Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорданың негізгі қақпалары аймақ ажарын айшықтайды

19.12.2024, 10:40 138

Ақиқаты сол, Қызылорда қаласының тұрғыны болғанымызға 10 жылдан асты. Бәрін бір адамдай бағамдап, бағдарлап жүрміз. Қаламен бірге жетіліп, көгеріп-көктеп, өсіп-өніп келеміз. Кем-кетігін жетістікке айналдыруға тамшыдай болса да, өз үлесімізді қоса бермекпіз. «Қызылорда – таза қала. Зәулім ғимараттар салынып, абаттандырылып, көркейіп келе жатыр». Мұны қазір Ақмешіттің көшесінде кетіп бара жатқан екі адамның бірі ойланбастан айтады.

«Сырт көз – сыншы» десек, қала қонақтарының да пікірі осыған саяды. Алыстан келген тума-туыс, жақын-жуық, дос-жаранның да осы сарындағы ақтарылып айтқан сөзіне куәміз. Бір ай бұрын айтыскер ақын, мәдениет майталманы Бауыржан Халиолла «Ару Жайықтан – сұлу Сырға сәлем!» атты концертпен Қызылорда топырағына қадам басқан еді. Сонда өңірдегі атқарылған жұмыстарды көзімен көріп, көңілге түйген болуы керек, кеше ғана әлеуметтік желідегі парақшасына «Сыр елін қайтадан астана қылса да жарасады!» деп бір ауыз сөз жазған екен. Мұны тамыршыдай дөп басып берілген баға деуге болатындай!

Титтей де қоспасы жоқ, соңғы жылдары Сыр шаһарының сәулеті, кескін-келбеті адам танымастай өзгерді һәм өзгеше өң берді. Тазалығы басқа қала тұрғындарының қызығып та, қызғанып та ұрлана қарауына себепші болғандай. Әрине, қаланың дамуы үшін ең керегі, қажеттісі – экономика. Бұл сала бойынша да басымызды тік көтеріп жүре аламыз. Мұны Сыр өңіріне қатысты статистикалық көрсеткіштер айна-қатесіз дәлелдейді. Қаланың құрылыс ордасына айналғаны талай мәрте жазылды, айтылды. Оған алып-қосарымыз жоқ. Тек Қызылорда қаласының негізгі қақпасы саналатын әуежай, теміржол мен автовокзалдың жайын әрі қарай індете түспекпіз.

Бұған дейін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік желідегі парақшасында «Автовокзал, теміржол вокзалы және әуежайдың сәулеті заманауи сипатқа ие болуы қажет. Себебі, сырттан келетін меймандардың көзқарасы осылардан қалыптасып, аймаққа баға беріледі. Сондықтан, ортақ іске жанашырлықпен қарайтын демеушілердің көмегімен 80 миллион теңгеге әуежайдың ескі терминалын жөндедік. Ал, жерлесіміз Болат Өтемұратовтың қорымен бірге жаңа әуежай құрылысын 1,5-2 жылда аяқтауға ниеттіміз» деп жазған болатын.

Сонымен қатар, теміржол мен автовокзалдардың маңы, іші-сыртының тазалығын ретке келтіруді, сауда-саттықтың жүйелі болуын қадағалауды тапсырған-ды. Аймақ басшысы өз сөзінде қала аумағының кеңеюіне байланысты жаңа автовокзал салу қажеттігі барын да ашық айтты. Бұл 2022 жылдың жаз айы еді.

ЖАҢА  АВТОВОКЗАЛ  СЫРДЫҢ СОЛ  ЖАҒАЛАУЫНА  СӘН  БЕРДІ

Алып құрылыс нысаны үшін 2 жыл көп уақыт емес. Әкім айтты, орындады. Осылайша, Қызылорда қаласының сол жағалауынан заманауи үлгідегі жаңа автовокзал бой көтеріп, ел игілігіне  табысталды.

Жаңа автовокзал халықтың көңілінен шығып, талап-тілегі мен сұранысына сай болуы үшін бюджеттен 975 миллион теңге бөлінген. Онда медициналық-санитарлық көмек көрсету, диспетчерлік бекет және жүк сақтау камералары бар. Сондай-ақ, ана мен бала, жүргізушілердің демалыс бөлмесі қарастырыл­ған. Жолаушылар мен жүргізушілерге, мүмкін­дігі шектеулі азаматтарға теңдей жағдай жасалған автовокзалдан қала тұрғындары мен қонақтары халықаралық және түрлі бағытқа сапарлай алады. Нақтыласақ, Ташкент қаласына 1 халық­аралық маршрут және Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сары­ағаш, Ақтөбе және тағы басқа қалаларға облысаралық 13 автобус маршруты  жүреді. Облыс  аумағындағы 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 202 қала­аралық автобус ұйымдастырылып отыр. Тәулігіне 200 жолаушыға қызмет көрсетілетін ғимарат аумағында жолаушыларды түсіруге арналған – 6, сапарға шығатындарға арналған 11 перрон жасалған. Автобустарға арналған қосымша 30 орындық автотұрақ бар.

Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықовтың айтуынша, осы күні автовокзал, автостанциялар және жолаушыларға қызмет көрсету пункт­теріне енгізілген Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарындағы 1  автовокзал  және 8 автостанса ауданаралық маршруттар арқылы халыққа қыз­мет  көрсетіп  жатыр.

– Қызылорда қаласының қоғамдық көлік мәселесін шешу бағытында табиғи газ отыны­мен жүретін  300  дана   автобус  алынды.  Бүгінгі  күні «Қызылорда» автобус  паркі»  ЖШС  қалалық  32 маршрутты  қамтып  отыр. Экотакси  қызметін құру  жобасы  бойынша жоспарланған 100 электромобиль қалаға толығымен келді. Оның 52-сі Қызылорда қаласының тұрғындары мен қонақ­тарына қызмет көрсетіп жатыр. Қалған 48 электромобильді мемлекеттік тіркеу жұмыс­тары жүргізілуде, – деді  басқарма  басшысы.

Экотаксилер аймағымыздың негізгі қақпалары – әуежай, теміржол және автовокзал аума­ғында да аялдап, меймандар үшін қызмет жасайды. Бұл өз кезегінде келушілерге сапалы сервис  ұсынып,  жайлылықты қамтамасыз етуге   бағытталған.

Ерекше айта кетерлік жайт, Сырдарияның сол жағалауынан салынған сапаржай «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық күрежолына жақын орналасқан. Яғни, әу баста таңдалған орын автобустардың қала ішіне кіріп, кептеліс  туындатпауы үшін жоспарланған.

ҚЫЗЫЛОРДА  ВОКЗАЛЫ –  ЕЛДЕГІ  ТОП-4  ЖАҢА  ҒИМАРАТТЫҢ  БІРІ

Жуырда  ғана ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев  Үкімет отырысында елдегі теміржол вокзалдарының  қазіргі  хал-ахуалына тоқталып, бірқатар кемшілікті атаған еді. Оның сөзінше, Қазақстандағы теміржол вокзалдары­ның 90 пайыздан астамына жөндеу жұмысы жүргізілуі керек. Осы күні ел бойынша 4 темір­жол  вокзалы  ғана күрделі жөндеуден өтіп отыр. Мұның  арасында Қызылорда теміржол вокзалы  да  бар.

Ескі 50 вокзал ҚТЖ-ның теңгерімінде тұр­ған көрінеді. Ал вокзалы жаңа қалалар тізімін Қызылордадан кейін Шымкент, Павлодар және  Түркістан  жалғастырады.

– 59 негізгі теміржол вокзалының 54-і (жергілікті әкімдіктер балансында – 4, ҚТЖ балан­сында – 50) жөндеуді талап етеді. Қазіргі уақытта тек Қызылорда, Шымкент, Павлодар және Түркістан қалаларының вокзалдары толық күрделі жөндеуден өтті. Қалған вокзалдарды жөндеу бойынша қажетті техникалық құжаттар әзірленуде және қаржыландыру көзі мен механизмдері пысықталып жатыр, – деген еді министр  Марат  Қарабаев.

Былтырғы жылы Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалының 1905 және 1969 жыл­дары салынған екі ғимаратына «Қазақстан Темір жолы» компаниясының және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 600 миллион теңгеге жуық қаржыға күрделі жөндеу жүргізілді.

Ондағы перрон мен жолаушылар платформасына асфальт, тас төсеніш төселсе, баспалдақтар мен пандустар келушілер үшін қолайлы етіп қайта жасалды. Қасбеті қапталып, кіреберістері ауыстырылды және шатыры жөнделді. Сумен, электрмен жабдықтау, жылыту және өрт дабылы жүйелеріне жөндеу жүргізілсе, ішкі бөлмелер әрленіп, есік-терезелер қалпына келтірілді, плитка төселді. Вокзал аумағы мен ғимарат ішінің жарықшамдары да ауыс­тырылып, түнгі бейнесі түрлене түсті. Себе­бі, пойыз уақыт талғамайтын жолаушылар ағынымен белгілі. Сондай-ақ, вокзал маңындағы бейберекет қойылып, сұрықсыз тұрған сауда дүңгіршектері алынып, арнайы орындар жұмы­сын бастады. Үлкен сауда павильон­дары кәсіпкерлерге ғана емес, жолаушыларға да жазда  салқын, қыста  жылы  болып жайлы­лық­ты  қамтамасыз  етеді.

– Еліміздің бас қаласында жұмыс істесек те, туған жеріміз – Қызылордаға жиі барып тұрамыз. Сырт жақта жүрген соң, Сыр еліндегі өзгеріс­тер бізге қатты байқалады. Жақында жаңа әуежай терминалының қызметін пайда­ланған алғашқы жолаушының бірі атандым. Сөз жоқ, бәрі заманауи үлгіде жасалыпты. Мені теміржол вокзалындағы жаңашылдықтар да тәнті етті. Пойыз – уақыт пен мезгіл талғамайтын бірден-бір қатынас құралы. Жолау­шылардың басым бөлігіне жайлы әрі бағасы да қалтаға қонымды. Сондықтан, облыс  орталы­ғындағы  вокзалдың  әсем кейіпке енгені көп­шілікті қуантады, – дейді журналист Бекзат  Аманов.

Бүгінде Қызылорда вокзалы арқылы 28 по­йыз өтіп, ондағы жолаушылар ағыны тәулігіне 4000-ға жуық адамға жетіп отыр. Бұған дейін «Қызылорда-Семей» бағытындағы жолаушылар пойызына 44 заманауи вагон алынып, толығ­ымен  жаңаланғанын  да  айтқан  жөн.

Қызылордаға жақында ғана арнайы жұмыс сапарымен келген «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Сауран­баев жаңарған теміржол вокзалындағы жұмыс­тарға  жоғары  бағасын  берген  болатын.

ӘУЕЖАЙДЫҢ  ӘДЕМІЛІГІН  АЙТАТЫНДАР  КӨП

Бірден айтайық, жаңартылған «Қорқыт ата» әуежайының терминалы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді.

Терминалға «Болат Өтемұратов қоры» әлеу­меттік жауапкершілік шеңберінде 16 мил­лиард 600 миллион теңге инвестиция салған. Әуежайдың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына, автожол салуға, аумағын абаттандыруға, жарықтандыруға жергілікті бюджеттен 4 миллиард 300 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Жаңа нысанда ішкі және халықаралық рейстерге, транзиттік жолау­шыларға арналған, CIP залдары, екі теле­с­копиялық трап пен екі лифт, екі эскала­тордан бөлек, жүкті автоматты түрде беру жүйесі, «Duty Free» аймағы, сауда нүктелері, медпункт, кафе, жүк сақтау, ана мен бала және намаз оқитын бөлмелері бар. Екі қабатты ғимаратта сағатына 250 жолаушыға 10 төлқұжат бақылау кабинасы, тіркеуге арналған 8 орын және 5 өзін-өзі  тіркеу  орыны қызмет көрсетуге дайын.

– Жаңа терминалдың көлемі – 7500 шаршы метр. Жылына 2 миллион жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Ескі терминалмен салыс­тырғанда жаңа терминалдың көлемі үш есе үлкен. Қазіргі таңда әуежайда 210 қызметкер  жұмыс істейді. Жаңа терминал 50 жаңа жұмыс орнының ашылуына сеп болып отыр, – дейді «Қорқыт ата» әуежайының Басқарма төрағасы Баян  Әжмолдаев.

Жаңа  терминалдың  ашылу салтанатына ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов арнайы қатысып, әуе қақпасының маңызына тоқталды. Жаңа нысан отандық және шетелдік туристердің қызығушылығын оята түсетінін жеткізді.

– Бүгін бәріміз көптен күткен сәттің куәсі болғалы  тұрмыз. Әуе  қақпасы  орналасқан  жерде  жаңа  терминал  есігін  айқара ашып отыр. Бұл – облыс жұртшылығы ғана емес, еліміз үшін де маңызы зор оқиға. Мемлекет басшысының Сыр еліне деген ықыласы ерекше. Осы терминал салынып жатқанда да Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы келіп, барлық талапқа сай болуын тапсыр­ған еді. Көріп отырғанымыздай, 2 жылға жуық уақыт ішінде заманауи үлгідегі, жайлы, көрікті терминал бой көтерді. Құрылыс жұмыстарына атсалысқан азаматтарға Үкіметтің атынан алғысымды айтқым келеді, – деді Үкімет басшысы.

Ерекше айтуға  тұрарлық мәлімет, жаңа терминалдың ашылуы  әуежай  жұмысының 7 есе артуына  себеп болған. Жылына 2 миллион  жолаушыны  емін-еркін қарсы алуға да қауқарлы.

– Ұшақпен сапарлап келген әрбір қонақ алдымен әуежайға табан тірейді. Сондықтан, өңірдің бас әуе қақпасының заман талаптарына сай болуы – аса маңызды. Өңірде жаңадан ішкі және халықаралық әуе рейстерінің ашылуына мүмкіндік туды. Бұл өз кезегінде осында келіп-кететін отандық және шетелдік туристердің санын ұлғайтуға жол ашады. Тамыры тереңде жатқан Сыр елі Қорқыт бабадан бастап, жер кіндігі – Байқоңырға дейін туристер қызығатын орындарға толып тұрғанын білеміз. Жаңа терминал әуежайдың өткізу қабілеті жылына 2 миллион жолаушыға дейін, яғни 7 есеге дейін ұлғаюына мүмкіндік береді, – деп сөзін жалғас­тырды Олжас Бектенов терминалдың ашылу салтанатында.

Бүгінде әуежай аптасына 26 рейсті жүзеге асыруда, оның 17-сі Астана қаласына, 9-ы Алматы қаласына бағытталып отыр. Алдағы жылы «Қызылорда-Көкшетау» рейсін ашу жоспарланған, Атырау мен Ақтау қалаларына ұшу бағыттарын іске қосу үшін әуе компанияларымен келіссөз жүргізілуде. Себебі, сұраныс бар, қажеттілік көп. Жазғы уақытта «Қызыл­орда – Анталия» чертерлік рейсі де орындал­ғаны көпшілікке белгілі. Бұл рейс те келесі жылы  жазғы  мезгілде  жалғасын  табады.

ТҮЙІН. Қаланың қазіргі келбеті кіреберіс қақпасынан белгілі. Сондай қақпалар шаһардың үш нүктесінде тұр. Бірі – әуе, екіншісі – теміржол қатынасы және үшіншісі – көлік бағыты. Мұны жоғарыда айтып, жеке-жеке тоқталдық. Шыны керек, осы үш қақпа да Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен қайта жаңғыртудан өтті, жаңадан салынды. Осылайша, шаһардың орталығына бастайтын негізгі үш қақпа заманауи кейіпке еніп, аймақ ажарын айшықтайтын  орындарға  айналып  үлгерді.

Рыскелді  ЖАХМАН

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: