Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бағдарламалардың нәтижесі түгілі, атын ұмыттық

28.03.2025, 8:40 72

HALYQLINE.KZ

 «Қоржынында 1 трлн теңгеге де жетпейтін таза табысы 416 млрд теңгені ғана құрайтын болса қарыз лимиті де соған сәйкестендірілмей ме?! Президент «қарызды шектеңдер» дейді. Ал үкіметтің қарызды шектеу құнын 2,3 трлн теңге етіп көрсетуі «тапқан табыстан асырып қарыз ала беріңдер» дейтіндей көрінеді. Күні кеше ғана «Бәйтерек» Қытайдан 400 млн юань қарыз алатынын айтты. Холдинг төрағасы «бұл тек қарыздың басы» деді. Демек әлі де қарыз ала береміз деген сөз ғой. Осы уақытқа дейін «Бәйтерекке» қаншама қаржы құйылды. Қаншама мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырдық. Кейбірінің нәтижесі түгілі, атауын ұмытып қалдық. Басқаны қоя тұрып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қо­рын­дағы қаражаттың 1,5 триллион теңгесі инфра­құры­­лымдық жобаларға салынатыны айтылды. Үкімет пен Ұлттық банк «жобаларды бұлай қаржыландыру экономикамызды дамытады. Бұл салымшылардың зейнетақы жинақтарына тұрақты инвестициялық кіріс әкеледі» деді. Қазір керісінше, жұрт зейнетақы қорындағы инвестициялық табыстың азайып кеткенін айтып жүр. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаңтар айында 284 млрд теңгені жоғалтты. Қор өкілдерінің айтуынша, валюта бағамының құбылуы, қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі инвестициялық табыстың кемуіне әсер еткен.

Егер «Бәйтерек» холдингі жүйелі түрде, барлық мүмкіндіктерін пайдаланып жұмыс істегенде, зейнетақы қорынан осы уақытқа дейін берілген қаражаттар пайдасын көрсетер еді, бұлай минусқа кетпейтін едік. Керісінше, инвестициялық табысты өсіріп, зейнетақы қорына қайтарып отыратын еді. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыратын бұл холдинг қызметкерлері 6 жалақы мөлшерінде сыйақы алады. Былтыр холдинг қызметкерлерінің жалақысына ғана 1,5 млрд теңге жұмсаған. Негізінде, зейнетақы қорының алдында, яғ­ни болашақ және қазіргі зейнет­кер­лердің алдында нақты жобалар емес, «Бәй­терек» пен «Самұрық» жауапты бола­ды. Сондықтан бұл холдинг арқылы бағытталатын қаражатты тек қана электр энергетика саласына сала беруге болмайды. Қаражаттың үштен бірі инфр­а­құры­лым­дық жобаларға, қалған ақшаны эко­но­ми­каны әртараптандыруға және ішкі ұсы­нысты арттыруға қатысты жобаларға ба­ғытталуы керек. «Үкімет+Бәйтерек+Самұрық» үшеуі бірігіп жұмыс істеуі керек. Өйткені экономиканы дамытудың негізгі көзі солардың қолында. Әсіресе «Бәйтеректің» жұмысында ашықтық болуы қажет».

Әсем Қасымханова,

экономикалық бақылаушы және саясаттанушы.

«Жас Алаш» газетіне берген пікірінен.

Фото: sputnik.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: