Ресей билігі бейбіт келіссөздер барысын өз мүддесіне сай бағыттауға ұмтылып, АҚШ-ты Украинаға қысым жасауға шақырып отыр. Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков ресейлік ВГТРК арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, Мәскеу Вашингтонның Киевке ықпал етіп, «Анкоридждегі келісімдер» деп аталатын уағдаластықтарды орындауға көндіруін қалайды. Сонымен қатар Ушаков АҚШ тарапынан бейбіт келісімге қатысты «қызықты әрі пайдалы ұсыныстар» болғанын айтқанымен, олардың мазмұнын нақтылаған жоқ.
Ресей тарапы жиі қолданатын «Анкоридждегі келісім» тіркесі Мәскеу мен Вашингтон арасында белгілі бір келісім бар дегенді білдіреді. Алайда Кремль бұл келісімдерді жүзеге асыруға Киев кедергі келтіріп отыр деген ұстанымды алға тартады.
Келіссөздердің негізгі түйіні — Донбасс мәселесі. Мәскеу бұл аймақтың толық өз бақылауына өтуін басты талаптарының бірі ретінде қарастырып отыр.
Ал Владимир Зеленский Вашингтонның қауіпсіздік кепілдіктерін тек украин әскері Донбастан шыққан жағдайда ғана ұсынуға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар ол АҚШ қысымды Киевке емес, Мәскеуге жасауы керек деген пікір білдірді.
Өз кезегінде Марко Рубио АҚШ Ресей ұстанымын тек жеткізуші рөлінде екенін, бірақ оны қолдамайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, ақпан айында Женева қаласында өткен келіссөздер мен кейінгі дипломатиялық кездесулер әзірге нақты нәтиже берген жоқ. Сарапшылардың пікірінше, тараптардың ұстанымы әлі де бір-біріне қарама-қайшы, ал келісімге келу процесі күрделі күйінде қалып отыр.
Коллаж: halyqline.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!