Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

28.11.2024, 9:20 31

Төрде  кім,  босағада  кім?

Теледидарда белгілі тізгінші хабар жүргізіп отыр. Қазақта бар сөздерді айтудың орны­на орыс тіліндегі және шетелдегі сөздерді жиі қолданды. Өзінің білімді екенін көрсеткісі келген  шығар.

Тағы бір жиында имам уағыз айтып, араб сөздерін көп қолданды. Ол да  араб  тіліне жетік екенін дәлел­дегі­сі келген  шығар.

Сонда ана тіліміз қайда қалды? Орыс тілі мен араб тілі төрге шықты. Қазақ тілі босағада қалды.

Көп  нүкте

Байқап тұрсаңыз, әрбір сөйлемде үтір көп. Алайда, жұрт неге нүкте қою­ға асығады? Мұнымен көбінесе айтатын ой аяқталмайды ғой. Одан да көп нүкте қойы­ңыз… Естіген не оқыған кісі  өзі  түсінеді.

Бөліну

Бұған дейін Ұлы, Орта, Кіші жүз деп бөлінсек, енді Шығыс, Батыс, Оңтүстік, Солтүстік деп бөлінетін болыппыз. Кейбір облыстардың атауы да солай аталады. Шындығында қазақ елі екіге ғана: бай және  кедей  деп  бөлінеді.

Қайда  бара  жатыр?

Кілең қазақ басын қосқан бірнеше жиында тілек орысша, құттықтау ағылшынша, бата араб тілінде айтылды. Сонда  бұл  қазақ  қайда  бара  жатыр?

Ескекті  кім  еседі?

Әйгілі «Қайықта» әнін сондай жақсы көремін. Шәмшінің әні. Сөзін жаз­ған Нұрсұлтан Әлімқұлов. Біздің жас кезімізде елдің бәрі осы әнді айтатын. Енді ән сөздеріне зер салсам: «Ескегіңді берші маған, мен есейін, сен еспе, су күлкісі сылдырлаған сенің күлкің емес пе?» дейді. Сылдырлаған күлкі – қыздыкі, әрине. Ал ескекті кім есіп  отыр­ғанын  түсіне  алмадым.

Дауыс  беру

Барлығымыз да дауыс береміз. Берген жақсы, әрине. Алайда, сол дауысты кімдер алатынын көбіміз білмейміз.

Дәрі

«Аурудың алдын ал!» деген­ді кейбір дәрігер жек көреді. Ауырсаң, дәріге рецепт жазып береді. Әрине, дәрінің де көп көмегі. Дәріхана кез келген көшеде бар. Дәрінің біразы емдейді, енді біразы сау мүшеңді ауру қылып шығарады. Бірақ, дәрі  саудасы  қызып  тұр.

Серке

«Елдің еркесі, елдің серкесі» деген сөз бар. Қой бастайтын көсем серке өзінің көшбасшы екенін біле де қоймайтын секілді. Біреулер серкенің сақалын, енді біреулер мүйі­зін бағалайды, ал біразы оның  етін  ұнатады.

Ең  сұлу

Әлемдегі сұлу әйел дегенде кім еске түседі? Хауа ана, Нефертити, Мона Лиза, Клеопатра. Тағы кім? Толып жатыр. Мұндайда Мұхтар Мағауинге жүгінген дұрыс секілді.

«Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі».

Ия, Мағжан  жырлаған  ең  сұлу – ол қазақ  қызы.

Шал  кете  ме?

Мұхтар Мағауин: «Қайда барсам алдымнан үш шал шығады… Алғашқысы – Төле би, Ұлы Жүз, екіншісі – Қазыбек би, Орта Жүз, соңғысы – Әйтеке би, Кіші Жүз, Яғни, үш  шал – Үш Жүздің, демек, бүкіл қазақтың бірлігінің көрінісі екен. Жай ғана сурет емес, насихат. Керек  десеңіз,  бүгінгі ұлттық  идеология»  деп  жазғанын  білеміз.

Совет үкіметі кезінде де үш шал алдан шығатын. Маркс, Энгельс және Ленин. Уақыт өте келе олар екеуге айналды. Ленин және  Сталин.

Тәуелсіздік алғаннан кейін бізде бір ғана шал – Елбасы қалды. Іле-шала «Шал, кет!» деген ұран шықты. Алайда, сол шалдың бала­лары, немерелері, тіпті неменелеріне дейін оны кетіргісі келмейді. Алдағы істі Алла  біледі.

Өзің  шешесің

Қателесесің. Отқа түсесің. Суды кешесің. Пәленің көресің нешесін. Барлығынан аман  өтесің. Өсесің. Мейлі сенің жолыңа тікен төсесін. Қайда көшесің? Өз тағдырыңды  өзің  шешесің.

Әркім  әртүрлі  айтады

Көбейіп  тұрса күштінің қабағын бақ­қандар, аз емес болса олардың бабын тап­қандар, әділ сот дейді пайдаға батқандар. Шындық  жоқ  дейді  қайғыға батқандар, залым  сот  дейді  түрмеде  жатқандар.

Естерің  кірсе  залымды  соттаңдар,  әділді  жақтаңдар!

Мұндайлар  да  бар

Бидай жайқалып өскен алқапта суретке түскен басшылар арасында сол бидайдың қалай өскенін білетіндер аз шығар. Ораза айында аузын құрмамен ашқан мұсылмандар  арасында  сол  құрманың  қайда және қалай  өсетінін  білмейтіндер  де  бар.

Шешені  әже  деп  атай  ма?

Мұхтар Мағауин: «Қазақ туған анасын «апа» деп атайтын… Күні кешеге де­йін. Қазір жаппай «мама» болды. Қазақтың байыр­ғы және бүгінгі де тілінде «маманың» негізгі мағынасы – емшек. Және жай ғана емшек  емес, сүті  мөлдектеген,  ырысты  емшек.  «Мен – сәби, мейірімді ана құшағында, Ақ мамасын сүйе­мін, құшамын да» деп жазған Сұлтанмахмұт. Сүтті, берекелі ақ беретін үлкен бие – «мама бие», сиыр – «мама сиыр». Сөйтіп, ел-жұрттың орнында тұрғанда, «апа» атауы архаизмге айналды. Бүгінгі баланың анасы – «мама» болып шықты. Ұлттық бейнеден айырылудың әдепкі, ең жеңіл көрінетін бір ғана куәлігі» деп  жазады.

Ия, қазақ көбінесе шешелерін апа деп айт­қанын білеміз. Неге екені белгісіз, Бейім­бет Майлин өзінің «Талақ» және «Әже» деп аталған әңгімелерінде шешені әже  деп  атайды. Өз басым Би-ағаң туған топырақ­та туып-өссем де шешені әже дегенді  естімеппін. Сонда бұл дере­кті  жазушы қайдан  алды  екен?

Білесің  бе?

«Әлди, бөпемнің» орнына «Баю-баюшкиді» айтып жүрген қазақ келіншегі бала­сына ана тілінде тәрбие бере алмайды. «Катюшаны» айтып орыс делегациясын қарсы  алған  қазақтардың да мемлекетке көк  тиындық  пайдасы  жоқ.

Қынап  пен  қылыш

Қылышты  ұстап тұрған қынап артық па? Қынаптан суырылып шыққан қылыш артық  па? Жауабын айту қиын. Екеуінің де өз  уақыты  болады.

Түсініксіз

Жем жейтін балықтар қармаққа ілінеді екен. Жем іздеген аңдар қақпанға түседі екен. Жемқор басшылардың не себеп­ті қақпанға да, қармаққа да түспейтіні түсініксіз.

Қазақ  қалай  орыс  болды?

Қазақтың салт аттысы орыстың солдаты болды. Қазақтың істігі орыстың штыгына айнал­ды. Қазақтың ошағы енді орысқа очаг болды. Қазақтың сарайы  орыстың  мал­қорасы болып кетті. Батырды богатырь, ұрыны  вор, қанжарды кинжал, қоржынды корзина, ораны ура, шуды шум қылып алған орыстар қазақ атын да казак деп өзгер­тіп алды. Сүйтіп  қазақтар­дың  біразы  орыс  болып  кетті.

Ақылбек  Шаяхмет

(Соңы. Басы өткен санда.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: