Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыдағы «ҚҰРДАСТАР» ансамблінің тарихы

14.01.2025, 18:00 126

HALYQLINE.KZ

Соңғы уақытта кең-байтақ жеріміздің әр қаласында тұрып жатқан жерлестерім әлеуметтік желі және ұялы байланыс арқылы: «Бақытжан, біздің жастық шағымызды еске түсіретін «Құрдастар» вокальды-аспапты ансамбль туралы жазып, бізге бір қуаныш сыйламайсың ба?» деп өтініштер айта бастаған соң, қолыма қалам алуға  тура келді. Бір жағынан, «мен жазбағанда кім жазады?» деп те ойландым. Себебі, «Құрдастар» ансамбль құрамындағы жігіттермен аралас-құралас достықта болдым.

Қазалы қаласының іргесі 1853 жылы қаланды. ХІХ ғасырдың аяғында Сыр бойындағы ұлы жолдың үстінде орналасқан қалаға атақты саяхатшылар Прижевальский мен Семенов-Тянь-Шанский келіп, Ғанибай көпестің қонақүйіне тоқтап, табиғатты тамашалап, дариядан балық аулаған көрінеді. Қайтарында қаладағы кітапханаға өз кітаптарына қолтаңба жазып қалдырып кеткен екен. 1848 жылы қаланы салуға келген орыс құрылысшылары ең алдымен еліміз бойынша бірінші ауа райын бақылайтын метеостанция салған болатын. Міне, осындай тарихы бар Қазалы қаласында ағайынды Дежиндер 1965 жылы вокальды-аспапты ансамбль құрып, аспанға айды бір-ақ шығарды. Себебі, «Дос-Мұқасан» ансамблі 1967 жылы құрылған болатын. Сондықтан осы жағынан да Қазалы бірінші орында тұр.

Аудан орталығы Қазалы қаласынан 1958 жылы Қазалы станциясына көшкенше, қала үлкен өнер орталығы болды. Қала ортасындағы жазғы паркте үрмелі (духовой) оркестр ойнап тұратын. «Голубой Дунай» кафесінен адамдар арылмайтын, жұмысшылардың нағыз демалыс орны болатын. «Ағайынды Дежиндер» ансамблі жазғы парктегі би алаңының, қазіргі тілмен айтқанда, «жұлдызы» болды. Биге станцияның жастары сағат 19:00-дегі соңғы автобусқа үлгеріп келгенмен, қайтарда 12 шақырым болса да жаяу қайтатын. Міне, сол кезде қала мен станция жігіттерінің арасында төбелес болып тұратын. Сол кезде қала жастарының өздері тұратын аймаққа, яғни «крайға» бөлінуі енді шығып жатқан болатын. «Крайдың» аттарының өзі «Аппачи», «Центр», «Қос Мешіт», «Маршал» деп айқайлап тұратын. Қазір бұл жігіттердің өздері 70-80 жасқа келіп, немере-шөберелерінің ортасында отыр. Кезекті бір биден соң екі жақтың қырғын төбелесі болып, екі жақтан да көп жігіті ауыр жарақат алып, ауруханаға түседі.

Сол кезде бұл төтенше оқиға мәселесі аудандық партия комитетінде арнайы қаралып, станциядағы В.И.Ленин атындағы теміржолшылар клубының меңгерушісі Қуаныш Тынымбаеваға жедел түрде жастар биге бола Қазалы қаласына бармас үшін станцияның өзінде ансамбль құруды тапсырды. «Локомотив депосы» клуб ауласынан төбесі күмбезделіп жабылған жаздық би алаңын салып берді, қыс айларында би клуб ішіндегі фоеде, жаңажылдық маскарад залда болатын. Ол кезде партия айтты, оны дереу орындау керек екенін білетін коммунист Қуаныш Айтжанқызы клубқа музыкалық жетекші қылып Жаппар Құлмырзаев пен баян аспабында сүйемелдеуші етіп Александр Тенді қызметке алды. Осы екеуі ақылдаса келе ансамблдің ұрмалы аспабында Слава Тен, ритм гитарада Шамшадин Қанатбаев, Александр бас гитаршы, ионикада Жаппардың өзі ойнайтын болды.

№1 фотода «Құрдастардың» алғашқы құрамы, солдан оңға қарай: Миша Көшербаев, Шамшадин Қанатбаев, Жаппар Құлмырзаев, отырғандар: Дәмегүл Надралива, би үйірмесін жүргізген шешен жігіті (есімі есте қалмапты), Александр Тен, Күлпараш Сарсенбаева

Ансамбльдің алғашқы әншісі бүкілодақтық байқаудың лауреаты Мадина Айымбетова болды. Міне, осыдан бастап станция жастарының өз би алаңы болды. «Құрдастар» ансамблі 1969-1989 жылдары өмір сүріп, Қазалының атағын шығарды. 1973 жылы «Құрдастар» ансамблі Алматыға шақырту алып, «Қазақ концерт» бірлестінінің студиясында телевизияға түсті. Түрлі мерекеге байланысты «Үгіт поездбен» Қазақстанның барлық облысында болып, концерт қойғанда Қазалы музыкантарының кәсіби шеберлігіне таң қалды.

Енді «Құрдастар» ансамблінде ұзақ уақыт бойы ойнаған құрамын таныстыра кетейін. Ансамбльді құрған Жаппар Құлмырзаевты жерлестері жақсы таниды. Совет заманында алғаш рет жеке кәсіпкер болып, Қазалы базарының төрінде орналасқан аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының ғимаратында «Грампластинка жазу студиясын» ашты. Сексенінші жылдардың ортасында басқа қалаға қоныс аударып кетіп, сол жақта қайтыс болды. Жаппардың екі тамаша музыкант ұлы Нұрлан мен Руслан Құлмырзаевтарды ел жақсы біледі. Ал, алғашқы құрамда ойнаған Мырзамұрат (лақап аты Маркиз) Көшербаев еді, кейін ол Шымкент қаласына көшіп кеткен соң, сол жақта жүріп бүкілодақтық бард әншілерінің конкурсына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Москва мен Ленинград қалаларында өтіп тұратын бард әншілерінің 16 фестиваліне қатысып, бүкіл СССР-ге Миша Көшербаев есімімен белгілі бард болды (ютубтан көруге болады). Миша Көшербаев 2017 жылы 7 сәуірде қайтыс болды, Шымкентегі «Селжұқ» кафесінде өткен асына Ресейдегі талантына табынушалары өте көп келді. Мишаның ағасы Серік (лақап аты Чича) Көшербаев барлық музыкалық аспапта ойнайтын еді. «Құрдастарда» ол гитара мен ұрмалы аспапта шебер ойнайтын тұғын. Оның дарындылығы үшін Алматы мен Ақтөбе қаласына алып кетуіне себепші болды. «Құрдастарда» ұрмалы аспапта ойнап жүргенде, Қазалыға Ресейден «Радуга» рок тобы келіп концерт қойғанда, топтың жетекшісі Серік-Чичаның ударникте ойнағанын көріп тамсанып кетеді. Қазалыдан кейін гастрольдік сапарын Байқоңыр (ол кезде Ленинск) қаласына кеткен болатын. Сол жақта ұрмалы аспап-ударникте ойнайтын музыкант жігіт арақ ішіп алып төбелесіп қалғасын, ресейлік милициялар оны Ресейге қуып жібереді. Ал, «Радуганың» концерттік гастролі бүкіл республикаға есептелінген еді. Не істеу керек? Амалсыз Қазалыға келіп Серік Көшербаевқа өтініш айтады, әрине ол үшін жоғары жалақы төлейтінін айтып қызықтырғасын, біздің Чича солармен бірге кете барды. Шымкент пен Жамбыл облысындағы концерттен соң Алматыға барғанда Серік-Чичаны Алматы қаласындағы Теміржолшылар сарайындағы сол кездегі ансамбль жетекшісі Орал Бірғазин өз ансамбліне алып қалады. Орал Бірғазин – қазір Бейбіт Оралұлы есімімен белгілі сазгер. Талантты адамдар бір орында көп тұрмайтыны белгілі ғой, Ақтөбе қалалық филармония шақырғасын, сол жаққа барып, тек қыздардан «Апрель» атты ансамбль құрды

№2 фотода «Апрель» тобы

Інісі Мырзамұрат-Мишаның қайтыс болғаны қатты әсер етіп, өзі де сол жылы жүрек талмасынан қайтыс болды. «Құрдастардың» ұрмалы аспабында бастапқыда Слава Тен ойнаса, кейіннен  иша мен Серік Көшербаев, сосын Сергей (лақап аты Гудзон) Гудзь ойнап жүргенде, армиядан келген Амантай Сәрсенбаев эстафетаны қабылдап, ансамбль құрамында 1976-1986 жылдары ойнады. Сосын Амантай «Береке» тойханасында ағайынды Сағымбаевтардың ансамбілінде ойнағанда, «Құрдастардағы» ұрмалы аспап-ударнике Серік Назаров отырып, ансамбль тарағанша ойнады.

Енді «Құрдастар» ансамблінің соңғы жетекшісі болған Александар (Сашка) Тен туралы айтайын. Олар Вячеслав, Александр және Юрий (доғарыстағы полковник) есімді үш ағайынды жігіт болатын. Үлкен ағасы Слава мен Сашка ансамбльдің алғашқы құрамын қалыптастырды, Слава ударникте, Сашка гитарада ойнады. Клуб мегерушісі Айтжан апай зейнетке шыққан соң, 1986 жылдан бастап клубтың меңгерушісі болды. Горбачев келісімен жаңа заман келді, өзін-өзі қаржыландыру саясатына және бәсекелестікке байланысты, тойда өнер көрсететін «Ямахада» ойнайтындарға вокальды-аспапты «Құрдастар» ансамблі төтеп бере алмай тарап кетті. Сосын одақ ыдырап кетуіне және жекешелендіру барысында, кезінде атағы дардай Теміржол клубы жергілікті бюджеттік басқаруға беріліп, клуб аудандық Роза Бағланова атындағы мәдениет Үйі атанды. Сашка Тен аудандық ауруханаға шаруашылық меңгерушісі болып ауысты. Сол қызметте жүргенде мезгілсіз дүние салды. Ұмытып барады екенмін, ансамбль құрамында ұзақ уақыт бойы Дмитрий (Дима) Мангушев ритм гитарада ойнады. «Ансамбль туралы фотоларың қалды ма?»деп ұялы телефонмен Шымкентте тұратын Димамен хабарласқанда, «көшіп-қонып жүргенде, бәрін жоғалтып алдым» деп, ансамбльде ойнаған гитарларының фотосын жіберіпті.

Енді осы ансамбльде арасында ойнаған музыканттар мен әншілер туралы және репертуарын таныстыру үшін сөзді ауданға белгілі меломан досым Қазбек Талғатбекұлы Жиенбаевқа берейін.

«Бақытжан, ансамбльдің ең алғашқы әншісі, бүкілодақтық байқаудың лауреаты Мадина Айымбетова болғанын білесің ғой. Ансамбльде әр жылы Несібелі Өткелбаева, Күлпараш Сарсенбаева, Дәмегүл Надралиева, Қарлыға Қалекеева, Майра Тастайбекова, Ғалия Оспанова, Әділбек Қожахметов, Кенжәлі Асқаров, Қаһарман Бақдәулетов, Ноғайбек Сейтенов, т.б. ән салды. Әсіресе сексенінші жылдардың басында музыка мектебінің мұғалімі, досымыз Қонысбек Оразалиевтің «Малиновка» әнін орындағанда арасында ысқыратын жерді аузымен-ақ салатын, ал осы әнді атақты «Верасы» ансамблінің әншісі арнаулы аспаппен ғана ысқыра алатын», – деді.

№3 фотода: Қонысбек Оразалиев

Сосын әр би кеші басталарда ударникте ойнайтын Амантай Сарсенбаев «БониМ» ансамблінің «Ночной полет на Венеру» композициясының кіріспесін ударникте шебер ойнап бастайтынын ұмыту мүмкін емес. Сондай-ақ, Саша Тен («Клен»), Дима Мангушев («Куә бол»), Мадина Айымбетова («Перевоз Дуня держала»), Әміржан Қосанов («Идет солдат по городу» және «Куда уходит детство?»), Қуанған Бакенов («Аппақ, аппақ тошналарым» және «Где же ты была?»), т.б. әндерімен есте қалды.

Енді сол кездегі қалыпты жағдай болған, би алаңынан шыққан соң болатын төбелес туралы айтып кетейін. Қазалы қаласының ізінше станцияда да «крайға» бөліну басталды, олар «Шанхай», «Ақмешіт», «Дружба», «Барсакелмес», «Айқай-шу» деп аталатын. Қазіргі жастардай емес, біздің кезіміздегі жастарда серіліктің соңғы нышандары бар еді. Атап айтқанда, «Шанхайдың» жігіті «Ақмешітте» тұратын қызды шығарып салып, жүре бастаса, тиіспейтін. Би алаңына келген жастар клубтың аркасы арқылы кіріп, қайтарда сол жерден қайта шығып, стадионның сол жақ қапталындағы қалың ағаш өсіп тұрған «махаббат» көшесімен қайтатын, бұл жігіттер армиядан келіп үйленейін деп жүрген болатын. Ал, төбелес армияға дейінгі жастар арасында болатын. Бұл туралы «Құрдастар» ансамблінің ұрмалы аспапта ойнаған досым, қазір Ұзынағашта тұратын ардагер ұстаз Амантай Ұзақұлы Сарсенбаев (№ 4 фотода) былай деп еске алады:

«Бақытжан, біріншіден, біздің сөзімізге құлақ асып «Құрдастар» туралы мақала жазып жатқанына жеңгең Сарқыт екеуміз рақмет айтамыз. Дұрыс айтасың, төбелес шығаратын армияға «повестка» алған жастар еді. Басты сылтауы би алаңында үстемдік ету болатын, ортадағы шеңбер-круг үшін қырғын төбелес басталатын. Қай «крайдың» жастары көптеп келіп ортаны бермей билесе бітті, төбелес міндетті түрде болатын. Ол үшін «Шанхайдың» жастары биден шығып кетіп, алаң артындағы бірыңғай орыстар тұратын қуыс көшеде отырып алып, батыл болу үшін қызыл арақ «Портвейн» ішіп алады, оған дейін орталарынан кеткен шақырушы «крайдағы» балаларды ертіп келеді, себебі би алаңы «Шанхайда» орналасқан ғой, намысты қолдан қалай берсін? Би аяқталған соң есік алдында бір тобы күтіп тұрады, басқа «крайдағылар» бұзып-жарып шығып кеткісі келеді. Кейде сытылып шығады, шыға алмаса, би алаңынан артына қарай секіріп түседі, ол жақта тосқауылға қойып кеткен топпен қырғын басталады. Милиция сары «ПАЗ» автобусымен келіп тұрғандықтан олар қуып жүріп ұстап алып ППМ (прощай моя получка) деп аталып кеткен сары «ПАЗ»-ға қамай бастайды. Кейбіреулері өсіп тұрған итмұрынға (шиповник) қарамай орыстардың ауласы арқылы қашып кетеді, бірақ ертеңіне бет-аузын итмұрынның тікендері жырып кеткендіктен «түнгі шайқас» төбелеске қатысқаны білініп тұратын. Ой, қайсы бір төбелесті айтайын, ол бір қызық жылдар еді ғой», -деп өз сөзін аяқтады.

Сөз соңында осы мақаланы жазуға көмектескен және фото-суреттерді жіберген Қаламқас Жәлімбетоваға, Күлпараш Сарсенбаеваға, Кенжеәлі Асқаровқа, Қазбек Жиенбаевқа алғыс айтамын.     

Бақытжан  Абдул-ТҮМЕНБАЙ,

тарихшы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: