Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Атақты актриса қайтыс болды

28.12.2025, 20:06 20

92 жасында франциялық актриса Брижит Бардо өмірден өтті. Оның қазасы туралы француздық бұқаралық ақпарат құралдары жазды, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі El.kz интернет порталына сілтеме жасап.

L’Humanité газетінің мәліметінше, әйгілі актриса Францияның Жерорта теңізі жағалауындағы ірі қала Тулонда көз жұмған. Қараша айында БАҚ Бардоның осы қаладағы жекеменшік клиникалардың біріне жатқызылып, операция жасалғанын хабарлаған болатын.

Брижит Бардо – франциялық актриса, әнші, модель, жануарлар құқығын қорғаушы белсенді, 1950-1960 жылдардағы стиль иконасы әрі секс-символ.
15 жасында Elle журналының мұқабасына шыққан, 18 жасында киноға дебют жасаған. Ал әлемдік даңқ оған Роже Вадимнің «…Құдай әйелді жаратты» (1956) фильміндегі рөлі арқылы келді. Еркін әрі сезімтал әйел бейнесі көрерменді бір мезетте таңғалдырды да, тәнті етті.

Бардо жалпы саны шамамен 50 фильмге түсті. Олардың қатарында «Ақиқат» (1960), «Менсінбеу» (1963) және «Вива Мария!» (1965) бар.
1973 жылы, 39 жасында ол актерлік мансабын аяқтап, өмірін жануарларды қорғауға арнады. 1986 жылы Брижит Бардо қорын құрып, итбалықтарды аулауға және жануарларға қатыгездік көрсетуге қарсы күрес жүргізді.

Айта кетейік, 2021 жылдың желтоқсанында Бардо Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, жануарларды қорғау туралы заң жобасынан бір бапты алып тастауды сұраған.

Ал 2019 жылдың желтоқсанында ол Қазақстандағы жануарларға қатыгездік көрсету мәселесіне байланысты Тоқаевқа шағым айтқан еді. Сол кезде Президент актрисаға жауап беріп, мемлекеттің бұл мәселеге назар аударуы қажет екенін, ұлттың мейірімділігін тек балаларды ғана емес, жануарларды қорғау арқылы да көрсету керектігін атап өткен.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: