Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шаруасы шираған Шиелі

05.02.2025, 8:30 44

HALYQLINE.KZ

Шиелі ауданының өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелері мен кәсіпорындары 2024 жылы 66 млрд теңгеден аса өнеркәсіп өнімін өндірді. Ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің саны 6 363 субъектіге жетіп, жұмыс істеп тұрғаны 96,7 пайызды құрады. 2024 жылы ауданда 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, жобалар толықтай жүзеге асырылып, 127 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал биыл қандай инвестициялық жобаларға басымдық беріледі? Бұл туралы Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баяндады.

– 2025 жылы құрылыс жұмыстары басталатын және іске қосылатын жобаларды таныстырып өтсем. Жыл сайын ауданда жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың саны артып келеді. 2025 жылы 9 ірі инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар іске қосылғанда, 233 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Атап айтқанда, «Тесис» ЖШС-ның қуаттылығы 40 МВт күн электр станциясы. Жоба іске қосылғанда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. «VIGOR Holding» ЖШС, қуаттылығы 20 МВт күн электр станциясы. «Uranus Wind» ЖШС, қуаттылығы 50 МВт жел электр станциясы жобасы. «Altyn Dala Energy ltd.» жеке компаниясы, қуаттылығы 60 МВт күн электр станциясы. Жоба 2026 жылы іске қосылады және 18 адам жұмыспен қамтылады. «Табиғи тас Қызылорда» ЖШС-нің «Қиыршық тас өндіру заводы» жобасы. «Дом Инвест» ЖШС-ның «Батыс Қытай-Батыс Европа» тасжолының бойынан газ құю стансасы мен сервистік қызмет көрсету кешені жобасы. «Ақмая» шаруа қожалығының «Күріш ақтау зауыты» жобасы. Таң ЛТД» ЖШС-ның «Жүгері дақылдарын кептіру және терең өңдеу » жобасы. «Transshipment 1» ЖШС-ның Cұйық реагенттер қоймасы. Аталған жобалар ел игілігіне беріліп, жақында өз жұмыстарын бастайды, – деді Айтбай Насраддинұлы.

Биыл ауданның шаруашылық құрылымдары 31 мың гектар жерге егін екті. Негізгі дақыл күріштің үлесі – 13 098 гектар, жыл қортындысмен әр гектардан 60 центнерден өнім алып, жалпы 78 588 тонна астық жиналды. Биылғы жылы ауданда 10 мың гектар жерге лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізілді. Суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суару әдісімен 2050 гектар жерге көкөніс және бау-бақша дақылдары егілді.

– Ауданда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және импортты азайту мақсатында әр отбасының өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамтамасыз ету үшін шаруашылық құрылымдарымен 1 550 гектар жер дайындалып, бау-бақша өнімдері егілді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы техника паркі кейінгі 4 жыл көлемінде 63 пайызға жаңа үлгідегі отандық және шетелдік техникалармен жаңартылды. Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың негізгі индикаторларына сәйкес мал шаруашылығын дамыту бағытында төрт түлік мал санында да өсім бар, – деді аудан басшысы.

Шиелі – дауылпаз ақындарды, арқалы әншілерді, марғасқа жыршылардығ жалпы мәдениет майталмандарын шығарған мекен. Дүбірлі додаларда жемісті өнер көрсетіп, ауданның ғана емес, түгел Сырдың мақтанышына айналған бұл өлкенің өрендері де жетерлік.

– Облыстық «Алтын дән-2024» салтанатты іс-шарасында жыл қорытындысымен Шиелі ауданы «Су үнемдеу технологиясын қолдану» бойынша «Озат аудан» номинациясын иеленсе, Сырдария ауданында өткен облыстық «Алтын күз – 2024» ауыл спартакиадасынан ауданымыздың спортшылары спорттың 16 түрінен өткен жарыста жүлделі 1-орынды алды.

Сондай-ақ, «Төрлет, еңбек адамы!» тақырыбындағы «Алтын домбыра» айтысында жерлесіміз, айтыстың ақтангері Мейірбек Сұлтанхан топтан озып шығып, «Алтын домбыра» иегері атанды. Жерлесіміз Ақкербез Ысқаққызы Алматы қаласында өткен «Қазақ аруы – 2024» байқауының жеңімпазы атанды, – деді Айтбай Насраддинұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: