«Жүйені жоюдың қажеті жоқ, оны күлкіге айналдырса жеткілікті, қоғам өзі-ақ ұмытады». Бұл – бүгінгі әлеуметтік шындықтың сатиралық бейнесі ғана емес, сонымен бірге өте дәл саяси стратегияның бейресми формуласы. Кейінгі жылдары қазақстандық қоғамда әлеуметтік-психологиялық феномен қалыптасты. Бұрын ашық наразылық тудыратын, батыл үн көтеретін тақырыптар бүгінде әлеуметтік желіде күлкі мен қалжың нысанына айналып отыр. Сондай-ақ, қоғамдық маңызы бар, түйткілді, өткір мәселелерге қатысты азаматтық үн көтеру, ашық пікір білдіру азайып, оның орнына проблеманы әзілге, мысқылға немесе жеңіл пародияға айналдыру белең алуда. Бұл үрдіс бұрын да болған, өкініштісі сол, қазір де бар…
Атап айтар болсақ, денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктер, білім беру жүйесіндегі тұрақсыздық, мемлекеттік қызметтегі формализм немесе әлеуметтік әділетсіздік сияқты тақырыптар әлемжеліде сатиралық мазмұнмен беріліп, көп жағдайда күлкі мен «лайктың» көзіне айналып отыр. Бұл үрдіс нені білдірмек? Қоғамның қорғансыздығын ба, әлде астарлы әзілмен қаруланған реакциясын ба? Бүгінгі мақаламыз да осы шынайы күрестің орнын алмастырған мысқыл мен бейтараптанған реакцияның табиғаты турасында болмақ.
ПАРОДИЯ МА, ПАССИВТІ НАРАЗЫЛЫҚ ПА?
Соңғы уақыттары әлеуметтік желі кеңістігінде мем, вайн, пародия форматында түсірілген әлеуметтік түйткілдерді көптеп кездестірудеміз. Бір қарағанда бұл еркін пікір айту мен шындықты жеткізудің заманауи жолы секілді. Алайда, мазмұн мен мағына таразыға тартылғанда, бұл үрдістің салдары тереңірек көрінетінін байқаймыз. Бұрынғыдай емес, қазір халық нақты шешім сұрамайды, нақты жауап та күтпейді. Оның орнына мысқыл арқылы ішкі наразылығын білдіріп, сонымен шектеледі. Бұл эмоцияны жеңілдетудің бір жолы болуы мүмкін, әйткенмен, күлкімен шыққан проблема қай кезде де күлкімен ұмытылады. Ал шындық ұмытылған сайын, оған деген талап та азаяды. Бәріміз білетіндей, сатира, ирония, пародия – сөз еркіндігінің бір формасы. Бірақ олар әлеуметтік реакцияның жалғыз құралына айнала бастағанда, бұл азаматтық үнсіздікке алып келуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда шындықтың өткірлігі жоғалады. Ал, проблеманың маңызы жеңілдейді. Сонымен қатар, әрекетке емес, қабылдауға бейімделу қалыптасады. Бұл өз кезегінде билікке де, жүйеге де тиімді. Себебі, күлкі ашу тудырмайды, ал мысқыл – қарсылық емес. Демек, қауіпсіз. Ал қауіпсіз қоғам басқару үшін ыңғайлы.
Расын айту керек, қазірде контент өндірісі эмоцияға негізделіп барады. Көбіне ой салатын емес, «ұнайтын», «вирусқа айналатын» контент алға шығады. Бұл да қоғамның ақпаратты тұтыну тәсіліне әсер етуде. Өкініштісі сол, ұзақ оқып, терең ойлану емес, жылдам қарап, күліп кету басым. Бүгінде сол бір сәттік әсер маңызды, ал мазмұн екінші орында қалып жатыр. Жастарды қоя бергенде, тіпті ересек аудитория да шынайы проблемаларды күлкіге айналдырып, оны өзара бөлісуді қалыпты жағдай ретінде қабылдап отыр. Бұл сөзсіз, ақпарат таратудың, шындықты айтудың бір түрі. Бірақ бұл пародия саналы қарсылықтың түрі ме, әлде шаршаған қоғамның амалсыз енжарлығына айналған пассивті наразылық па? Міне, басты сұрақ – осы.
Күлкі арқылы шындықты айту бір жағынан қауіпсіз. Бұл үшін қудалау жоқ, ресми жауап күтілмейді. Мұндай форма халықтың эмоциясын сыртқа шығаруға мүмкіндік береді. Десе де, сол эмоцияның артында талап, әрекет, жауапкершілік тұр ма? Бұл – бөлек мәселе. Егер пародияның мақсаты тек «ішті босату» ғана болса, онда ол шын мәнінде жүйемен күресудің емес, онымен ымыраға келудің бір түрі болып қала бермек…
Француз жазушысы, публицист әрі католик ойшылы Жорж Бернанос ХХ ғасыр басында билік пен қоғам арасындағы рухани дағдарысты өткір сынаған қайраткер ретінде танылған. Оның «Сатира – қарсылықтың ең соңғы формасы» деген сөзі жүйеге ашық қарсылық білдіру мүмкін болмаған сәтте, адам санасының ішкі қорғанысы ретінде әзіл мен уытты иронияға жүгінетінін меңзеген. Бұл пікір бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоя қойған жоқ. Әсіресе, билікке ашық пікір айтуға мүмкіндік аз болған тұстарда сатира азаматтың үнін жеткізудің соңғы әрі жалғыз мүмкіндігіне айналады. Бірақ бұл үміт емес, шектеудің салдары ғана.
Ал, пассивті наразылыққа келетін болсақ, бұл – әлеуметтік психологияда кеңінен зерттелген құбылыс. Анығырақ айтқанда, ашық қарсылық білдіруге ерік-жігер де, мүмкіндік те таппаған кезде қалыптасатын қорғаныс. Қазіргі қазақстандық контексте пародия, мем, әзілдің артында дәл осы құбылыс жатқан болуы мүмкін. Тағы бір маңызды жайт: пародияның жиілеуі шындықтың жүйелі түрде айтылмауымен де байланысты. Классикалық ақпарат құралдарында өткір әлеуметтік мәселелер толық айтылмаған, ашық пікірталасқа жол ашылмаған қоғамда сатира мен ирония шындықты жеткізудің амалсыз баламасына айналмақ. Алайда бұл балама ұзақ уақыт бойы шынайы үнді алмастыра алмайтыны анық.
ҚОРҒАНЫС МЕХАНИЗМІ. ӘЗІЛ ӘРЕКЕТСІЗДІКТІҢ СИНОНИМІ МЕ?
Жоғарыда атап өткеніміздей, қоғамның әлеуметтік реакциясының әзіл мен пародия формасына енуі бір қарағанда шығармашылық еркіндіктің көрінісі секілді. Алайда бұл құбылыстың астарында терең психологиялық себептер жатыр. Әлеуметтік психолог Кәмшат Советқызының айтуынша, мұндай реакция – азаматтардың шынайы ықпал ете алмайтын жағдайға душар болғанда пайда болатын ішкі қорғаныс механизмі. Сондай-ақ, бұл құбылыс қоғамда ұзақмерзімді психологиялық енжарлықты қалыптастырып, шынайы әрекетке ұмтылысты әлсіретуі мүмкін дейді.
– Бұл – жай ғана ақпарат тарату тәсілі емес, терең психологиялық симптом. Адамдар нақты өзгеріс жасауға мүмкіндігі жоқ кезде, шынайы ықпал ете алмайтынын сезінгенде, олар саналы не бейсаналы түрде жеңіл формадағы эмоционалдық разрядқа көше бастайды. Мұндай реакция психологияда қорғаныс механизмі ретінде қарастырылады. Яғни, жеке тұлға не ұжым белгілі бір шындықты толықтай мойындауға, онымен тікелей бетпе-бет келуге психологиялық түрде дайын болмаған жағдайда, оны жеңілдетілген формада мысалы, әзіл немесе сарказм арқылы қабылдауға бейімделеді. Бұл бейімделу алғашқы кезеңде пайдалы болуы мүмкін. Өйткені ол адам психикасын күйзелістен қорғайды. Алайда бұл үрдіс ұжымдық сана деңгейінде тұрақты сипат алса, ол қоғамды ұзақмерзімді эмоциялық тұйықтыққа әкелуі ықтимал. Осыдан келіп, қоғамдық бейімделу синдромы қалыптасады.
Бұл синдромның белгілері қандай? Біріншіден, азамат шынайы шындықты теріске шығармайды, бірақ оған ашық реакция білдіруден бас тартады. Оның орнына мысқылдап, кекесінмен қарайды. Екіншіден, шындықты жеңіл формада қабылдауға үйреніп, мәселенің маңызын сезінуден қалады. Үшіншіден, уақыт өте келе бұл эмоционалдық ұйқышылдыққа, яғни қоғамның психологиялық енжарлығына айналады. Біз мұны әсіресе жастар аудиториясынан жиі байқаймыз, — дейді маман.
Әзіл көп жағдайда қоғамдық күйзелістің «жұмсақ» көрінісі ретінде қарастырылады. Бірақ шындықты тек мысқылмен қабылдауға үйрену азаматтық ұстаным ба, әлде үнсіз көндігу ме? Қоғам күлкімен ғана шектелгенде, шындық қайда қалады? Бұл сұраққа әлеуметтану ғылымдарының магистрі, әлеуметтанушы Мейірман Ерланұлы мүлде басқа тұрғыдан қарайтынын жеткізді.
– Біз әзілді наразылықпен шатастырып жүрміз. Қоғам өз үнін әзілмен білдіреді дейміз, бірақ, шын мәнінде бұл дауысы жоқтардың ішкі шуы ғана. Әзіл – реакция емес, алмасып кеткен азаматтық жауапкершілік. Бұрын адамдар ереуілге шығатын, хат жазатын, талап ететін. Қазір пост жазады, астарлы әзіл аралас мем салады. Меніңше бұл – саяси мәдениеттің құлдырауы. Мысқыл көп, мәселе аз талданады. Күлкі ештеңе өзгертпейді. Әзілден билік қорықпайды. Әзіл билікке кедергі емес, керісінше, қоғамдық қысымды жұмсартатын «қауіпсіз клапан». Біз «әзіл – шындықтың шегі» дейміз. Жоқ, әзіл – шындықпен күресуден шаршағандардың демалыс формасы. Жай ғана психологиялық құбылыс емес, әлеуметтік берекесіздіктің белгісі. Егер қоғамның бар реакциясы күлкімен шектелсе, біз енді өзгеріс емес, бейімделу қоғамында өмір сүріп жатырмыз деген сөз. Демек, бұл – саяси салмақсыздықтың айғағы, — дейді әлеуметтанушы.
ТҮЙІН. Күлкі – туабітті рефлекс десек, ал әрекетсіз күлкі – бейтараптықтың белгісі дейді сарапшылар. Расымен де, бізге шындық қажет емес, жай «күлкілі» болу маңыздырақ сияқты. Ал бұл санадағы шегіністің бір түрі емес пе? Қоғамның эмоциялық шаршауы пародиямен емес, парасатпен, қалжыңмен емес, талаппен жеңілуі тиіс. Әйтпесе, әр мәселе – бір мемге, әр трагедия – бір вайнға айналып, түбінде шынайы өмір тек шоу форматында ғана қабылданатын күнге де жету алыс емес.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!