Қазіргі таңда бір-бірімен түсінісе алмай екі жаққа кетіп жатқан отбасы өте көп. Бұл – қоғамдағы түйіні тарқатылмайтын түйткілді мәселе. Иә, ажырасу бойынша еліміздегі статистика сандары айғайлап тұр. Бұған себеп те жоқ емес. Дегенмен, бұрын қырық жыл қырғын болса да, шаңырағын шайқалтпаған әкелер, тағдырдың қанша тауқыметін көрсе де, мойымаған аналар қазір азайды. Тіпті, жоқтың қасы. Соның салдарынан елімізде жетім бала, жауапсыз әке, тұрақсыз ана көбейіп, бұл мәселе бүгінгі қоғамның асқынған дертіне айналды. Өкініштісі сол, Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде 2-орында тұр. Мемлекетіміз бұған тосқауыл қоюға қауқарлы ма? Статистикалық деректер не дейді? Осы сауалдар барысында ізденіп көрейік.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЖЫРАСУ ҮРДІСІ: СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ?
2023 жылы елімізде 120,9 мың жұп неке қиған, бұл 2022 жылға қарағанда 6 пайызға аз. Бұл ең төмен көрсеткіш екенін айтады мамандар. 2023 жылы 16,8 пайызы ажырасса, бұл 2022 жылға қарағанда 5,3 пайызға аз. Ал 2024 жылы жұптар ажырасу бойынша рекордтық көрсеткіш орнатып, саны 1000 адамға жеткен. Бұл – пайыздық көрсеткішпен 4,6-ға көбейген деген сөз. Ал былтыр облыс бойынша Алматы, Қарағанды, Астана өңірлерінде неке бұзу фактілері көп тіркелген. Сарапшылар елдегі ажырасудың негізгі себептері жас отбасының ісіне туыстарының араласуы, моральдық шектеулердің болмауы, оңай ажырасу процесі екенін атап өтті. Сондықтан, елімізде әр екінші неке ажырасумен аяқталып жатыр.
Еліміз әлем бойынша ажырасу көрсеткіші басым ел қатарына кіріп, Мальдив аралдарынан кейінгі екінші орында тұр. Ажырасу көрсеткіші бойынша әлемдегі елдердің алғашқы ондығында Мальдив аралдары мен Қазақстаннан кейін Гуам, Ресей, Молдова, Беларусь, Қытай, Аруба, Литва және Доминикан республикасы кірді. Ал ТМД елдерінің арасында ажырасудың жоғары көрсеткіші Молдова мен Украинада тіркелген. Неке бұзу фактісінің ең төмен көрсеткіші Үндістан, Мозамбик және Кения сияқты елдерде тіркелген.
АЖЫРАСУДЫҢ БАСТЫ СЕБЕБІ НЕ?
Ажырасуға себеп өте көп. Бірақ, басты себеп-салдарына нақты жауап табу қиын. Дегенмен, жиі кездесетін бірқатар себепті іріктеп көрсек. Ең әуелі, жұбайлар арасында перзент болмауы себеп саналады. Одан кейін, отбасы арасындағы түсініспеушілік немесе мінезінің жараспауы басты себепке жатады. Түсініспеушілік неден туындайды? Ол екі жастың асығыс отбасын құру туралы шешім қабылдауынан, бір-бірін жете танып білмеуінен туындайды. Сондай-ақ, нәпсіқұмарлықтың жетегіне кеткен жандардың отбасылық тағдыры ажырасумен аяқталады. Одан қалса, орынсыз қызғаныш ортаны бұзады. Қызғаныштың арты қанды оқиғаға, зорлық-зомбылыққа әкеліп соқтырып жатқан жағдайлар да бар. Нәзік жандылардың ер адамдар тарапынан зорлық-зомбылық, зәбір көруі олардың арасындағы сезімді суытып, отбасылық жылуды жояды. Тұрмыс тауқыметі де арагідік араны бұзуына себеп болары анық. Ер адам отбасын құруға, бір жанұяны асырауға дайын болмай, соқыр сезіммен үйленер болса, оның ақыры ажырасуға соқтырады. Осы аталған себептерден бөлек те түрлі мәселе себеп болуы мүмкін. Мәселен, ата-ене тақырыбы, қырсықтық, сүймей қосылу, үшінші адамның от салуы, алып қашу салдары, орынсыз әңгіменің кесірі, сенімнің болмауы деген секілді себептерді де атап өткен жөн. Психологтар да ең алдымен ажырасудың басты себептерімен күресу қажет екенін айтады.
— Ажырасуға адамның материалдық жағдайы, білім деңгейі, мәдениеті және құқықтық сауаттылығы бәрі өзара әсер етеді. Көптеген адам қаржылық тұрақсыздықтың салдарынан ажырасып жатады. Бұл дегеніміз, отбасылық өмірін несиемен бастап, сол қарыздан шыға алмай, күйзеліске әкеледі. Нәтижесінде, түсініспеушілік туындап, екі жаққа кету тағдыры жазылады. Ажырасуға себеп-салдар көп. Оның әрқайсысын айтып жеткізу, жіті түсіндіріп отыру мүмкін емес. Басты себепті білгеннен кейін екі жастың ортасындағы мәселені шешу маңыздырақ. Ортада бала болса, басты «стрелканы» соған қарай бұру қажет. Өйткені, қабылдағалы тұрған шешімнің артында адам тағдыры тұрғанын ұғыну керек, — дейді психолог маман Айгүл Мұнарова.
Иә, психологтың пайымдауынша, ажырасудың себебіне емес, ондағы басқа да тағдырлардың талқандалуының алдын алу керек. Иә, ортада бала болса, ажырасу оның психикасына ауыр соққы екендігін, оның ауыр зардабы болуы мүмкіндігін естен шығармаған дұрыс. Сондай-ақ, ажырасу көрсеткішінің төмендеуіне мемлекеттің қояр қатаң талаптары мен заңдарын да жылдам іске асырған жөн секілді.
АЖЫРАСАТЫНДАРҒА САЛЫҚТЫ КӨБЕЙТУ ҰСЫНЫЛДЫ
Елімізде бүгінгі күні жалғызбасты әйелдер мен еркектердің саны артып келеді. Ұлттық статистика деректерін негізге алған депутат Ардақ Назаров мәселенің шешімі ретінде ажырасуға бел буған отандастарымызға арнайы салық салуды ұсынды. Оның сөзінше, ажырасудың алдын алу және отбасы институтын нығайту бағытында сан түрлі тәжірибе жетерлік. Ол осы бағытта Үкіметке бірқатар ұсыныс тастады.
— Біріншіден, ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптылардың біржақты шешімі негізінде сотқа арыз қабылданбас бұрын арнайы мемлекеттік баж немесе жарна төлеу тәртібін енгізу қажет. Бұл төлемнің көлемі едәуір жоғары болуы тиіс. Сонымен қатар, ресми түрде ажырасқан тұлғалар үшін табыс салығының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру қарастырылсын. Екіншіден, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі құқықтық мәдениетінде әулеттің үлкендері мен ақсақалдарының сөзін тыңдау, дау-дамайды бітіммен шешу дәстүрі берік орныққан. Осы тәжірибені заманауи форматта қолдану мақсатында, қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған жергілікті қоғамдастық кеңестері, ардагерлер алқасы, имамдар, әйелдер кеңесі сынды консультативтік кеңесші органдардың әлеуетін пайдалану ұсынылады, — деді мәжілісмен Ардақ Назаров.
Бұл ұсынысқа қоғамның да, билік басындағылардың ойы екіге бөлінді. Бірі салық салу арқылы ажырасу көрсеткішін төмендетеміз деп қолдаса, кейбірі ажырасуға мұқтаж болатын отбасыларды тілге тиек ете кетті. Расында да, ер адамынан жәбір көріп, ажырасуға ойланатын шешімнің де керегі болмайтын тұста, әйел адамдар ажырасу үшін салық төлей алмаса, зорлық-зомбылықтың құрбанына айнала ма? Міне, осы турасында пікір сан-сақтан айтылуда. Айта кетейік, қоғамды теңселтіп, артық проблеманы арттырмай, ажырасудың алдын алу үшін жаңа жолдар қарастыру керек сияқты. Бұған әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Рамазан Саттарұлы да салық салу некені нығайтпайды, бюджетті де толтырмайды деген пікірде.
— Салық төлемей, некені заңды түрде бұзбай тұра берсе, түк істей алмайсыз. Салықты кім төлейді? Жұбайлар бөліп төлей ме әлде ажырасуға бастама білдірген адам ба? Егер мақсат отбасы институтын дамытайық, бала санын көбейту керек десек, мемлекет тарапынан атқарылатын кешенді шаралар қажет, — деді ол.
Иә, бірде-бір адам ажырасамын деп үйленіп не тұрмыс құрмайды. Барлығы отбасы болып кетудің қамын ғана ойлағандықтан отау құрады. Дегенмен, өмірдің ағы мен қарасы қатар жүретіндіктен кейбіреуінің отбасылық тағдыры екіге айырылып жатады. Ал ажырасу көрсеткішін жою немесе статистика санын азайту мақсатында салық салу не басқа да адам құқығына қайшы келетін заң ойлап табу қоғам айнасына кереғар кесірін тигізетін көрінеді. Әрине, ажырасу жеке отбасының ортақ қабылдаған шешімі деп жатамыз ғой. Бірақ, ажырасып, шаңырағы ортасына түсу ертеден еліміз үшін қауіпті, ырымы жаман болған деседі. Тигізер зардабы сол – жартылай жетім өскен баланың болашағы бұлыңғыр болатыны. Бұлай деуіміз, ажырасқан отбасыларда қалған, бұғанасы қатпаған балалардың күні не болмақ? Анасымен қалса, өзге әкенің, әкесімен қалса, өзге шешенің өгейлігін көріп, көңілі күпті болып, жүрегіне сызат түспей ме? Міне, осы жағы ата-аналарды қаттырақ алаңдатса екен дейміз.
О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!