықпал жасау үшін инвестиция тартылып, көптеген халықты жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, 2022 жылға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша да көтерме жәрдемақыға 33 млн 693 мың теңгемен 110 маман, бюджеттік кредитке 114 млн 863 мың теңге 25 маманға беріліп, алған мамандығы бойынша ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлесін қосуда. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы тек Қазақстан Республикасының «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» салалық заңы (18-баптың 8-тармағы) ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұруға келген әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешен мамандарын ғана қолдауға бағытталған. Бүгінгі күнде көтерме жәрдемақы бойынша 60 маман, бюджеттік кредит бойынша 31 маман кезекте тұр.
Қорытындылай келе, Агроөнеркәсіп кешенің дамыту бағдарламасы өңіріміздегі ауыл-аймақтың күн көрісіне оң нәтижесін берді десек қателеспейміз. Қазіргі таңда, ауылдық-округтеріміздің тұрмыс сапасы жақсарып, осы бағдарлама аясында біршама ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылып келеді. Қаламыз бен ауыл-аймақтағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының ілгері қалмай, жүйелі жұмыс істеуіне «ҚР Агроөнеркәсіп кешенің дамытудың 2022 жылға арналған» жобасының берген үлесі мол.
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!