Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өзгені санап ақымақ, Өзінікі мақұл-ақ…

26.12.2024, 7:00 86

HALYQLINE.KZ

Иә, «Гогольдің шинелінен шықтық» дегендей, журфакта 50-90-жылдары оқыған, журналистиканың бел ортасында жүрген азаматтардың бәрі «Темірбек Қожаекеевтің шекпенінен шықтық» деп жүретіндері рас. Бұлардың қатарында сатира жанрында қаламын «қаруға» айналдырғандар да бар. Өйткені, Темірбек Қожакеұлы – қазақ сатирасының тарихы мен оның жанрлық-көркемдік ерекшеліктерін зерттеп, негіздеуші ғалым. Одан қалды, Қазақстан сықақшылары «Найзагер» қауымдастығының Президенті болған. Ал, қызылордалық сатирик Қазыбек Әшірбекұлы арнайы журналистикада оқымаса да, көп жылдан бері талай теріс әрекеттерді сын садағына іліп келеді. Сондықтан да ол Темірбек Қожакеевті ұстаз тұтады, Қазекеңнің аталған қауымдастықтың мүшесі болып қабылдануына бірден-бір себепші болған жан сол Темкең еді. Біз бүгін Қазыбек Әшірбекұлының бір топ туындысын «Ойпырмай» бетіне жариялап отырмыз.

«Копторг»  пен  «Топторг»

Бұрында болған копторг,

«Тупиктерде» топторг.

Анау-мынау алуға,

Баратын жұрт топ болып.

Қажетін алып арзанға,

Қайтушы еді тоқ болып.

Қазіргі кезде Құдай-ау,

«Жемторг» деген жайнапты…

Жер-жаһанды жайлапты…

Жанып тұр-ай от болып.

«Сөндіруге» соларды,

Жатыр-ау жиі сот болып…

Дегенмен, тура тимей тұр,

Озбырларға «оқ» болып.

Қымбатшылық тағы бар,

Күйдірді ол да шоқ болып…

Күнкөрістің  түрі  көп

Бұл заманның бүрі көп,

Көрерміз жүрсек тірі боп…

Адал да бар,

Алдау бар,

Адамды адам арбау бар…

Қыруар қаржы қармау бар…

«Жең ішінен жалғау» бар…

Қатардан еш қалмау бар…

Айтып-айтпай не керек,

Күнкөрістің түрі көп…

Иә, күнкөріс адалдан болсын делік!

Бетімен  кетсе  ұялы  –  ұмыттырар  ұяны

Кісінің ұшқыр қиялы –

Телефонға ұялы,

Өсек-аяң, өтірік,

Шындық та шын сияды.

Телефоннан ұялы –

Көресің-ау қияны…

Үзбей көрсең үнемі,

«Мүтіл» болар ми әлі…

Аман болса ұялы –

Алда тұр талай «сый» әлі…

Уланса сана үгітпен,

Ұмытар шыққан ұяны.

Бермекші боп «білімді» –

Дел-сал етіп діліңді…

Бөлшектеп беске дініңді…

Үгіттеп теріс ілімді…

Түрткілеп қоймай тіліңді,

Сол ұялы сабазың,

Сорлатпасын күніңді!

Алаяққа алданып,

Алдағанға малданып,

Қарызға батып белшеңнен,

Қапа болып қалма анық!

Оның беті аулақ!

Дүние  деген  –  қу  түлкі

Бірдей емес бар әзіл,

Әртүрлі болар әр әзіл…

Ортаға от салмасын,

Араласып әзәзіл!

Дүние деген – қу түлкі,

Көбіне сол себепші…

Қосылып оған қу күлкі,

Көлгірси қалар «көмекші».

«Безбейміз!» деп дүниеден,

Суыспасын ағайын.

«Біргеміз!» деп дүниемен,

«Туыспасын» ағайын.

Арасына әулеттің,

Алауыздық кірмесін.

Кіріп кетсе дендеп тым,

Қақыратар іргесін.

Туыстықтың арасы,

Суыспасын дүние үшін.

Жазылмайды жарасы,

Ренжісе «түйме» үшін.

Дос пен құда, бекзаттар,

Жора-жолдас, жекжаттар,

Әлі де біраз айтатын,

Көңілде түрлі көп «зат» бар…

Қоғамға мынау іргелі,

Қатыгез нарық кіргелі,

Байлар менен кедейге,

Бөліп берді іргені.

Бұл дүниеде опа жоқ,

Отқа да, суға салады…

Болғанмен «бес күнің» тоқ,

Артыңда бәрі қалады.

«Есек»  пен  Есер

(Тек  кей  кісіге  ғана  қатысты)

Еңбегі адал,

Еті арам –

Есекті алмай есепке,

ЕРін ес жоқ есерлер,

Теңеп сөйлер есекке…

Анау-мынау десек те,

Аса тым ұйыр өсекке –

Ессіз есер ел жата,

«Есекпен» жатар төсекте…

Әсілі, ойланып сөйлеген жөн-ау!

«Аңыз»  адам

(Біреуге күлкі, біреуге түрпі)

Ауруда жоқ,

Сау да жоқ,

Достыққа жоқ,

Жауға жоқ.

Шіркін-ай, «супер» пысық-ай.

Өзгені санап ақымақ,

Өзінікі мақұл-ақ,

Жүрмейді артын қысып-ай…

Аса тым жақын ақшаға,

Аудармас назар басқаға,

«Аузыңды кетер ысып-ай…».

Сормаңдайдың салтында,

АЛЫПтардың алдында,

Мәймөңкелеп «мысық-ай…».

Әртүрлі бәле шығар ед,

Ашып көрсең ішін-ай…

Қулық, сұмдық табылар,

Талдап көрсең ісін-ай…

«Тарқата» бермей тоқтайын,

Тұрғанда тілім қышымай.

Қысқасы,

Қасқырмен қатар құлқыны,

Қылығы тіпті күлкілі.

Адам түгіл ап-анық,

Алдап кетер түлкіні.

Алдап алу…

Тек алу…

Осылай өтіп өмірі –

Кірер-ай көрге бір күні!

Арақтың  әлегі

Қайран, арақ-ай,

Арға да,

Жарға да қарамай.

Зарға да,

Заңға да қарамай.

Қараға да,

Ханға да қарамай.

Үлкен-кішіге де,

Қайрат, күшіне де қарамай.

Тұлғасы мен түсіне де,

Істеген ісіне де қарамай.

Ішке кіріп ылаң саласың,

Қойындарға «жылан» саласың…

Қарт пен жасты «құрдас» қыласың,

Шалағай мен шалды сырлас қыласың…

Әртүрлі «жоспарды» сыздырып алып,

Шегіне жеткенше «қыздырып» алып,

Қызылкеңірдек етіп керістіресің…

Сартта-сұрт,

Қан жоса…

Көз шығып,

Қол сынған…

Кейін әрең келістіресің.

Ішімдік ішкендер,

Ісініп іскендер –

Кейде тату,

Кейде қату…

Бірін-бірі,

Сөзбен ату…

Әй, пәтуасыз пенделер-ай!

Қазыбек  ӘШІРБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: