Қазақстан Республикасы президенті Қ.К.Тоқаевқа
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Журналист әріптестерімнің хабарлауынша, 4 желтоқсан күні «Дәуір» республикалық полиграфия-баспа кешенінде басылып шығатын басылымдардың редакторлары кәсіпорын басшылығынан «2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап газет-журналдарды басып шығару тоқтатылатыны туралы» хат алған.
Республикалық газет-журналдардың басым дені басылып шығып келген бұл баспахананың қызметін бүгінде терең тарихы бар, оқырманға танымал, жиырмадан астам үлкенді-кішілі басылым пайдаланып келеді.
Әрине, интернет пен әлеуметтік желілер дамыған кезде басылымдардың таралымы азайғанын мойындау керек. Алайда, бұл объективті жайт рухани өмірде өз орны бар дәстүрлі басылымдардан бас тарту керек деген сөз емес болар.
Сөз жоқ, нарық заңдарына сай әр басылым басқа баспахана тауып, соның қызметін пайдалана алады.
Алайда, редакциялар орналасқан Алматы қаласындағы басқа баспаханалардың күш-қуаты осыншама газет-журналды басып шығаруға жеткіліксіз. Яғни, біраз басылым Жаңа жылдан бастап мүлдем шықпай қалуы әбден мүмкін. Осы жағдайға қатысты сол басылымдардың редакторы тиісті хат әзірлеп жатқан секілді.
Талай жыл бойына осы баспада жарық көріп келе жатқан, оның үстіне 2025 жылға жазылу науқанын өткізіп, мыңдаған оқырман алдында нақты міндеттеме алған бұл басылымдарға аяқ астынан осындай орынсыз шарт қоюы «Дәуір» басшылығының Жаңа Қазақстан идеясы мен қоғамға қарсы жасалған саяси саботажы деп санаймын.
Туындап отырған мәселенің өзіндік, экономикалық, құқықтық, меншіктік, керек десеңіз, қоғамдық-саяси астары бар.
1932 жылы негізі қаланып, Қазақстан баспасөзінің қалыптасуы мен дамуына ерекше үлес қосқан аса ірі әрі бірегей кәсіпорын ескі Қазақстан тұсында жекешелендіріліп, Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелерінің қолына көшкен болатын.
Бүгін де баспахананың профилін өзгертіп, аталмыш басылымдарды басып шығарудан бас тартып отырғандар да – сол отбасы мүшелері.
Ескі жүйенің салтанат құруына, Қанды Қаңтарға тікелей қатысы бар деп саналатын олардың бұл теріс бастамасын Сіздің ұлттық баспасөзді қолдау саясатына қарсы жасалған құйтырқы әрекет деп деп тануға болады.
Бүгінде, Жаңа Қазақстан тұсында заңсыз шетелге шығарылған ел қаржысы мен кезінде орынсыз жекешелендірілген нысандар да мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Ол үрдісті халық қолдауда.
Сол себепті «Дәуір» секілді елдің рухани өмірінде маңызды роль атқаратын аса ірі полиграфиялық кәсіпорынды халыққа қайтару тарихи әділеттік және мемлекеттік идеологияны тиімді жүргізу тұрғысынан орынды болар еді.
Әміржан ҚОСАН,
журналист,
Қазақстан Республикасы Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата мүшесі
Алматы, 9 желтоқсан 2024 жыл
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!