Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құсбегілікке ел билігі ерекше емеурін танытпай отыр

06.02.2025, 11:00 441

Бар өмірін еліміздегі Бүркітшілер мектебін ұйымдастыруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға арнаған маман Бағдат Мүптекеқызы құсбегілердің мәселесін БАҚ-та ашық айтып, шешілу жолын да қарастырып жүр. Біз де өз кезегімізде республикалық «Құсбегі» федерациясы қоғамдық бірлестігінің  вице-президентін әңгімеге тартып, саладағы бірқатар мәселеге қанық болған едік. Ұлттық спорттың бір түрі саналатын саятшылық өнеріне ел билігі ерекше емеурін танытпай отырғаны жалған емес. Мысалы, елімізде әлі күнге дейін құсбегілері жоқ облыстар кездеседі. Мысалы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Орал және Ақтөбе облыстарында құсбегілер жоқ.

Қазақстанда бүркіт, қаршыға, сұңқар салатын 200-ге жуық құсбегі болса, тұрақты түрде жарыстарға қатысып жүргендер саны 100-ден асады екен. Ең көбі Алматы (70) мен Жетісу (20)  облыстарында  тұратын  көрінеді.

Шынын айтқанда, құс ұстайтындардың да дені – шетелден  келген  қандастарымыз.

– Ұлттық спорттың бір түрі болса да, рес­публикалық жарыстарға азғантай ғана қаржы бөлінеді. Сондайлық көмек, қолдау жоқ. Қыран құстарды пойызда тасымалдау – ең басты проб­лема. Бұл да әлі күнге шешілмей келеді. Азығы да шешілмеген, әр құсбегі өзі қамтамасыз етеді. Ұлттық спортты дамыту үшін, ұлттық құндылық, мәдени мұра ретінде жеке Заң, Ұлттық бағдарлама керек, – дейді Бағдат Мүптекеқызы.

Кейіпкерімізден «Құсбегілікті дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылуы тиіс?» деп сұрадық. Себебі, саланы бес саусағындай білетін маманның жанашырлығы мен табанды еңбегі майшаммен қарарлық мәселені көтеруге толық  жеткілікті.

– Қыранымыз көк Туда, Мемлекеттік рәмізде халықтың рухы, бет-бейнесі ретінде тұр. Бірақ, оның маңыз, мағынасы туралы мемлекет тарапынан ешқандай жұмыстар қолға алынған жоқ! Балабақша, мектептен бастап, қыранның қасиеті, қоршаған орта, экология мәдениеті, патриоттық тәрбие берудегі қыранның, жалпы құсбегіліктің қазақ тарихында алатын орны тура­лы  арнайы  пән  енгізілу  керек.

Облыстарда Ұлттық спорт мектептерінде «Саят», «Құсбегілік» бөлімдері бар, жастарды тәрбиелейтін. Алайда жоғары оқу орындарында (бұрындары 4-5 жыл Алматыда Туризм және спорт академиясында Ұлттық спорт кафедрасында «Саят» бөлімі болған. Соңғы жылдары кафедра жабылып қалды) спорт түрінен арнайы кафедра (Ұлттық спорт!) ашу керек. Сонда жаттықтырушылар мен төрешілерді оқыту да қолға алынуы тиіс, – деген ұсынысын да айта кетті «Қыран» Федерациясы қоғамдық қорының  атқарушы  директоры.

Әңгіме барысында «Бүркітші қыз» атымен танылған  Айшолпан  да  сөз  болды.

«Айшолпан Өскеменге көшіп келді, бірақ бүркіті жоқ. Былтыр оқуын Алматыдан бітірді. Биыл балапан алып, «құсбегілікпен айналы­самын» деп отыр» деп қысқа қайырды Б.Мүптек­еқызы.

Қазақстандағы құсбегілікпен айналысатындардың дені шетелден келген қандастары­мыз екені рас. Сонау 1960 жылдан бастап алғаш Қытайдан, сосын Моңғолиядан келгендер ұлттық спортымызға нәр беріп отыр. Ал елдің спорт саласындағы басшылары әлі күнге дейін саятшылық пен құсбегілік спортына қомақты қаржы  құюға  қауқарсыз.

Ұлттық спорт жанашыры біраз жыл бұрын құсбегіліктің арнайы Ережесін жасап шыққан, мұны көпшілік жақсы біледі. Ал соңғы жыл­дары оны дамыту турасында арнайы Бағдар­ламасын  жасап,  ұсынып  жүр.

– Әлем түгілі, өзімізде дамымай жатыр. Осыдан 4 жыл бұрын 3-5 күндік Бағдарламасын жасап, мағынасын түсіндіріп, фото-видео, жазбалармен ЮНЕСКО-ның «Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау» тізіміне «Салбурын – қазақтың аңшылық мерекесі» ретінде ұсынған болатынбыз. «Жақсы екен, керемет!» деген еді, әлі күнге қозғалмаған. Өткенде жалпы ЮНЕСКО-ның жұмыстары жөнінде ҚР Мәдениет министрі Алматыда жиын өткізгенде, бұл мәселені тағы көтеріп, қолымдағы Бағдарламаны төртінші министрдің қолына ұстатқанмын!

Қаңтар айында ғана хабар келді, «Комиссия құрылып, бұл тақырыпты зерттеп, қорғауға жіберу керек» деген жоғары жақтан нұсқау түсіпті. Көрелік!, – деді сәл сенімсіздікпен Бағдат  Мүптекеқызы.

Негізінен құс асырауда қиындықтың өте көп екені белгілі. Оны жер-жердегі жарыстарға тасымалдау мен азықтандыруда құсбегілер кедергіге жиі тап болады. Құстар тек таза әрі жылы ет қана жейді. Ұлттық спорттың бір түрі саналатын саятшылық өнерін қаржыландыру да  оң  шешімін  таппай  жүр.

– Үлкен  атам  Бекмырза 200-дей  құс  ұстаған  адам  болған.  Әкемнің  ағасы  Тоқтасынның  1961 жылы Қытай шекарасынан елге қарай өтерде «Сарыбауыр» деген бүркіті болды. Сонда ол «Егер менің құсымды бірге өткізбесеңдер, мен Сәбет мемлекетіне бармаймын» деп отырып алыпты. Тоқтасын атамыздың құжатына екі жүздей адам тіркеліп келе жат­қандықтан, шекарашылар амал жоқ, құсымен бірге өткізген екен. Ол кезде мен небәрі 5 жаста едім, – деді  кейіпкеріміз.

Тәуелсіз Қазақстанның көк Туында қанат қаққан қыран – қазақтың сан ғасырлар бойы еркіндікке, бейбіт өмірге ұмтылған рухы мықты халықтың өркениет биігіндегі анық бағыты, бабаларымыздың асыл арманын қос қанатына  қондырған  аманаты.

– «Алтынның қадірін алушы ғана біледі» демек­ші, ерекше қасиетке ие көк Туымыз көкке көтерілгенде бір сәт тебіренбейтін жан болмас! Әсіресе, әдемі, айшықты Туды құшағына қысып, сүйіп тұрып, кеудесін мақтаныш кернеген, қыранмен бірге қияға қанат қаққан намысты ұрпағы, қолына киелі құсты қондырған бекзат өнердің иелері тіптен ерекше, өлшеуге келмейтін өмірдің қайталанбас қимас қызығын қалт жібермей қызғанып, санасынан өзгеше өткеретіндей көрінеді. Содан болар, әркімнің еншісіне тие бермейтін «ескіден қалған естелігін» есінен шығармай, қиыншылықтарға қарамастан, қанында қалған бабалардың мұрасы – құсбегіліктей бекзат дүниеден бас тарта алмай келе жатқан жанкештілердің күнделікті тірлігін көпшілік түсіне бермейтіні. Алайда, ол – күн көзіне тіке ұша алатын қырандай қайсар, «бүкіл әлемді қос қанатына сыйдырғандай», биіктен қарайды, өр кеудесін ешкімге бастырмайды, құламайды! Ол Тәуелсіз елдің бет-бейнесін әлі-ақ, бүкіл әлемге әйгілейтін мақтанышы болады. Үкілі үміті әлі де алға жетелеп келеді…, – деп сөзін қорытын­дылады  Бағдат  Мүптекеқызы.

Сөз жоқ, саятшылық, құсбегілік – бізге баба­дан жеткен бекзат өнердің бірі. Қазақ халқы үшін бұл тек күнкөріс, ішіп-жем деңгейін­де болмағаны анық. Бұл – спорт, өнер. Олай дейтініміз – құстың, тазының бабын жасау, бағын ашу, үйрету, дайындау, уақытылы әрі дұрыс тамақ­тандыру, жарысқа қосу, мықтылығын  тамыршыдай  дөп басу, бәрі-бәрі – мықтылық, ептілік  және  бекзадалық.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: