Ақылбек ШАЯХМЕТ
Өмір – ұстаз
Өмір ұстаз дейді ғой. Сондықтан адамдармен жолыққанда неше түрлі күйге енесің. Надандардан не жасамау керегін, адалдардан не жасау керегін үйренесің.
Кім біледі?
Адамға белгісіз ненің керегі. Жабық есікті ашқысы келеді. Ашық есікті жапқысы келеді. Жақсылар кісі көңілін тапқысы келеді. Жамандар аңқаудың қалтасын қаққысы келеді. Толып жатыр себебі. Кім біледі?
Адамсың
Таза ұстасаң жер мен суыңды, жоқтық қысса да көрсең күніңді, ашу келгенде тыйсаң тіліңді, іштен де, сырттан да жисаң білімді, адал қып өсірсең қыз бен ұлыңды – адамсың, азаматсың.
Қала тұрғынымын
Тойхана мен кафесі көп, қазақша жазылған жарнамада қатесі көп, емханасы алыста, дәріханасы жақында болатын, адамнан көлігі көп, адалдан жүлігі көп, үйлері биік, жолдары тар, құс сүтінен басқаның бәрі бар қаланың тұрғынымын.
Кем емеспін
Біреуді ұлы дейсің, біреуді ірі дейсің, жоқ ешбір міні дейсің, жүр әлі тірі дейсің. Келмейді ерегескім. Білетінім: мен де олардан кем емеспін.
Не дер екен?
Ұйықтап мамық төсекте, жайлы жүріп, ер-тұрманын сайлы қылып, бас ұстап, жеп жүргендер майлы жілік, ендігі жерде қара шай ішіп, ботқа жеуге көнер ме екен? Көнгісі келмесе бұрыннан жатып жастық, жайылып төсек болғандарға не дер екен?
Мықты болады
Ет дәмді болады қазанда піскен, сөз есте қалады қағазға түскен. От пен суда шынығып мықты болады шыққан бұйымдар кәдімгі балға мен төстен.
Білім деңгейі
Студенттер емтихан тапсырып жатса керек. Бір шәкірт: «Ағай, соңғы сұрақтан бастап айтсам бола ма?» депті. «Айта ғой!» дейді. Университетте дәріс оқитын, бірнеше кітабы шыққан оқытушы туралы баяндап жатыр екен. Билетте ондай сұрақ жоқ. Қараса, сол билетті дайындаған оқытушының аты-жөні үш сұрақтан соң билетте жазылыпты. Шәкірттің айтып жатқаны билеттегі сауалдарға жауап емес, сол сұрақтарды дайындаған кісі туралы болып шықты.
Біздегі білімнің деңгейін содан-ақ аңғаруға болады.
Арам болса – адам емес
Адам деген сөздің алдына адалды жапсырудың не қажеті бар? Адам онсыз да адал болуы керек. Арам болса – адам емес.
Бас
Осы күні бас деген сөздің жапсырылмаған жері қалмады. Бас хатшы, бас директор, бас ақын, т.б. Тағы басқалардың таратылуы басқа бастар деген секілді ойға жетелейді. Орталықта қойылатын шыршаның аты да бас шырша екен.
Бас болу үшін мойында берік тұру керек. Ауыз от тілді, көз көреген, құлақ еститін болуы керек. Бастың миы болса, басқара білуі керек.
Ақпақұлақ көп,
құймақұлақ аз
Қоғамдағы ала-құлалық, адасу мен шатасу жиі сөз бола бере ме? Абай айтқан білімдіден шыққан сөз талаптыға үнемі кез бола бере ме?
Әлеуметтік желідегі тұрмыстық кикілжің, ұрыс-керіс, өсек-аяң елге керек пе? Кейбіреу соны білгеніне мәз. Ақпақұлақ көп. Құймақұлақ аз.
Сену қиын
Ертеде үлкендер: «Орыспен жолдас болсаң, жаныңда қара балтаң болсын!» деуші еді. Бала кезімізде «Орыс, орыс, онбаған, он қалашқа тоймаған…» деген тақпақ айтушы едік. Енді сол орыспен көрші болдық, дос болдық дегенге сену қиын.
Дуал және қалқан
Бұрынғы шарбақ малды кіргізбеу үшін қойылса, елді кіргізбейтін – қазіргі дуал.
Бұрынғы қалқан жаудан қорғайтын болса, қазіргі қалқан – халықтан қорғанатын құрал.
Мыңмен алысқан
Абай хакімнің «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» дегенін көп адам мың кісімен алысқан екен деп түсінеді. Шынында солай ма? Жоқ, әрине! «Адам болам десеңіз, оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпаның, білсеңіз…» деген ақын жыры осы жолдың мән-мағынасын аша түседі.
Өсек пен өтіріктен жүз пәле, мақтаннан, жалқаулықтан жүз пәле, мал шашудан одан да көп пәле өрбиді. Барлығы қосылғанда мыңнан да асып кетеді. Абайдың алысқаны – осылар.
Орыс әлемі
Пушкин «Капитан қызы» деген шығармасында «Незваный гость хуже татарина» деген мақалды қолданған. Татардан қандай жамандық көргенін өзі біледі. «Кавказ тұтқыны» деген дастанында: «Смирись, Кавказ: идёт Ермолов! Всё русскому мечу подвластно» деп жазды.
Яғни, шовинистік пиғыл орыстың атақты ақынында да болған. Лермонтовтың «Прощай, немытая Россия, Страна рабов, страна господ» дегені шындыққа жақын. Сергей Бочкарев деген орыс ақыны «Орыс әлемі» деп аталған жырында:
«Тәндері кір, боқ пен арақ ашыған,
Күйік пен ыс, дәретхана сасыған,
Мастар айтқан боқтық сөздер іріген,
Қара қотыр таз басында шіріген.
Міне, осы біздегі «Орыс әлемі».
Сездіңдер ме? Ресейдің иісі бұл!
Өздеріне әдемі» – деп жазған болатын.
Сондықтан да орыс әлемін тану үшін оған терең үңілу керек.
Ойланатын жай
Тіл маманымын деп айта алмаймын. Алайда, тілді дұрыс қолдануға мән беремін. Шопан, диқан деген секілді сөздерге жалғау қосылмауға тиіс деп есептеймін. Ахмет Байтұрсынұлының «Адамдық диқаншысы қырға шықтым» деп басталатын жыры бар. Содан үлгі алды ма, қазір диқаншы деген сөз қолданыла бастады. Бәлкім, Ахаң да қателескен шығар. Шопанды шопаншы, аспазды аспазшы, шаштаразды шаштаразшы деп айтпаймыз ғой. Бұл да ойланатын жай.
Күтейік
РФ Президенті Путинді Жоғары мәртебелі деп қарсы алғандарды біреулер мақтап, біреулер даттап жатыр. Мәртебе деген сөз қазаққа түсінікті. Әзербайжандар біз қабат (этаж) деп жүрген сөзді мәртебе дейді екен. Совет Одағы кезінен орыстар жоғарғы қабатта, біздің қазақ ең астыңғы қабатта болғаны рас қой. Ендеше мәртебемізді түсірмейтін күнді күтейік.
Соқыр Миколай
Қазақ арасында «Қалай болса солай, соқыр Миколай» деген сөз тараған. Әңгіме Николай патша туралы. Ел біліп айтады. Біздің арамызда да соқыр Миколайлар аз емес.
Алаяқтар
Сүтті сатар алдында оған су қосқан кісі сүтті жуып жатырмын деп ақталыпты. Картоп сатарда қаптың ішіне балшық қосқан кісі енді ғана қазып алған картопты сатып жатырмын деп жар салыпты. Олардан үлгі алғандар арамызда аз емес.
Білгейсің
Ер-азамат болмаса қуанбайсың, ойнамайсың, күлмейсің. Егер әйел болмаса ақшаңды қайда жұмсарыңды білмейсің. Ер мен әйел дүниенің тірегі деп білгейсің.
Сүмірейген билік
Бүгін келетін, ертең кететін билік көп нәрсеге жүреді килігіп. Басқаның қорасында не шаруасы бар ұстай алмаса үйді нық? Бітпеген істің, көшкен жұрттың орны қалады үңірейіп. Қызметтен кеткен соң: «мен қолымнан келгеннің барлығын жасадым» деп отырады сүмірейіп.
Кімдікі дұрыс?
Ақыл айтқан үлкендер: «Тобырға ерме!» дейді. Олардың тағы бір тобы: «Адассаң да үйіріңмен адас» дейді. Қайсысын тыңдасақ екен?
Жаңа базарда
Мені қарсы алған жолдасым: «Ескі-құсқыдан қала тазарған, барайық, – деді, – жаңа базарға!»
Базардың іші мұнтаздай таза болар деп, сірә, ойламас ешкім. Сөрелер жаңа, тауарлар ескі. «Ескісі жақсы еді, – деді жолдасым, – түсінбей тұрмын, не үшін көшті?»
Адамға керектің бәрі бар мұнда. Аспандап кеткен бағасы, бірақ. Саудагер айтты: «Арзан ғой мынау, алсаңшы, шырақ!»
Ештеңе алмай үйіме қайттым. Көргенімді сіздерге айттым…
Жуынып жүр
Көктен келген жауын жерді жуады. Таңда тұрған кісі беті-қолын жуады. Кірлеген киімді де жуады. Шаң басқан бұйымды да жуады. Аяқ басқан еденді де жуады.
Шыр етіп дүниеге келген шарананы да жуады. Жер қойнына тапсырар алдында мәйітті де жуады.
Таза болғың келсе, жуынып жүр.
(Соңы. Басы өткен санда.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!