Ел Президентінің Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда жасанды интеллектіге алаңдаушылық білдіргені орынды.
Осы бағытта көптен бері, өзім де әбден ойланып, түрлі ақпарат пен сериялық тұжырымдарды, төртінші ғылыми технологиялық даму кезеңіндегі сандық дамудың жетістігімен бірге, зияны да болуы ықтималдығына көңіл аударып жүргенім бар еді. Міне, енді оны саяси биік мінбеден бірінші адамның да назар аударғаны көңілге жылу ұялатты.
Мәселен, Президент өз сөзінде: «Жаңа заманда біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Көптеген ел өзінің салт-дәстүрі мен қазіргі инновацияларды өзара үйлестіру арқылы дамудың даңғыл жолына түскенін тарихтан көріп-біліп отырмыз. Сол секілді біз де төл мәдениетімізді қазіргі әлемдегі шынайы жағдайға бейімдеуіміз қажет» деді. Хош, бұған тереңінен талдау жасалыпты. Әсіресе, ұлттық кодымыз болатын мәдениетіміздің қалай сақталатынына, оның өркениеттік әлемдегі орнына алаңдағаны дұрыс.
Әрі қарай, Қасым-Жомарт Кемелұлы, «бүгінгі таңда мәдениет және идеология саласы жасанды интеллектінің ықпалымен түбегейлі өзгере бастады. Бірақ, оған толық үміт артуға болмайды. Адам факторы әлі де маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Танымал сервистерге қазіргі заманғы Қазақстан туралы сурет немесе видео әзірлеуге сұраныс берсек, көбінесе шындыққа жанаса бермейтін өнім ұсынады». Бұл – енді түбегейлі көзқарас, сыни пайым нағыз.
Расында да, бұрыннан осы жасанды интеллектінің көмегімен мәтін жазылса да, сурет не бейнебаянға тапсырыс берілсе де, мейлі нақты тапсырмаларды енгізген күннің өзінде де, біз күткендей дүниені шығару, мазмұндық талдауға қол жеткізу мүмкін болмай тұр. Көркемсуретшілердің сөзімен айтсақ, «халтура» болып шыға келеді. Бұған өзімнің бірер тұжырымдарымды келтіре кетейін.
Өкініштісі сол, қазір жасанды интеллектіні қолданудан қашу – жаңа өзгеріп келе жатқан заманға аяқ баспау деген сөз емес. Бірақ, дана халқымыздың «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген қағидасын берік ұстанған жөн. Жасанды интеллект алдағы ғасырларға жаңа дәстүр, бұнда опық жеп, арзан мазмұн мен алдамшы ақпаратқа, оңай технологияға қол жеткізіп, осы уақытқа дейін жинаған бай ғылыми қорымызды, адамзаттың ғұламалары жазып қалдырған рухани-академиялық кітапханалық қорына балта шауып алмауымыз қажет.
Керек десеңіз, жасанды интеллект келер ғасырдың діні болып кетсе де, таң қалмаймын. Бұл жерде дін дегенде, адамның ойлап тапқан жасанды интелектінің жетігінде кеткені сенімі, рухани дүниесіне балта шабылған, бір тылсым күштен қорқу емес, технологиялық жасандылыққа табынған буынды тәрбиелейтін дүниетаным болып алып алмаса болғаны…
Яғни, адам мүлдем ойланбайтын технологияны еңбектенбей оңай қолданып, рухани мұрасы пәс, кітаптары музейде раритет болып кеткен заман туындаса, ұлттың болашағына жасанды интеллектілер қаншалықты қауіпті деген сауалдарға бас қатырғанымыз жөн сықылды. Осындай да халқымыз, «діншіл болу әсте-әсте» деуші ме еді?!
Сөзсіз, мұндай педагогикалық-психологиялық сыни көзқараспен қарау орынды. Себебі, бүгінгінің өзінде, жасанды интеллектісіз-ақ, аудиторияда отырған білім алушы, әлеуметтік сайттар мен желідегі ақпарат көздеріне 80 пайызы сүйенеді, онсыз бүгінгінің студенті өмір сүре алмайтын деңгейге жетті. Кітапхана сөрелеріндегі кітаптар мен оқулықтарды қолдану азды-кем, оған арнайы әлеуметтік сауалнама жүргізіп анықтау қиын емес.
Екіншіден, жасанды интеллектіге «18-ғасырдың қазақ өркениетін көрсет» дегеннің өзінде, әзірше бар мүмкіндігі фэнтези дәрежесінде, анау бір белгісіз планетағы халықтың өмір-тіршілігін көрсетеді, бұндағы Халел Арғынбаевтың «Қазақ отбасы», немесе Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» еңбектерінің иісі де жоқ. Бір сөзбен айтқанда, мұрнына иісі бармайтын жасанды интеллектіні жалаулатып барлық деңгейде қолға алып, «ал-давайлап» жасанды интеллектіні көрінген жерге тықпалай беруде, асығыстық танытпаған абзал. Артық қылам деп, тыртық қылу маңдайымызға жазбасын.
Он жылдай еліміз әлі де болса, латын графикасын енгізуде көп ғылыми да, қоғамдық тұрғысынан да алаңдаушылық білдіріп келеді, оның да себептері жеткілікті. Мамандардың жан-жақты нақты көзқарастарына салып ақырындап көшу – қолға алынған мәселе. Дәл осылай жасанды интеллектіге көшуде де әбден зерделеніп, осындай сипат алуы керек. Оның себептерін жоғарыда келтіргендей болдық. Сондықтан, ғылымда экономика жақсы дамуға сара жол деп, экологияны туындатып алғандай, жасандылыққа негізделген жасанды интеллектінің қызығын көреміз деп жүргенде, келер ұрпаққа бай ұлттық рухани мұрамызды бере алмай қалмайық…
Мақсат ЖАҚАУОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Түсінген адамға, жеткілікті..