Бисмилла-Рахмани-Рахим!
Қазалы ауданындағы «Семей-Невада» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Өнегелі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Өмірбек Күлімбетов деген ағам бар. Сөзге шешен, ақынжанды азамат. Ағамыздың жас кезінде мен деген көше тентектері одан аулақтау жүруге тырысатын. Кеңес өкіметі тұсындағы атағы әлемге жайылған алып БАМ туралы естігеніңіз бар шығар?! Өмекең – сол ғасыр құрылысын салушы жалын жігерлі жігіттердің бірі. Кейін елге оралып, автобус жүргізушісі болып жұмыс істеді. Өзі сыйлы адамға қай жерде де бір адамдық орын бары рас екен. Өмірбек Күлімбетұлы да ұжымына сыйлы атанып, суреті Құрмет тақтасының төрінде ілулі тұрды. Бірақ… бойын билеген белгісіз сырқаттың салдарынан қызметтен қол үзуге тура келді. «Дін – апиын» деп, қазақы қасиеттерге қоғамның қырын қарап жүрген шағы. Өмірбектің де мазасын қашырған түсініксіз жайттарға кейбіреулердің күмәнмен қарағанын несіне жасырамыз?!
Сондай күндердің бірінде Өмірбек аян көреді. Түсіне енген ақ сәлде-шапанды Әзілхан ишан атамыз қорымына барып, зират жасауды нұсқайды. «Пәрмен қатты, жан тәтті». Осылайша Өмекең Әзілхан ишанның қорымына жиі баруды дағдыға айналдырады. Тағы бірде қорымның басынан бабаның берген аянымен құдық қазады. Өмірбектің айтуынша, құдықтың суының құрамы, қасиеті, дәмі Түркістандағы Гаухар ана құдығының суымен тең деседі. Ағамыздың қолында тіпті, құдық суының сапасы жоғары екендігін дәлелдейтін дәрігерлер берген анықтама сертификаты да бар көрінеді.
Енді Әзілхан ишан туралы қолдағы мәліметті ортаға салсақ.
Әзiлхан ишан мешiтi Ақтан батыр ауылында орналасқан. Жергілікті маңыздағы архитектуралық ескерткiш саналады. Мешіт құрылысын Әзілхан ишанның тапсырмасымен жергілікті ұста Әбілбай Нұрымбетұлы салған. 1905 жылы басталған (кей деректерде 1907 жылы) Алланың жердегі үйі 1910 жылы аяқталыпты. Мешіт намаз оқитын үлкен зал, кіреберіс дәліз, дәліздің сол жағында бала оқытатын бөлме, оң жағында тамақ дайындалатын бөлмеден құралады. Төрт пешпен жылытылады. Жалпы көлемі 17,3х12,1 метр болса, биіктігі 5 метр шамасында. Мешіттің кірпіші бие сүтіне, майдалап қиылған жылқының жалы мен ешкінің қылын қосып дайындалып, күйдірілген. Айта кетерлігі, Кеңес өкіметі орнағанға дейін Қазалыдағы 57 мұсылман мектебінің бірі – осы мешіт болған.
ХХ ғасырдың орта шенінде мешітте орта мектеп, 1950-60 жылдары шеберхана, наубайхана, тауық фермасы, 1960-65 жылдары дүкен, 1965-67 жылдары жанар-жағармай қоймасы болды. 1967 жылдан 1997 жылға дейін, яғни тура 30 жыл бойы бос тұрғандықтан ғимараттың күйі тайып кетті. 1997 жылы қайта қалпына келтірілген мешіт тағы да 8 жыл бойы халыққа қызмет етті. 2015 жылдан бастап Әзілхан мшан мешітінің жанында, белгілі кәсіпкер Мінәжәдин Өтеев салдырған жаңа мешіт жұмыс ітеп тұр.
Әзілхан ишан Қожаханұлы (1803-1910) Қазалы төңірегінде өмір сүрген. Ишан атағын Бұхарадағы «Көкілташ» медресесін бітіргенде алған. Ислам дінін насихаттаушы, ұстаз Әзілхан ишан – халықты үнемі имандылыққа, бірлікке, ынтымаққа тәрбиелеп, шәкірт тәрбиелеген ғұлама адам. Баба жайлы деректер онша көп сақталмаған. Ел аузынан жеткен әңгімелерге сүйенсек, ишан ата үш ағайынды екен. Сол кісілерден тараған ұрпақтар бойына иман жиған, білікті жандар болған. Әзілхан ишан мешіт салынып бітпей өмірден өтіпті. Зираты мешіттен бір шақырымдай жердегі «Қатағар» қорымында жерленген. Қатағар – ХVI-ХVII ғасырларда өмір сүрген қарақалпақ ханы. Бір шайқаста қаза тауып, Ақтан батыр ауылынан солтүстік-батысқа қарай бір шақырымдай жерде жерленген. Қазір ол қорым Қатағар ханның есімімен «Қатағар қорымы» деп аталады.
Әзілхан ишан – Сейіт Қожа, Пайғамбар ұрпағы. Арғы тегі Арабтың Құрайыш тайпасынан. Інісі Әзмамбеттің баласы Мақаш қожа Арал мен Қазалы өңіріне белгілі бақсы емші болған. Алдынан адам кесе өтпеген беделді Мақаш қожа атанған. Ол кісіні бақсылық өнердің соңғы буыны деуге болады. Бақсылығын (отқа қақтаған қалақты жалауын, белін арқанмен байлатып, шешіліп кетуін, туырлықты қолымен турап тастауын) т.б. кереметтерін көрген көнекөздер аңыздай қылып айтады.
Қасиет қонған, аруақты Әзілхан ишан бабамыздың аруағы жар болғай!
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы,
Ақтан батыр ауылы
Суретте: Әзілхан ишан Қожаханұлы атамыздың ескі және жаңа мешітінің көрінісі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!