Иранның әскери басшылығы АҚШ-пен келіссөздер жүргізілуі мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл мәлімдеме БАҚ-та АҚШ Иранға соғысты тоқтату жоспарын ұсынды деген хабарлардан кейін жасалды.
Иран Қарулы күштерінің «Хатам әл-Анбия» орталық штабының өкілі 25 наурыз күні:
«Сіздердің қақтығыстарыңыз сондай деңгейге жетті, енді өздеріңізбен өздеріңіз келіссөз жүргізіп жатырсыздар», — деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, АҚШ бұдан былай аймаққа инвестиция сала алмайды, ал энергия ресурстары мен мұнай бағасы бұрынғыдай болмайды. Ол сондай-ақ Иран қарулы күштері өңірдегі тұрақтылықтың кепілі екенін атап өтті.
«АҚШ әкімшілігімен ешқандай келісім болмайды – қазір де, болашақта да», — деді ол.
Бұған дейінгі мәліметтер
Бұған дейін БАҚ АҚШ Иранға 15 тармақтан тұратын соғысты тоқтату жоспарын ұсынғанын жазған. Бұл жоспар Тегераннан бірқатар елеулі жеңілдіктерді талап етеді, соның ішінде:
- ядролық қару әзірлеуден бас тарту;
- байытылған уран қорын Халықаралық атом энергиясы агенттігіне (МАГАТЭ) тапсыру.
Axios басылымының мәліметінше, АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф Дональд Трампқа Иран жоспардың кейбір тармақтарымен келіскенін жеткізген.
Иранның талаптары
Ал The Wall Street Journal басылымы Тегеранның ықтимал келіссөздер алдындағы жаңа талаптарын жариялады. Олардың қатарында:
- Парсы шығанағындағы барлық америкалық әскери базаларды жабу;
- АҚШ пен Израиль соққылары үшін өтемақы төлеу;
- Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден төлем алу;
- Иранның ядролық бағдарламасын толық сақтау;
- санкцияларды толық алып тастау;
- соғыстың қайта басталмайтынына кепілдік беру;
- Ливандағы «Хезболла» тобына қарсы соққыларды тоқтату талаптары бар.
Айта кетейік, 23 наурызда Дональд Трамп Иранмен «тиімді келіссөздер» жүргізіліп жатқанын мәлімдеп, Иранның энергетикалық инфрақұрылымына жасалатын соққыларды бес күнге тоқтатуды тапсырған.
Алайда Тегеран келіссөздер мүлде болмағанын айтып отыр.
Қазіргі уақытта Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты әлемдік мұнай мен сұйытылған газдың шамамен 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазы арқылы тасымал іс жүзінде тоқтап тұр.
Дереккөз: zhasalash.kz
Фото: ЖИ (Жас Алаш)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!