«Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейді» деген әйелдердің әлі күнге дейін шешілмеген мәселелері, құқықтық қозғалысқа келгендегі қоғамның қотыр көзқарасы, зорлық пен зомбылықтың зардабы жетерлік.
Жалпы, қазір Қазақстанда, бертін келе «Жаңа Қазақастанда» да қазақ әйелдеріне деген құрметті, қажетті қолдауды азды-көпті көріп жатқанымыз рас. Қарапайым, қарабайыр «қатын-қалаш» ұғымын да толыққанды тоқтатқан қоғамды көрмедік. Ендігі шешімі шешілмей жүрген гендерлік теңдікті қоя бергенде, зорлық-зомбылықтың құрбаны болған қаракөздеріміз қаншама?! Бәрін айт та, бірін айт, бүгінгі мақалада нәзікжандылардың біршама мәселесін қозғайтын боламыз.
Алдымен, гендерлік теңдіктегі алшақтықты айтайық. Қазақстанда әйелдердің құқықтарын қорғау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мәселелері өзекті болып қала береді. Соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар шара қабылданғанымен, әлі де шешімін таппаған проблемалар бар. Елімізде әйелдер саны республикадағы жалпы халық санының 51,4 пайызын құрайды. Дегенмен, гендерлік теңдік мәселелері әлі де өзекті. Мысалы, 2020 жылы Қазақстан гендерлік теңдік рейтингінде 80-орынды иеленді, бұл 2006 жылмен салыстырғанда 48 позицияға төмендегенін көрсетеді.
Ал, 2020 жылдың алғашқы 5 айында елімізде отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылықтардың саны 25%-ға өскен. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, әлемде әрбір үшінші әйел күш көрсету немесе жыныстық зорлыққа ұшырайды. Бұл көрсеткіштер елімізде әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғау қажеттілігін айқындайды. 2024 жылғы 20 желтоқсанда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен өткен Сарапшылар клубының отырысында гендерлік даму мәселелері талқыланды. Отырыста әйелдердің экономикалық және саяси өмірге белсенді қатысуына кедергі келтіретін негізгі себептердің бірі олардың қоғамдағы рөлі туралы қалыптасқан дәстүрлі идеялар мен стереотиптер екені атап өтілді. Мәулен Әшімбаев бұл стереотиптерді өзгерту үшін барлық деңгейде белсенді жұмыс жүргізу қажеттігін айтты. Әйелдердің экономикалық белсенділігіне қатысты мәселелер де бар. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, еңбек нарығының 48 пайызға жуығын әйелдер құраса да, олардың арасындағы жұмыссыздық үлесі жоғары, ал жалақы көлемі ерлерге қарағанда орта есеппен 26 пайызға аз болып отыр. Ауылдық жерлердегі әйелдердің экономикалық белсенділігі де төмен деңгейде. Қазіргі таңда әлеуметтік желінің көмегімен үй тірлігіндегі, декреттік демалыстағы не жұмыссыз қазан-ошақ қасындағы әйелдердің әдемі ермегі пайда болды. Түздегі тіршілігі мен үй ішіндегі әрбір әрекетін әлемжеліге салып, күнкөрістің қамына кірісіп кеткен келіншектер де бар. Бұған кейінірек тоқталамыз, ал әзірге гендерлік мәселенің мән-жайын жіліктейік.
Қазір «Фембике» деп танылған азаматшалар қатарын көптеп кездестірудеміз. Бұл да қазақ әйелдерінің қоғам қатынасына кіріскенін көрсетеді. Жоғарғы биліктің бұл тұрғыда шығарған шешімі, атқарған іс дәйектері бұлыңғыр. Осы жерде қарапайым қазақы қатып қалған стереотиптердің билік басында да жіби қоймағанын көреміз. Қаншама қаракөздің құқығын қорғап, заң алдында еркіндікті талап еткенімен, оңайлықпен шешіле қоймайтыны тағы бар. Оған дәлел, осы күнге дейін қыз-қырғынды зорлап, күш көрсеткен еркектік намысты, имани тілмен айтқанда, нәпсімен шатастырған қоғамдағы қараңғы қазақ жігіттері. Ауыр айтпасқа амал жоқ, дүйім жұртты дүрліктерген Нүкенованың да қайғылы қазасы оңайлықпен заңдық жүйеге өзгеріс ендірген жоқ. Бишімбаевтың былығы біраз қыздың көзін ашты, абьюзерлік, тирандық қарым-қатынастың соңы қандай жағдайға жеткізетініне дәлел болды. Осыдан кейін белгілі белсенді азаматшалар да әйелдерге арналған ұйым ашып, қолдау көрсету орталықтарын жандандыруда. Осы секілді оқыс оқиғалардың бетін қайтаруға білек сыбанып, етене араласып, белсенді болып жүрген фембикелердің бірі Айгерім Құсайынқызымен тілдескен едік.
– Әйелдердің құқықтарын қорғау тек заң шығарумен шектелмеуі керек. Бұл мәселеде білім беру жүйесін реформалау және әйелдердің өзін-өзі дамытуына қолдау көрсету маңызды. Қоғамда әлі күнге дейін әйелдерге қатысты таптаурын көзқарастар бар, оларды жою үшін тек құқықтық қана емес, мәдени және тәрбиелік жұмыс қажет. Көптен қозғап жүрген «ұят» ұғымы да, яғни ұлттық ұстаным халықаралық стандартқа сай келмейтінін көп жерде кездестіреміз. Алайда, әлеуметтік әлеуеті мен қоғамдағы орнын ойып тұрып талап ететін сауатты қаракөздер қатары көбеюде, бұл біздің дұрыс бағытты бағамдауда екенімізді айқындайды. Қоғам деп жатамыз, сол қоғамда феминистік терминді теріс түсінетін ер-азаматтар легі әлі де басым. Жалпы, феминизм дегеніміз латын тілінен аударғанда, «femina» – әйел, яғни саяси, экономикалық, әлеуметтік және әйелдердің жеке құқықтарын кеңейтуге бағытталған бірқатар идеология мағынасын береді. Әрбір әйел – жалғызым, сол себепті де осы ұранды ұстана отырып, қажетті қолдауды көрсету – басты міндетімнің бірі, – дейді А.Құсайынқызы.
Әрине әйел – отбасының ұйытқысы, келер келешекті тәрбиелеуші ана. Ал осы тұрғыда ошақ қасы мен қазан құлағында қызметін жасап жүрген ауылдық әйелдердің де отбасыдан бөлек, қоғамда да өзекті орны бар екенін ескергеніміз жөн. Жоғарыда атап өткеніміздей, әлемжеліні әрекет пен нантабыс етіп жүрген келіншектердің кейпіне көз сүйсінеді. Көзге көрінбейтін күйбің тірлікті көрерменге көркемдеп жеткізу де – өнер. Экономикада «екінші ауысым» деп аталатын үй тірлігі айлық жалақы да, еңбек демалысын да талап етпейді. Осылайша әйелдер қауымының блог жүргізіп, күнкөріс көзіне айналдырғаны қазір қоғамға тансық емес. Ауылдық әйелдердің айтуынша, бұл біршама стресс пен бос уақыттың алдын алады. Көрген көзге мотивация, бір жағынан тірлік те тындырымды, ал бір жағынан өзімізді уақытша алдау дейді.
Ал, енді қазіргі қоғамдық көзқарастың одан әрі қырғиқабағын үдетіп жүрген, әсіресе ер-азаматтардың қытығына тиген коуч, әйел психологтарының курстары шығуда. Біраз сынға ұшыраса да, сұранысы жоғары коуч мамандарының курстық білімдері кемі 10 мың теңгенің айналасынан басталады. Әйелдік энергияны көтеру деген курсты қоя бергенде, өзіндік даму, жеке шекарасын шектеуді дәріптеп жүргендер де бар. Бұл бір жағынан қоғамда сауатты әйелдер санатының көптігін көрсетсе, бір жағынан өзін дамытамын, білім аламын деген әйелдер еркіндігіне ұмтылған қысым-қитықтан шығу жолын іздеген келешектің келіншектерін көруге болады. Әр тұстан ақсап тұрған дүниені көру қазақы менталитетке тән екені айтпасақ та бесенеге белгілі. Бірақ, бұндай бастаманың болуы біршама нәзікжандының қоғамдағы көзқарасын оң бағытқа бұрғанын айтуға болады. Осы арқылы, экономикада да әйелдер қауымының елеулі үлесі барын байқаймыз.
Қорыта келе, қазақ қыз-келіншектерін кемсітуден, қорлаудан аулақ болсақ, қоғамдық дамудың дағдарысы да үдемесі анық. Себебі әйел көтерілсе, өмірлік режим шайқалады, билікті бітті дей бер. Әр әйел – әлемнің қозғаушы күші, тал бесіктен тар бесікке дейінгі өмірің осы әйел-анамен өтетінін ұмытпаған жөн.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!