Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біздің шенеуніктердің кемшілігі – 30 жыл бойы елдегі барды сата берді

19.12.2024, 14:00 58

HALYQLINE.KZ

«Импорттың тұтқынында отырып, келесі жылы импорттың үлесін 37 пайызға төмендетеміз» деу шындыққа жанаспайды. 2022 жылы үкімет импорт алмастыратын бағдарламаны әзірлегенде импортқа тәуелділіктен 100 пайызға құтыламыз деген. Бірақ біз осы уақытқа дейін тек тұтынушылық саясатты ұстанып келдік. Барлығын сырттан сатып алып отырып, әп-сәтте менеджменттік саясат қалыптастырғымыз келеді. Мысалы, іргеміздегі Өзбекстан бізден бұрын көлік құрастыра бастады. Қазір біздің дүкендерімізде өзбектің тоңазытқышы, газ плиталары, электр плиталары самсап тұр. Базарды қырғыздардың киімдері жаулап алды. Ендеше, бізге бәсекелесті алыстан іздеп қажеті жоқ. Осы екі көршіміздің өзі-ақ менеджменттік саясатты жолға қойып алды.

Негізінде Қазақстанда қай саланы болсын кластерге айналдыруға мүмкіндіктер бар. Ол үшін бір өнімді бастан-аяқ өзімізде шығатын шикізаттармен қамтуды көздейтін кластерлік саясатты жолға қою керек. Мысалы, жеңіл өнеркәсіп киім тігу бізде тоқырап тұр. Үкіметте оны жолға қоятын жоспар да жоқ. Оған қажетті шикізат – мақта 100 пайыз экспортқа кетуде. Одан соң ол мақта бізге киім-кешек, мата болып қайта импортталады. Сол мақтаны өзімізде өңдеп, одан киім-кешек, мата өндіріп, өзіміз ұқсатсақ қанеки! Біздің шенеуніктердің кемшілігі – 30 жыл бойы елдегі барды сата берді. Экономиканы әртараптандыру, мақта-мата өндірісін, жеңіл өнеркәсіпті, сүт және сүт өнімдерін шығару, ет өнімдерін өңдеу, тағы басқа салаларды жетілдіру ойларына кіріп шықпады. Қажетті өнімді тек сырттан тұтына бердік. Енді келіп, ес жисақ, елдің бәрі алдымызға шығып алған. Қазір импортқа тәуелділіктен арылу мәселесі бағдарлама шеңберінде шешілмейді. Бұл мәселемен өзге органдар айналысуы керек. Бағдарламалардың неге орындалмағанын Есеп комитеті тексеруі тиіс. Ал импортқа тәуелділіктен арылу үшін отандық өндіріске қолдау жасаумен бірге нарыққа да белгілі бір деңгейде бақылау жүргізіп, мониторинг жасап отыру қажет. Сол арқылы қазақстандықтардың тек «Қазақстанда жасалған» өнімді тұтыну көлемін арттыруға болады».

Дәурен АРЫН,

«Барометр»  талдау  және  сараптау  орталығының  қаржыгері

«Жас Алаш» газетіне берген пікірінен алынды.

Коллаж: egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: