Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Алаштану» пәнін енгізсек…

06.02.2025, 11:20 184

Бұл жайында жазу керек! Айту да шын керек!

Қазақ тарихын білесіз бе? «Бабамның өткенін білмейтін сорлы деп пе едің» деп шоршымаңыз. Сұрақтан шошымаңыз! Сол тарихты орыс тілінде оқып көріңізші. Гугл әжейді ашыңыз да, википедия ғұламаны парақтаңыз. Қазақ хандығы туралы атып шығады. Сонда «Казахское ханство традиционно состояло из трех жузов: Старший, Средний и Младший жуз» делінген. Не қателікті байқадыңыз? Ұлының орыс тіліндегі аудармасы – великий емес пе еді?! Неге старший болып тұр? Қанша қазақ «великий» бола тұра «старший жүз»  делініп   жүр.

Қазақстанда 7637 мектеп бар. Оның 3738-і ғана қазақтілді. 1121 мектеп – орыстілді, қалған 2778-і – аралас мектеп. Аралас мектеп­тің жайын айтпасақ та түсінікті. Онда қазақ тілімен қатар өзге тілде де дәріс беріледі, оқыты­лады. Әсіресе, орыс тілінде. Сол орыстілді мектептерде қазақтың төл тарихы «Ұлы» дегенді «старший»  деп  оқытылуда.

Қызық мысал, орыстың мат­решкасын алып, қазақша үлгіде әрлесе өз атауын жоғалта ма? Сол күйі матрешка болып қалмақ. Болмаса, балалайкасы домбыраға айналмайды ғой. Бұл – абсурд. Балалайка мен матрешка – орыс ұлтының идеологиялық құндылығы. Яғни, идеологиялық құралы. Сол сықылды «Ұлыны» «старший» ету қызыл империяның басым саясаты болған. «Великий Русь» тұрғанда «Великий жуз», болмаса «Вели­кий орда» (тарихшы Болатбек Нәсеновтің айтуынша, қазақ үш жүзден емес, Алтынорданың мұрагері ретінде үш ордадан тұрған) болмайды.

Ахмет Байтұрсынұлына оралайық. Ұлт ұстазы «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» депті. Жүз жыл бұрын «Қазақ» газетінің бетіне шыққан мақаладан үзінді бұл. Алаш қайраткерінің білім беруге арнаған бір ғана сөзі. Талайын тарамыстап қарасақ, терең мән, тұңғиық пәлсапа жатыр. Жалпы, қазақтың бала оқыту, яғни білім беру үдерісі сол Алаш қайраткерлерінің тер төгуі нәтижесінде басталды емес пе?! Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу құралы», «Тіл-құрал», «Тіл жұмсар», «Баяншы» сынды еңбектерін жазды. Тағы бір Алаш зиялысы Мағжан Жұмабай «Педагогика» атты туынды қал­дырды артында. Дейтұрғанмен, сол еңбектер қазір мектеп бағдарламасында көп қолданылмайды. Мүлдем пайдаға аспай жатыр дейікші. Қазіргі білім саласы Мағжанның «Педагогикасынан» гөрі Монтессоридің, Пит Дадлидің, Деил Корнегидің еңбегін құп көреді. Шын мәнінде Мағжанның еңбегі әрбір мектептің сыныбында тұруы тиіс емес пе?! Қазақта «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат бойынан түңілсін» деген бар еді. Есесіне педагогикамен айналысып, біреудің баласын оқытқан, бірақ өз баласын қараусыз қалдырып, жат отбасында тәрбиеленуге мәжбүр еткен Монтессоридің еңбегі Мағжанның «маңдай терінен» артық болып па?! Негізі бала тәрбиесінде қазақ «Бала естігенін емес, көргенін істейді»  дегенді  де  айтқан.

Шынын айту керек, қазақтың көп жоғы Алаш қайраткерлерінің тұсында түгенделді. Олар «Қазақ», «Бірлік туы», «Садақ», «Айқап» сынды басылымдар шы­ғару арқылы елді ағартуды көздеді. Алаш зиялыларының неліктен мұншалықты қырғын болғанын әлі жете түсінген жоқпыз. Жете түсінуге де талпыныс жоқтай көрінеді кейде. Қылышынан қан тамған қызыл империя қазақтың оқыған-тоқығанын, өрмелеп қараңғы түнде күн болуға, сол ар­қы­лы қалың жұртына жарқырап жол көрсетуге ұмтылғандарын жоқ ету арқылы халықты айдауға көнетін ұлтқа айналдыру еді. Мәселен, Алаш арыстары күнбағыстың гүлі еді, халық сабағы-тын. Гүл күн қайда тұр сонда мойын созып, сабаққа сәуле мен нұр дарытты. Ал, коммунистер гүлді қырқып алды да, құр сабақ қалды. Сабаққа күннің қайдан және қалай шыққаны маңызды  емес  қой.

Қазіргі білім саласында өзімізден гөрі өзгеге мойын созу басым. Шетелдік жалт еткен дүние пайда болса, соны игеруге ұмтыламыз да тұрамыз. Құдды біздің білім саласы «тәжірибелер мен сынамалар жүргізілетін зертхана» іспетті. Тәуелсіздік алғалы бірнеше білім беру бағдарламасы қолданылды. Мақұл делік. «Орманына қарай аңы, заманына қарай заңы» болсын. Дейтұрғанмен, өз тарихымыз бен өз педагогикамызды еңкілдетіп табалдырықта қойып, жаттың тәжірибесін неге төрге оздырамыз? Неге жаңа һәм қазаққа тән педагогикалық әдіс ойлап таппаймыз? «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер», «Балаңды ұлша тәрбиелесең ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең құл болмақшы» дегенді айтқан қазақтың педагогикасы жұрттікінен кемшін  болып  па?

Жапонияның білім жүйесінде бір озық әдіс бар. Білім беруде бала санасына әуелі өзі туған өлкенің тари­хы мен салт-дәстүрін, мәдение­тін сіңіреді. Содан кейін аймақ­тың, сосын елдің, кейін әлемнің тарихы мен мәдениеті, тілі мен салт-санасы оқытылады. Ал бізде ше? Бізде «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа»  дегендей  тілі былдырлай бастағаннан әр дүниені бала санасына тықпалаймыз келіп. Тіл турасында да солай. Болса да шетелдік тәжірибені қолдандық екен, заман талабына сай киініп күндіз жұмысына, кешке ұлттық киімін киіп шіркеуіне баратын, дәуір көшінен де, ұлт мүддесінен де кем түспей жатқан жапондардан  тәлім  алайық.

Дастанбек  САДЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: