Бұл – америкалық Камила Фарр. Оның Қазақстанға, қазақ тіліне деген қызығушылығы ерекше. Ол бүгінде ислам дінін қабылдап, өзін қазақша «Айбала Құдайберген» деп атайды, – деп хабарлайды El.kz интернет порталы деп жазады halyqline.kz тілшісі.
Камила Американың Джорджия штаты Атланта қаласында тұрады. Әкесі Джеффри – жергілікті үндіс, анасы Джули – тегі аустриялық, Америка азаматы. Ол көпұлтты отбасында өсіп, кішкентай кезінен тіл мен мәдениетке қызыққан. Камиланың Райан есімді бір інісі және иті мен екі мысығы бар.
Америкалық ару «Айбала» есімі оның ішкі болмысына жақын, құлаққа жағымды екенін айтады.
– «Айбала» деген есім маған өте қатты ұнайды. Әдемі естіледі әрі мағынасы да терең. Ал «Құдайберген» деген қазақы дүниетанымға жақын, сол үшін бұл текті жақсы көремін. Мен ислам дінін өз қалауыммен, саналы түрде қабылдадым. Ата-анам менің таңдауымды құрметтеді, – дейді ол өз сөзінде.
Айбала бүгінде 20 тілде еркін сөйлей алады. Ағылшын, онейда, испан, неміс, португал, итальян, қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, дүнген, хазараги, тәжік, урду, корей, жапон, қытай, вьетнам, индонезия, ачех секілді тілдер өз өмірінің бір бөлігіне айналғанын айтады.
– Мен барлық тілді өз бетімше үйрендім. Кітаптар, YouTube, интернет, онлайн сабақтар мен үшін үлкен мектеп болды. Тіл үйрену – тек сөз жаттау емес, ол – тұтас бір мәдениетті сезіну деп білемін. Әр тіл маған әлеммен тереңірек байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Қателесуден қорықпай сөйлеу, күн сайын жаттығу керек, – дейді ол.
Қазақ тіліне деген махаббат Камиланың бойында мектеп қабырғасынан басталған. Қазақстан туралы оқыған кітабы оны беймәлім елге, жаңа тілге жетелеп әкелген. Ол Қазақстанға 2025 жылдың желтоқсанында келген.
– Қазақстан менің жүрегімді толықтай жаулап алды. Америкаға қайтқым келмеді. Мұнда өзімді үйдегідей сезіндім. Адамдардың мейірімі, қонақжайлығы ұмытылмас әсер сыйлады, – дейді ол.
Оны таңғалдырған жайттың бірі – Қазақстандағы көптеген орыс ұлты өкілінің қазақ тілінде еркін сөйлеуі. Қазақша сөйлесу арқылы адамдармен оңай тіл табысқанын айтады.
Камила Қазақстанға тағы да келгісі келетінін, Астана, Шымкент, Қызылорда және Сарыағаш қаласын көргісі келетінін айтады.
Америкалық ару қазақ тілін терең сезіну үшін жиі қазақша ән тыңдайтынын айтады.
коллаж El.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!