«Біздің қазіргі территориямызда кем дегенде 70-100 миллион халық өмір сүруі керек» дейді филология ғылымының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы «Ана тілі» газетінің соңғы нөмірінде жарияланған «Қандастар Қазақстанға, Қазақстан қандастарға мұқтаж» атты көлемді сұқбатында. Бұл – Дүкеннің ұзақ жылдан бері баспасөзде, басқа да көпшілік ортада үнемі қайталаудан жалықпайтын ұрансөзі. Сұқбатта Дүкен шетелдерде тұратын қандастарымызды елге қайтарудың өзекті мәселесін кезекті рет көтеріп отыр. Ол өз ойын «біздің жан санымыз 70-100 миллион демей-ақ қояйын, 50 миллионға жетсе, сонда ғана тәуелсіздіктің, мемлекеттің тағдырына алаңдамай күн кешуге болады» деп тұжырымдайды. Ғалым диаспора, ирредента деген ұғымдарға түсінік береді.
Бір ұлт өкілдерінің өз елінен екінші бір елге ерікті-еріксіз қоныс аударып, өзге халықпен қатар тұрып жатқан бөлігін диаспора деп атайды. Айталық, Германиядағы қазақ ұлтының өкілдері, Қазақстандағы неміс, орыс, беларусь, кәріс, грек, чешен, т.б. ұлт өкілдері диаспора саналады. Ал өздерінің ежелгі атамекенінде тарихи өмір сүріп келе жатқан, бірақ біртұтас ұлттан атақонысымен бірге бөлініп қалған бөлігі ғылыми тұрғыда ирредента аталады. Қытайдағы, Ресейдегі, Өзбекстандағы, Моңғолиядағы қазақтар – осының мысалы. Қазіргі жаһандану дәуірінде өз атамекенінде ұлтымыздың етек-жеңін жинақтап алмасақ, енді алдағы 20-30 жылда шетелдердегі қандастарымыз агрессивті ассимляция салдарынан ұлттық идиентификациясын жоғалтып алуы, яғни сол жердегі басым ұлттарға сіңіп кетуі әбден ықтимал. Дүкеннің осындай алаңдаушылығына мен де қосыламын.
Ресми деректерге қарағанда 1991 жылдан бергі 34 жылда 1 миллион 200 мыңдай ағайынымыз елге оралыпты. Бұл, әрине, құптарлық цифр. Бірақ біз қанағаттанатындай деңгейде емес. Қазақстандағы қазақтар саны бүгінде 77-78 пайызға жетіп қалды. Алайда «статистикалық ойындар» салдарынан бұл цифрлар үнемі төмендетіліп көрсетіледі.
Шетелдерден қазақтарды көшіріп алу үдерісіне К.Мәсімов үкіметі кезінде үлкен тосқауыл қойылғаны есімізде. «Қазақ тілін бір жылдың ішінде үйреніп аламын» деп уәде берген «сабаз» үкімет басындағы екі мерзімінде қазақ тілін үйренбек түгілі «Қайта шапқан жау жаман» демекші, шетелдердегі қазақтарды тарихи отанына қайтару шараларын тұралатып тынды. Басында жалаулатқанымен экс-президент Н.Назарбаев та бұл мәселелерді аяқсыз қалдырумен аты шықты.
Дүкен ініміз «Отандастар» қорының ресми мәліметтеріне сүйене отырып, дәл қазірдің өзінде шетелдерде өмір сүріп жатқан ағайындардың арасынан 1,5 миллион қандасымыз Отанға оралуға ниет білдіріп отырғанын айтады. Оны жүзеге асыру үшін қажетті бес шартты алға тартады. Оның ішінде жергілікті билік немесе құқық қорғау органдары тарапынан қисынсыз қысастық жасалмай, керісінше, құжатнама бойынша барынша жеңілдіктер жасалуын аса маңызды деп есептеймін. Сондай-ақ зейнет жасындағы қандастардың еңбек өтіліне қарай лайық зейнетақы тағайындауы, балаларының мектепке, балабақшаға бірден қабылдануы қандастар легінің еселенуіне ықпал етер еді. Мұның бәрі Үкіметтің кешенді бағдарламасынсыз жүзеге аса қоюы екіталай. Біздің еліміз үшін мемлекетшілдік аса тапшы қасиет екенін білеміз. Бірақ Отанымыздың ертеңі үшін осы іске мүдделілікпен атсалысу отаншылдықтың ерекше көрінісі болар еді. Ұсынысқа Үкімет қолдауы қажет!
Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев),
жазушы-публицист
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!