Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тегеранның тосын мәлімдемесі: Иран Гренландияны қорғауға “дайын”

26.03.2026, 10:40 44

Иранның жоғары лауазымды өкілі Ахмад-Реза Раданның Гренландияға қатысты айтқан сөзі әлемдік ақпарат кеңістігінде қызу талқыланып жатыр. Иранның ISNA агенттігіне сүйенген бірқатар шетелдік басылымдардың жазуынша, ол Еуроодаққа қарата: «егер Гренландияны қорғай алмасаңдар, бізді шақырыңдар, көмектесеміз» деген мазмұнда мәлімдеме жасаған. Алғаш қарағанда әжуаға ұқсайтын бұл сөздің астарында Вашингтонға бағытталған саяси мысқыл мен геосаяси ишара жатқаны аңғарамыз. 

Раданның мәлімдемесі аяқ астынан шыққан жоқ. Оған түрткі болған негізгі себептің бірі – АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландия жөніндегі даулы ұстанымы. Reuters агенттігі қаңтар айында Трамп командасы аралды АҚШ ықпалына алудың бірнеше жолын қарастырғанын жазды. Сол материалдарда Вашингтон сатып алу, арнайы келісім жасау секілді нұсқалармен қатар әскери тетік те толық жоққа шығарылмағаны айтылды. Кейін Ақ үй ішіндегі пікірталастардан соң Трамп риторикасын жұмсартуға мәжбүр болғаны да хабарланды. 

Гренландия тақырыбы содан бері Еуропа үшін де жай сөз күйінде қалған жоқ. Reuters-тің кейінгі жарияланымдарында Дания мен Еуропа елдерінің бұл мәселеге алаңдаушылықпен қарағаны, ал Гренландияның өзі халықаралық назар күшейген тұста өз саяси салмағын арттыруға тырысқаны көрсетілді. Еурокомиссия өкілдері ықтимал әскери қысымның НАТО-ның өзіне соққы болатынын ашық айтса, бірқатар еуропалық саясаткерлер Вашингтонның бұл риторикасын орынсыз және қауіпті деп бағалады. 

Иран шенеунігінің сөзі дәл осы тұста ақпараттық қаруға айналып отыр. Тегеран Батыстың өз ішіндегі сенім дағдарысын ұтымды пайдаланып, Трамптың сөзі арқылы АҚШ-тың моральдық беделіне соққы беруге тырысқан сыңайлы. Яғни “әлемге қауіпсіздік үйретіп жүрген ел өз одақтастарының аумақтық тұтастығына күмән келтіріп отыр” деген астар алға шығады. Al Jazeera бұл мәлімдемені Иранның АҚШ, Израиль және Еуроодаққа қатар бағытталған өткір риторикасының бір көрінісі ретінде сипаттады. Басылымның жазуынша, Тегеран соңғы күндері әскери қысыммен қатар, ақпараттық-психологиялық әсер ету тәсілін де күшейткен. 

Саяси тұрғыдан алғанда, Раданның сөзі нақты әскери ұсыныс емес. Мұнда Иранның Гренландияны шынымен қорғауға ұмтылып отырғаны емес, Батыстың өз ішіндегі қайшылықтарды келемеждеу мақсаты басым. Трамптың Гренландияға қатысты бұрынғы мәлімдемелері Еуропада жүйке тудырғанын ескерсек, Тегеран сол әлсіз тұсты қағып алып, оны символдық деңгейде өз пайдасына бұрып отыр. Осындай риторика Иранның ішкі аудиториясына да жұмыс істейді: билік өз жақтастарына “Батыс бізді қорқытып қана қоймайды, өзі де мазаққа қалып отыр” деген әсер бергісі келеді. 

Қысқасы, Гренландия жөніндегі бұл сөз халықаралық саясаттағы әдеттегі қалжың емес. Оның ар жағында Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіс, Трамптың даулы сыртқы саясаты және Еуропаның қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылығы қабаттасып жатыр. Бір ауыз әжуа арқылы Тегеран Вашингтонның өз сөзі өзіне қарсы жұмыс істей алатынын көрсеткісі келгендей әсер қалдырады.

Фото: Израильдің Иранға қарсы соғысы аясында соққыдан бүлінген ғимарат орнында жұмыс істеп жатыр. Тегеран, Иран, 2026 жылғы 21 наурыз [Alaa Al-Marjani], aljazeera.com

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: