Қазақстанның саяси жүйесінде ешқандай өзгеріс жоқ. Сол баяғы сарын. Өзгеріс болады деген ұран көп, бірақ нақты әрекет жоқ.
Саяси реформалар мүлде жасалмады. Былтырлары саяси партиялар туралы және сайлау туралы заңдарға өзгеріс енген, соның бірі мәжіліске 30 пайыз депутат бірмандатты жүйе арқылы сайланды. Ал биыл мұндай ештеңе болған жоқ.
Керісінше, кейінгі кезде адамның үрейін ұшыратын жаңалықтар көбейіп кетті. Мысалы, Ресей ортақ тарих жазуды ұсынды, ал оған біздің тарап ешқандай қарсылық білдірген жоқ. Бұл өте қауіпті қадам деп есептеймін. Мұның себебі билікте әлі бұрынғы адамдар отыр, сол үшін бұрынғы тәсілмен жұмыс істейді. Қазір көпшілік әділетті Қазақстан, еститін үкімет деген сөздерге күле қарайтын жағдайға жетті.
Кеңес одағы кезінде бір ғана партия билік құратын, адам құқығы сақталмайтын, билік ойына келгенін істейтін қоғамды тоталитарлық жүйе дейтінбіз. Ал Қазақстанда Назарбаев кезінде автократиялық жүйе орнады. Менің ойымша, бұл екеуінің сипаты ұқсас. Кеңес одағы кезінде мұндайға әкімшілік-әміршілдік жүйе деген термин қолданатын. Негізі бұл терминді нарықтық емес, бұйрық арқылы жүзеге асатын экономикаға қарата айтады. Бірақ мұның жүйеге тікелей қатысы бар, қазір біздің саяси жүйеміз осы сипатын сақтап қалды. Мұндай жүйенің басты қаупі – билікке келген топ биліктен айырылып қалмау үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Бұрын коммунистік партия осылай әрекет ететін. Ал қазір Кеңес одағынан қалған билік элитасы сан түрлі айла-тәсілмен билікті қолынан шығармай, бір-біріне беріп отыруға көшті. Біздің биліктің ең басты көрінісі – осы.
Екіншіден, тоталитарлық жүйеде орындаушылар деген болады. Олардың ұстанымы – жоғарыдан айтты, біз орындаймыз. Мысалы, мектеп директорына бұйрық түссе, сайлау кезінде кез келген қитұрқы әрекетке барады әрі мұны қылмыс деп есептемейді. Бұл да Кеңес кезеңінен бері сақталып келе жатқан әкімшілдік-әміршілдік жүйенің негізгі бір көрінісі. Демек елде 6-7 партия бар, оның бірнешеуі парламентте отыр деген сөздің бәрі баланың ойыны деп есептеймін. Бұл «бізде саяси партия бар, көппартиялы жүйе қалыптасты» деп, сыртқа көз етіп көрсетудің амалы ғана. Саяси жүйені бір адам ұстап тұрмайды, жүйе белгілі бір топтың қолында болады.
Бұларға қарсы қолданатын бір ғана амал бар, ол – халық билігін жүзеге асыратын шынайы көппартиялы жүйе, жергілікті өзін-өзі басқару, тәуелсіз БАҚ сияқты демократиялық институттар. Бірақ бұлардың бірде-біреуі Қазақстанда шынайы жұмыс істемейді. Елде мұндай институттар жоқ немесе аты бар да, заты жоқ. Мысалы, көппартиялы жүйе шынымен бар болса, олар өзара бәсекелесіп, бағдарламасын ұсынып, парламентте жаға жыртысып жатар еді. Ал біздегі партиялардың бәрі бір топтан шыққан, атаулары ғана басқа. Қысқасы, саяси жүйе демократиялық құрылымдар орнағаннан кейін ғана өзгереді. Ал оған қазіргі билік мүмкіндік бермей отыр.
Кейінгі жылдары наразылық акциясы немесе митинг неге өтпейтін болды? Ең алдымен оны жүзеге асыратын топтар жоқ. Саяси күш бола алатын ұйым, партия немесе қозғалыс қалған жоқ. Оның бәрін билік тазалап тастады. Жалғыз тіркелген оппозициялық партия ЖСДП мәжілісте отыр, бірақ 2 жылдан бері үні шыққан жоқ. Оны қалай оппозиция дейміз? Билікке қарсылық көрсетіп жүрген Марат Жыланбаев, Думан Мұхамедкәрім сияқты жекелеген адамдар ғана бар, бірақ олардың күресінен нәтиже шықпайды, өйткені бұл ұйымдасқан саяси күш ретіндегі күрес емес. Қазақстанда құрылымдық деңгейдегі саяси күш қалмады. Екіншіден, адамдар арасында қорқыныш бар. Жұрт Қаңтар оқиғасы кезіндегі биліктің әрекетінен жасқанып қалған. 238 адам оққа ұшты. Халық содан аяқ тартып қалды. Демек мұндай «тыныштық» ұзаққа созылуы мүмкін.
Дос КӨШІМ,
саясаттанушы.
«Жас Алаш» газетінен алынды.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!