Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлия Молдағұлованың сағыныш хаттары

25.02.2025, 9:00 59

Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде әр жылдарда жинақталған батыр қыздың құжаттары, майдан хаттары, сондай-ақ ол шайқасқан жерлердегі қару-жарақтар, Ленинградта оқыған мектебінен әкелінген фото­суреттер, іздеу отрядтары тапқан деректер, қарулас серіктерінің естеліктері топтастырылған.

1987 жылы салынған музей ғимаратында 11 мыңнан аса экспонат жинақталса, солардың арасындағы ең құнды дүние – елдегі сіңлісі Сапураға жазған майдан хаттары. Қобда ауданы Бұлақ ауылында дүниеге келген, тағдыр жазуымен нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұловтың отбасында Ленинград қаласында тәрбиеленіп, одан өз еркімен майданға аттанып, ерлікпен қаза тапқан батырдың қысқа ғұмырындағы ерлік жолы ғасыр­ларға аңыз болып жалғасты.

Хаттардың дені 1943 жылдың бас кезінде мергендер мектебінде оқып жүргенде жазылған. Әр хаты екі парақтан асады, көк сиямен жазылған. Жазуы анық, әріптері ірі. Соңында «Лия» деп қол қояды. 1943 жылдың 19 мамырында Сапураға 1942 жылдың наурызында балалар үйінің Ярославль облысындағы деревняға көшіріл­генін, ол жерде 7-сыныпты аяқтап, Рыбинск қаласындағы авиация училищесіне оқуға түскенін жазады. 1942 жылдың 18 желтоқсанында Рыбинск қаласынан мергендер мектебіне оқуға келген. Жарты жыл оқып, сынақ тапсырып жатқанын, көп кешікпей майданға аттанатынын хабарлайды. Сапурадан қазақ тілінде жазбағанына кешірім сұрап, Ақтөбеге, ауылға, әжеге, Розаға сәлем айт дейді. Әр хатында Сапарды сұрайды. Сапар – нағашы ағасы Әбубәкірдің соғыс басталған жазда дүниеге келген ұлы. Ленинградтағы әскери-көлік академиясының аспиранты Әбубәкір Молдағұловты 1941 жылдың тамызында эвакуациялау жұмыстарын ұйымдастыруға елге шұғыл шақыртады. Ленин­град­­та жас босанған әйелі Сән мен Әлия қалады. Әлия артынан жеңгесі Сәнмен бірге елге қайту керек болатын. Алайда теміржол вокзалында жеңгесі мен нәресте Сапарды пойызға отырғызып, өзі Ленинградта қалып қояды.

18 маусымдағы хатында май­дан­дағы нағашысының мергендер мектебіне кеткенін айтып кетеді. Есімін жазбайды. Бұл жерде анасы Маржанның тағы бір інісі Бейсенбай Хабиевті меңзеп отыр. Соғыс жылдары майданда әскери тергеуші болып қызмет еткен нағашысы жолы түскенде Әлияға соғып кетіп отырған. Нағашысымен арада қандай әңгіме болғаны жазылмаса да, Әлияның «У меня был дядя, но о нем я писать не буду» деп қысқа қайырғаны айтпаса да белгілі болып тұр. Алдыңғы шептегі жастардың қалай ажал құшатынын талай көрген әскери тергеуші 18 жасқа толмаған қарындасын көзсіз әрекеттерден сақтандырып отырса керек. Әлия мергендер мектебіне кеңес одағының түкпір-түкпірінен жастардың ағылып келіп жатқа­нын, бірақ ішінде бірде-бір қазақ қызының болмағанына қынжылады. Ярославль қаласын­да жетімдер үйінде тәрбиеленген екі құрбысымен хат алмасып тұратынын, оның бірі сол қалада тігінші болып жұмыс істесе, екінші құрбысының балалар үйінде тәрбиеші болып қалғанын айтады. Хатының соңында Әлияның елге деген сағынышы қатты сезіледі. Майданға кірер алдын­­дағы белгісіздік көңіл күй…

Әлия Нұрмұхамбетқызы – Балтық майданы 22-Армия 54-атқыштар бригадасының мергені. 1943 жылдың тамызынан соғысқа кіріп, 1944 жылдың 14 қаңтарында Псков облысы Новосокольники ауданын азат ету кезінде ерлікпен қаза тапты.

 Баян Қуандыққызы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: