Шаңырақ көтеріп, отбасы болғаннан кейін бәрі ортақ дүниеге айналатыны белгілі. Иә, үй болып, болашаққа бірге ұмтылған соң тапқан қаражатыңызды бұрынғыдай оңды-солды жұмсауға жол жабылады. Дегенмен, отбасылық жанжалдың көбі осы ақшаның кесірінен келетінін де білеміз. Жасыратыны жоқ, кейбір отбасы мүшелерінің қаржылық сауаттылығы төмен болғаннан кейін ұрыс-керіс, айқай-шу, тіпті аяғы ажырасуға дейін әкеледі. Әрине, мұндайда кіші отанның бюджетін тұрақты, сенімді басқару маңызды. Әсіресе, қазіргі уақытта отбасы қаражатын үйдің бір мүшесі басқаруы, отбасы үшін қаржылық сауаттылықты арттыру өте тиімді болмақ.
Жалпы, отбасылық бюджетті кім жинап, қалай жаратқаны жөн? Әрине, бүгінгі күнкөріс тіршілігімізді алға тартсақ, айлықтың алғашқы бөлігіне бірінші несие, пәтер, коммуналдық төлемдерге жұмсап, содан кейін барып азық-түлік аламыз. Алайда, айлығы шайлығынан аспайтын отбасылар да бар. Дегенмен, отбасы үшін тіршілік еткен әкелердің тапқан әр табысы берекелі болып келетіні анық. Сол маңдай термен келген қаражаттың жан-жаққа, пайдасыз заттарға жұмсалып кетпеуін қадағалау отбасындағы әрбір жанның міндетіне кіреді. «Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» деп бекер айтылмаса керек. Сондықтан, отбасында кикілжің туындамай, ынтымағы артып, берекесі мол болуы үшін отбасының ортақ табысын кім ұстағаны абзал? Бұл жөнінде психолог маман Перизат Акимова қазіргі уақытта отбасындағы қаржылық тұрақтылық тек табыс көлеміне емес, сол ақшаны қалай басқаруға байланысты екенін айтады.
— Жалпы, жақсы табысы бар отбасыларда қаржылық сауаттылық бойынша сұрақтарымен жиі келіп жатады. Мен психолог ретінде айтарым: Ақша – бұл тек материалдық ресурс емес, эмоция, сенім және жауапкершілік. Сондықтан бұл сұраққа біржақты жауап жоқ. Бірақ әр отбасы үшін жұмыс істейтін нәтижелі тәсілдер бар. Ең дұрысы – бірге жоспарлау, біреуі басқару. Яғни, екі адам да курстан хабардар болуы керек, бірақ басқаруды (жоспарлау, есептеу) бір адам мойнына алғаны ыңғайлы. Бұл адам қаржыны үнемді пайдалана алатын, эмоциямен емес, парасатпен шешім қабылдайтын, есеп-қисапты жақсы білетін болуы керек. Кейде бұл әйел адам болады (үй шаруасын, баланы, барлық ұсақ-түйекті ол басқарады). Ал кейде ер адам, егер ол ұзақмерзімді жоспарлауға жүйрік болса. Маңыздысы – әділеттілік пен ашықтық. Жасырын карта, құпия шот, «менікі, сенікі» деген бөлініс сенімге сызат түсіреді, — дейді ол.
Иә, барлық кіріс-шығысты дұрыс есептеу, артылған ақшаны жинақтау, табысты еселеу барлық адамның қолынан келе бермейді. Әсіресе, жаңадан отау құрған отбасы қаржы игеру мәселесінде қиналып жатады. Сондықтан әр отбасын өз алдына шағын мемлекет дейтін болсақ, сол мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық жағдайы оның кіріс-шығысын дұрыс қалыптастырудан басталады. Бұл мәселеге немқұрайды қараған отбасының да көп ұзамай банкрот болатыны да содан. Бұл проблема төңірегінде елімізде мықты деген экономист, қаржылық сауаттылықты арттыратын курстар, кітаптар мен белгілі психолог мамандар жетерлік. Бірақ, соған қарамастан елімізде қаржылық сауаттылық, ақша жинау мәселесі әлі де өзекті.
Қоғам белсендісі, депутат Дәулет Мұқаевтың әлемжеліде айтуынша, «Бір отбасында бір ғана отбасылық бюджет болуы керек. Яғни ірілі-ұсақты табыстың бәрі бір орталыққа жиналып, содан кейін әулеттің шығынына қарай, отбасы мүшелерінің керек-жарағына сай есеппен жұмсалғаны жақсы. Сонда ғана отбасында береке болады. Ал, оны кім ұстағаны дұрыс дегенге келсек, үйде кім көбірек болатын болса, ақша соның иелігінде болғаны дұрыс. Бірақ, мейлінше ондағы кіріс-шығыстан отбасының әрбір мүшесі хабардар болғаны абзал. Отағасы көбіне сыртта, жұмыста жүретіндіктен, «сейфтің» кілті үй бикесінде болады. Кейде отанасы да жұмыста болып, бұл міндет сол үйдің келініне жүктеледі. Тағы қайталап айтайық, мәселе ақшаны кім ұстайтынында емес, кімнің ұқыпты ұстайтындығында болып тұр» дейді ол.
Иә, отбасында бюджетті кім басқаратынын білсек, енді қаржылық сауаттылық жайын да қаузап өтейік. Себебі, бұл әр отбасы мүшелеріне керек ақпарат деп ойлаймыз. Шаңырақтағы әр адамның қаржылық сауаттылығы мол, бұл жағынан білімі жоғары болса, демек сіздің отбасыңызда ең үлкен проблеманың шешімі табылды деген сөз.
— Отбасында ортақ мақсат – үй алу, демалыс, баланың оқуы, қаржы ашық әрі жоспарлы қолданылуға, тұрақты жинақ аз-аздан болса да, ақша ұрыс пен қысымға емес, қамқорлық пен тұрақтылыққа қызмет етуге негізделгені дұрыс. Ал, ақша жинаудың тәсілдеріне тоқталар болсақ, мысалы: 50/30/20 қағидасы. Яғни, кірген табыстың 50%-ы – қажеттілік (үй, тамақ, коммуналдық төлем), 30% – өзіңе (киім, сыйлық, демалыс), 20% – жинақ (төтенше жағдай, болашақ жоспар). Одан кейін «3 конверт» әдісі: оған күнделікті шығын мен мақсат (жинақ), тосын жағдайлар кіреді. Сондай-ақ, айлыққа қаржылық шолу: айдың соңында қанша түсті, қайда кетті, не өзгертуге болады? Бұл әдістер қаражатты саналы тұтыну әдетін қалыптастырады. Нақтылай кетсем, ақшаны кім басқарса да, бастысы сенім мен әділдік болғаны дұрыс және ортақ мақсат отбасын біріктіреді. Ақша жанжалдың емес, тұрақтылықтың құралы болуы керек деп есептеймін. Әр теңге отбасы құндылығын бейнелейді. Соған сай қолданайық. Берекелі болайық! Ақша жүректен шыққан ниетпен келгенде ғана тұрақтайды, — дейді психолог маман Перизат Акимова.
Міне, осы форматта қаражатты үнемдеуге, сауаттылықты арттыруға болады. Ақша жинау, оны игеру барысында отбасы мұшелерінің бірігуі ең тиімді қозғалысқа жататынын ешқашан естеп шығармау керек. Тіпті, балаға да қаржылық сауаттылықты ерте жастан үйрету маңызды. Ол сіздің және балаңыздың келешегіне үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз. Алдымен баланы ақшаны басқаруға үйрету үшін өзіңіз үлгі болуыңыз маңызды. Мәселен, шығындар мен кірістеріңізді есептер кезде, балаңызды қасыңызға отырғызып, зерігіп кетпес үшін, оған да ақша есептетіңіз. Оның көзінше әкесі мен анасының еңбекақыларын қосып, бұл кірістер екенін айтыңыз. Шығындар қатарына коммуналды қызметке, азық-түлікке, жол шығындарына, балаларға жұмсалатын, басқа да шығындарды бірге есептеңіздер. Бұл қарапайым әдіс баланың санасында ақшаны қалай дұрыс басқару керектігін қалыптастырады. Мұндай сабақтан кейін, «маған ойыншық алып бер» деген тәрізді еркелігінің де сап тыйылуы ғажап емес.
Сонымен, қорыта келе, бір үйде бір «кассирдің» болғаны жөн. Сонда ғана ортақ мүддені мақсат тұтқан отбасының берекесі шалқып, табысы арта түседі. Бұл – отбасының келешегі үшін жасалуы тиіс әрекеттер. Ал бұл мәселеде қолыңызды бір сілтейтін болсаңыз, зардабы өзіңізбен бірге, балаларыңыздың да келешегін құртуы әбден мүмкін. Сондықтан, «әттеген-ай» демес үшін, қазірден бастасаңыз да кеш болмасы анық.
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!