Отбасы – әр адамның өміріндегі басты тірегі, жылу мен қамқорлықтың ордасы. Алайда, өмір өз дегенін жасап, кейбір отбасыға толық емес күйде өмір сүру сынағын береді. Мұндай отбасының әр мүшесі ерекше күрделі сынақтарға тап болады. Экономикалық қиындықтардан бастап, эмоциялық күйзеліс пен әлеуметтік кедергілерге дейінгі мәселелер осы отбасылардың жүгін ауырлата түседі. Бірақ әрбір қиындықты еңсерудің жолы бар, ал бастысы – қоғам тарапынан түсіністік пен қолдау көрсету.
Толық емес отбасының ең басты проблемаларының бірі – қаржылық тұрақсыздық. Не ер-азаматқа, не әйелге балаларды асырау, білім беру, тамақтандыру және күнделікті қажеттіліктерді өтеу міндеті жүктеледі. Қаржының жеткіліксіздігі бұл міндетті күрделендіре түседі. Жалғыз кіріске тәуелділік тек қажетті заттарды алуға мүмкіндік береді, ал артық қаражат жинау немесе баланың қосымша үйірмелерге қатысуын қамтамасыз ету арман болып қалуы мүмкін. Дегенмен, бұл қиындықтың шешімі үнемшілдік пен қаржылық сауаттылықты меңгеруде жатыр. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан толық емес отбасыларға қолдау көрсететін арнайы бағдарламалар мен жеңілдіктер ұйымдастырылуы маңызды.
УАҚЫТ ТАПШЫЛЫҒЫ – АТА-АНАҒА ҚОСЫМША СЫН
Толық емес отбасының ата-анасы үшін уақыт – ең тапшы ресурс. Бір қолымен жұмыс істеп, екінші қолымен бала тәрбиелеп, үй шаруасын жүргізу оңай емес. Кейде ата-аналар өз жеке өмірі туралы ұмытып, балаларын бірінші орынға қояды. Мұндайда қажу мен күйзеліс сезімі туындайды.
Дегенмен, бұл мәселенің шешімі – дұрыс жоспарлауда. Балаға уақыт бөлумен қатар, ата-ананың өзіне де демалыс пен тыныштық қажет екенін ұмытпағаны абзал. «Сау ана – сау бала» демекші, эмоциялық тұрғыдан шаршаған ата-ана баласына сапалы қамқорлық көрсете алмайды. Осы тұрғыда маман, психолог Жанар Ақжігітова толығырақ тарқатсын.
– Эмоциялық сынақтар – жан жарасы. Толық емес отбасы эмоциялық тұрғыдан да күрделі қиындықтарға тап болады. Балалар ата-анасының біреуінің жоқтығын ауыр қабылдайды. Олар кінәлі сезіну, жалғыздық немесе тіпті өзін бағаламау секілді сезімдермен күресуі мүмкін. Ал ата-ананың өзі ажырасу немесе басқа да жағдайлардан кейінгі күйзелісті еңсеруге мәжбүр. Мұндайда психологиялық қолдау ерекше маңызды. Отбасылық терапия, балалардың эмоциясын түсінуге арналған арнайы курстар және ата-анаға арналған тренингтер – осының бәрі эмоционалдық жараларды жазуға көмектеседі.
Ал, әлеуметтік қысым – қоғам көзқарасының бір көрсеткіші деп толықтай айтар едім. Себебі, толық емес отбасылар кейде қоғамнан түсінбеушілікке тап болады. Әсіресе ауылды жерлерде немесе дәстүрлі көзқарасы басым өңірлерде мұндай отбасыларға сынмен қарау жиі кездеседі. Мұндай стереотиптер ата-ананы да, балаларды да қоршаған ортадан оқшаулануға мәжбүр етеді.
Бұл мәселенің шешімі – қоғамның санасын өзгерту. Толық емес отбасы да толық отбасылар сияқты қоғамның тең құқылы мүшесі екенін түсінуіміз керек. Мектептер, әлеуметтік ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдары отбасылық әртүрлілік туралы ашық сөйлесуді насихаттауы қажет. Толық емес отбасыда өскен бала өзіндік ерекше өмір мектебінен өтеді. Олар жауапкершілік пен өзін-өзі басқаруды ерте меңгеруі мүмкін. Бірақ бұл балаға қосымша эмоционалдық қолдау қажет екендігін естен шығармаған жөн. Ата-ананың міндеті – баланың өзіне сенімін арттырып, оның бойындағы қабілеттерді дамыту. Мұны үйдегі жылы қарым-қатынас пен түсіністік арқылы жүзеге асыруға болады, – дейді психолог Жанар Ақжігітова.
Психолог пікірінде соңғы айтылған қоғам көзқарасына дәлел ретінде тағдыр тәлкегіне түскен, көпбалалы жалғызбасты ана Гүлжан Мейірбекқызымен сөйлескен едік.
– 35 жастамын, 4 баланың анасымын. Балаларымның әкесі, бұрынғы жолдасым ішімдікке тәуелді, әлсіз адам болды. Отбасы болып өткізген мереке, туған күндердің бірі де жоқ. Оңай болмады әрине, алайда осындай өмірді мен тілеп алған жоқпын. Ал, қазір мен үшін балаларымның болашағы бәрінен қымбат. Ажырасқаннан кейін өмірім түбегейлі өзгерді. Әр күніме жоспар құрып, уақытты үнемдеуді үйрендім. Балаларымның қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін екі жұмыста қатар істеймін. Кейде шаршайтыным соншалық, бәрін тастап кеткім келеді. Бірақ балаларымның жүзіндегі күлкі менің күшімді қайта жинауға көмектеседі.
Әлеуметтік қолдаудың жетіспеуі де өз әсерін тигізеді. Толық емес отбасы болу – қоғамда қандай да бір «мөр» сияқты. Кейде адамдар түсіністік танытпайды. Бірақ мен балаларыма өмірдің қиындықтарына қарамастан жақсы тәрбие беруге тырысамын. Олар – менің ең үлкен байлығым. Балаларым үшін бар қиындықты жеңуге дайынмын, – дейді жалғызбасты ана.
Толық емес отбасы – қоғамдағы маңызды құрылымдардың бірі. Оның мүшелеріне көмек пен қолдау көрсету – әрқайсысымыздың борышымыз. Мемлекет пен қоғам бірлесіп, мұндай отбасыларға қаржылық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетсе, олардың алдында тұрған қиындықтар азаяры анық.
Толық емес отбасы – бұл қиындық емес, қайта өмірдің жаңа кезеңінде адамды жаңа мүмкіндіктер мен жауапкершілікке дайындайтын үлкен сабақ. Ата-ана мен бала бұл жолдан бірге өтіп, бақытты болуға әбден лайық.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!