Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Материалдық қысым – отбасылық жанжалдың бастамасы

09.10.2025, 10:00 139

Отбасы – қоғамның ең басты іргетасы. Әрбір адамның өміріндегі орны ерекше, жылулық пен сенімділік мекені де осы – отбасы. Алайда, бұл берік құрылым түрлі сынаққа да жиі ұшырап отырады. Соның арасында ең көп кездесетін әрі елеулі мәселе – материалдық қысым, яғни қаржылық  қиындықтар.

Қазіргі жаһандану заманында адамдардың өмір сүру деңгейіне деген талабы жоғарылаған сайын, материалдық жағдайда ерекше мәнге ие бола бастады. Көп жағдайда ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік, дау-дамай, тіпті ажырасуға дейін апаратын жанжалдардың түпкі себебі қаражаттың жетіспеуі немесе қаржылық теңсіздікке байланысты болады. Ақша – бақыттың кілті болмаса да, тыныш өмір сүрудің бірден-бір маңызды құралы. Ол болмаған жағдайда отбасының ішкі үйлесімі бұзылып, күйзеліс, сенімсіздік, реніш сияқты жағымсыз эмоциялар үстемдік ете бастайды. 

Осы мақалада біз материалдық қысымның отбасындағы қарым-қатынасқа қалай әсер ететінін, оның салдарынан туындайтын жанжалдардың себеп-салдарын және олардан шығу жолдарын жан-жақты қарастырамыз. Өйткені, қаржылық қиындықтың алдын алу – тек материалдық емес, рухани берекенің де кепілі екенін ұмытпауымыз  керек.

ҚАРЖЫЛЫҚ  ҚЫСЫМ – ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСҚА  ҮЛКЕН  СЫНАҚ

Қаржылық  қиындықтар – отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сеніміне, түсінігіне және өзара қолдауына үлкен сынақ. Қаражаттың жетіспеушілігі күйзеліс, шаршау, үмітсіздік сияқты ішкі қысымдарды туындатып, отбасындағы қарым-қатынасқа айтарлықтай әсер етеді. Мұндай жағдайда ұсақ-түйек түсініс­пеушіліктердің  өзі  үлкен  жанжалға  ұласып  кетуі  әбден  мүмкін.

Әрине, мұндай қиындықтар кез келген отбасында кездесуі ықтимал. Дегенмен, оған төтеп беріп, сабырмен еңсере алатын отбасылар өкінішке қарай, саусақпен санарлықтай ғана. Бұл тұрғыда отбасылық дауларды шешуге көмектесетін заңгерлер де материалдық мәселелердің ажырасуға жиі себеп болатынын растайды.

— Иә, елімізде ажырасудың басты себептерінің бірі – қаржылық қиындықтар. Мысалы, «Бақытты отбасы» ресурстық қолдау орта­лығының деректеріне сүйенсек, отбасындағы жанжалдардың көбі несие мәселелері мен ақша жетіспеушілігінен туындайды. Бірақ тек материалдық қысым ғана емес, оған тұрмыстық зорлық-зомбылық, ішімдік, нашақорлық, отбасы ортасына артық араласу, қаржылық жоспарлаудың болмауы сияқты факторлар да қосылады, — дейді  заңгер  Айдана  Медетова.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі ерлі-зайыптылардың мүлікке қатысты құқықтарын және міндеттерін реттейді. Егер отбасыда қаржылық жауапкершілікке қатысты дау туындаса, ол некені бұзу, ортақ мүлікті бөлу, балаларға алимент төлеу сияқты заңдық тетіктер арқылы шешіледі.

Сонымен қатар, егер жұбайлардың бірі екіншісіне қаржылық қысым көрсетсе немесе қаржылық міндеттерін орындамаса, бұл мәселе құқық қорғау органдарының құзырында қаралуы мүмкін. Қазақстан заңнамасында отбасы мүшелерінің қаржылық қауіпсіз­дігі  мен  теңдігіне  кепілдік  беретін  нормалар  бар.

— Қаржылық тұрақтылық – рухани берекенің де кепілі. Қаржы мәселесі тек материалдық ғана емес, рухани береке мен отбасы тұтастығының да негізі екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан да қаржылық сауаттылық, жоспарлау, бір-бірін қолдау сияқты элементтер кез келген отбасыда басты құндылыққа айналуы тиіс. Қаржы  жетіспеушілігі шешілмейтін мәселе емес. Ең бастысы, диалог, сенім, ортақ жоспар және заңдық сауаттылық арқылы  қиындықтарды  жеңе  білу, — деді  заңгер.

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ  ӘСЕРІ  және  ЭМОЦИЯЛЫҚ  САЛДАРЫ

Қаржылық қиындықтар тек күнделікті тұрмысқа ғана емес, адамның ішкі жан-дүниесіне, психологиялық жай-күйіне де тіке­лей  әсер  етеді.  Бұл  туралы  психолог  мамандар  да  жиі айтып  келеді.

— Қаржылық қысым ерлі-зайыптылар арасындағы эмоциялық байланысты әлсіретеді. Адамдарда «мені түсінбейді», «бәрі маған тіреліп тұр», «отбасы үшін жалғыз күресіп жатырмын» деген ойлар пайда бола бастайды. Бұл – күйзеліс пен агрессияның бас­ты көзі. Егер ерлі-зайыптылар бір-бірін қолдамай, кінәлауға көшсе, жанжал одан әрі тереңдей түседі, — дейді отбасылық психолог-терапевт  Перизат  Акимова.

Оның айтуынша, материалдық мәселелерді ашық сөйлесіп, бірге жоспарлау – эмоционалдық байланыс­ты нығайтып, сенімді  арттырады.

— Отбасында қаржы жайлы сөйлесу – әлі де көпшілік үшін ыңғайсыз тақырып. Бірақ егер ерлі-­зайыптылар табыстарын, шығындарын, ортақ мақсаттарын ашық талқылай алмаса, сенімсіздік орнайды. Сол себепті, қаржы туралы сауатты, ашық сөйлесу мәдениетін қалыптастыру – өте маңызды, — дейді психолог  маман.

Бұл мәселе бойынша психолог мамандар ең қажетті әрі пайдалы кеңес­терді  ұсынады.

— Ең алдымен, ерлі-зайыптылар қаржы мәселелерін ашық талқылап, ай сайынғы табыс пен шығындарды бірге жоспарлауы тиіс. Қиындық туындағанда бір-бірін кінәламай, мәселені шешудің жолдарын іздеу маңызды. Сонымен қатар, қаржылық сауаттылықты арттырып, ор­тақ бюджет жүргізуді, артық шығыннан бас тартып, жинақ жасауды дағдыға айналдырған жөн. Материалдық қысым кезінде күйзеліске түсіп кетпеу үшін бір-бірін тыңдап, түсіністікпен қарау қажет. Ал жанжал ушығып, ішкі үйлесім бұзыла бастаса, психолог немесе отбасылық кеңесші көмегіне  жүгінген  дұрыс, — дейді Перизат  Бақытжан­қызы.

Рас, қаржылық қиындық кез келген адамды қажытуы мүмкін. Мұндай жағдайлар адам психикасына, эмоция­лық күйіне, тіпті денсаулығына да кері әсер етеді. Бірақ оған  қарсы  тұру әр адамның қолынан келеді деуге бола­ды. Ол үшін ең алдымен қажет нәрсе – төзімділік пен  сабыр.

Төзімділік – қиындықты жеңудің, жанжалдан сақтанудың және отбасылық үйлесімді сақтап қалу­дың  басты  кілті. Жағдай  қаншалықты  күрделі болса да, сабыр сақтап, мәселені ақылмен шешуге  тырысу  керек.

Қорытындылай келе, отбасындағы материалдық қысым – бүгінгі қоғамда жиі кездесетін, бірақ шешуге болатын  мәселе. Қаржы тапшылығы тек  тұрмыстық емес,  рухани  тұрақтылыққа  да әсер ететіні анық. Алайда, мұндай сынақ кезінде отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сенімі, түсіністігі мен қолдауы бәрінен маңызды. Қаржылық  тұрақтылыққа  апарар  жол – тек  табыста  емес,  өзара  сыйластықта. Себебі,  мықты  отбасы – кез  келген қиындықты  еңсере  алатын  ұжым.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: