HALYQLINE.KZ Киіміне қарап ер мен әйелді айырудан қалдық ғой. Бүгін көшеде қарсы алдымнан ұшырасқан адамның жынысын ажырата алмай қатты қиналдым. Бас киімі, курткасы, шалбары, аяқкиімі бәрі-бәрі – ерлердікі. Жүрісі, қимылы, қылығы әйел сияқты.
– Сонша тесіліп қарадыңыз ғой, танысыңыз ба? – деді қасымда келе жатқан келіншегім бүйірімнен түртіп.
– Жоға, қайдағы таныс?
– Қайдан білейін, көзіңізді айыра алмай қалған соң… айтқанымыз-дағы.
– Қойшы-ей, сен де қайдағыны шығармай. Ер адам ғой.
– Жоқ, әйел.
– Еркек.
– Әйел деймін.
– Әйел болса, неге әйелдерше киініп жүрмейді.
– Барын киеді де, – десіп келіншегім екеуміз біраз сөзге келісіп қалдық.
Солай келе жатып Қожанасырдың осыған ұқсас бір хикаясы есіме түсіп, мырс ете қалмаймын ба.
– Сізге не көрінген? Біресе күлесіз, біресе көрінгенге көзіңізді сүзесіз! Еркек деп қоясыз тағы, – деп келіншегім бұлқан-талқан.
– Күлгенімнің себебі бар. Оны үйге барған соң асықпай отырып айтып берейін.
– Жоқ, қазір айтасыз!
– Тура көшеде келе жатып па?
– Тура көшеде келе жатып!
– Жүр онда, бір жерге кіріп, шай ішіп отырып айтайын.
– Мейлі, жүріңіз.
Сөйтіп көшедегі көп кафелердің біріне бас сұғып, келіншегіме Қожекеңнің төмендегі хикаясын айтып беріп, жаным зорға қалды.
…Қожанасырдың заманында көп ел, көп жерді аралаған бір саудагер көрген қызықтырын айтып отырып: – Бағдаттың ар жағында бір ел бар. Онда күн өте ыстық, ыстық болғаны соншалықты халқы күндіз жалаңаш жүреді, – депті. Жұртпен бірге саудагердің әңгімесін ұйып тыңдап тұрған Қожекең: – Сонда олардың қайсысы әйел, қайсысы еркек екенін қалай ажыратады? – деген екен.
Мұрат РАҚЫМЖАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!