Баспасөздің анықтамасы баршаға аян. Баяғыдай тасқа басылып тарайтын газет-журналдың жиынтық атауы. Ал өзімізше өгейсітіп, басқа сөзге балап отырғанымыз: радио, теледидар, фейсбук, инстаграм, тик-ток, тағысын тағылар. Уақыт ұршығында ұтымды айналып, бейбітқатар өмір сүруге әбден лайық бренд пен тренд.
Журналистиканың классикалық дәстүрлерін бойына сіңірген мерзімді басылымдардың бүгінде басынан бағы тайғандай көрінетіні бар. Нарыққа наз жүрмейтінін білеміз. Әйткенмен қымбатшылық қыспағына түскен әлеуметтің әл-ауқаты әжептәуір әлсірегені белгілі. Қоғам да, адам да өзгерді. Құндылықтар құлдырады. Рухани әлеуетіміз әлсіреді. Күнкөріс қамы алдыңғы кезекке шықты. Тапқан-таянғаны тамағынан аспайтын ағайынды баспасөзге жазылмайтынын бетіне басып, айыпқа бұйырудың жөні жоқ. Тиражы кеміп титықтаған ұлттық үнжариялардың ахуалы алаңдатады. Баспахана қызметінің бағасынан бас айналады. Оқырманға жеткізу барысындағы тасымал тауқыметі – таусылмайтын тақырып. Айта берсек, арыз көп.
Қаптаған қиындыққа қарамастан қазақ баспасөзі ұлт ұпайын түгендеуге аянбай атсалысып келеді. Егемен еліміздегі жылт еткен жағымды жаңалықтарды әріптестеріміз жарғақ құлағы жастыққа тимей жалпақ жұртқа жеткізуге асығады. Жақсыны мақтайды, жаманды даттайды. Елдік мәселелерді екшейді. Түрлі себептерге байланысты ақиқатты жеріне жеткізе айта алмай қалатынымызды мойындаймыз. Өйткені ойдағыға бойдағы күшіміз әмсе жете бермейді.
«Іштен шыққан жау жаман». Кейбір керауыздар, әсіресе телевизиядағы, әртүрлі сайттағы әлдебіреулер қазақ газеттері туралы әулекі әңгімелерді қоздатып, онсыз да жұқарған жүйкемізге ши жүгіртуді әдетке айналдырып алғандай. Ондайлардың ойынша, мемлекеттің мол қаржысын біз орынсыз «жұтып» жатқан секілдіміз. Әлеуметтік желілер желдей ескен заманда көпшілікке кешігіп жететін хабар-ошардың түкке керегі жоқ көрінеді. Сондықтан газет-журнал атаулының сорын сорпадай қайнатып, тегіс жауып тастау қажет.
Көрдіңіз бе, көкезу «қарақтардың» қалай-қалай көсілетінін? Ең бастысы, мұндай пікірлерін әлгі пысықайлар мәртебелі жиындардың мінберінен айтатынын қайтерсің. Оларға биліктің бишігін ұстаған баз бір лауазымды бауырларымыз да қосылып кететіні өкінішті-ақ. Бір қуанарлығы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында «Мен ақпарат кеңістігіндегі үрдістерді жіті қадағалап отырамын. Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді», деп ордалы ой білдірді. Бұл – әрине, жақсылықтың белгісі.
Республиканың ресми үні есепті «Егеменге» тіл тигізіп, алыстан айбат шегетіндер де төбе көрсетіп қояды. Әсіресе әнеубір телеарналардан шатып-бұтып хабар жүргізетін шалағай журналистердің сандырақ сөзін естігенде еріксіз сыңар езуімізді тарттық. Атам қазақ айтқыш қой. «Көк қарға к…не қарамай әулие ағаштың басына қонады» дейді. Әлгіндей «әріптестердің» «Егемен» бастаған елдегі басылымдардың атына сын айту үшін алдымен өздері екі ауыз сөйлем құрауды үйренгендері жөн болар еді.
Бүгінде блогерлер мен КВН-шылардың тасы өрге домалап тұр. Бірі екіленіп журналистерге ежірейеді. «Көпірген көлдей-көлдей мақалаларыңды оқуға ешкім құлықты емес. Біз ақпаратты көзді ашып-жұмғанша жеткіземіз. Пәленбай жазылушым бар, мені жау шаппайды. Әкіреңбай әкімдердің біразы алдымызда құрдай жорғалайды. Сендерге бәрі қожа…». Екіншілері театр әртістеріне тепсінеді: «Сахнаға сағаттап телміртетін спектакльдеріңнің қажеті қанша? Біздің бір вайнға татымайды».
Ал айтысып көр!
Бірде есек пен жолбарыс ерегісіп қалыпты. Еріккен есек: «Осы шөптің түсі көк қой, иә?» депті. Жолбарыс: «Жоқ, жасыл», депті.
Екеуі әрі-бері айтысып, ақыры аң патшасы арыстанға жүгінбек болыпты.
Тақтағы тақсырына есірген есек айқайлай келіпті. «Мәңгілік мәртебелім! Далада өсіп-өнген шөптің түсі көк қой», депті. «Иә, көк» депті арыстан айбарлана. Есек одан сайын еліріп: «Мына ақымақ жолбарыс соны да білмей әбден жынымды ұстатты. Өзінің жазасын беріңізші», депті. Содан хайуанаттар әлемінің әміршісі жолбарысты үш жылға дейін үндемейтіндей жазаға кесіпті. Жазған құлда шаршау бар ма, «кінәсін» мойындаған жолбарыс жүні жығылса да, көкейіндегісін ірке алмапты. «Аса құрметті Арыстан-еке, шынтуайтында шөп жасыл ғой», депті. «Жасыл болғанда қандай!» депті паң патша. «Ендеше, мені неге жазаладыңыз?» депті шұбар ала шері сәл күмілжіп. Сонда арыстан ағынан жарылыпты: «Ештеңеден тайсалмайтын тарғыл тағым-ай, сен бір нәрсені түсінбепсің. Мен сені ақылды, қайратты басыңмен анау түсініксіз хайуанмен түкке тұрмайтын нәрсеге бола айтысып, соның дауын шешуге маған келіп, алтын уақытымды алғаның үшін жазаладым», депті.
…Пілге үрген қандендей, қасиетті қазақ баспасөзінің шаужайына жармасып, шабаланған әлдебір әумесерлердің солақай сөзін көр-жер әңгіме етіп, оқырманның ойын онға бөлген біздің әрекетіміз де жаңағы жолбарыстың қылығына ұқсап кеткен жоқ па? Онсыз да белгілі жай емес пе дегенім ғой…
Талғат БАТЫРХАН.
egemen.kz
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!