Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ваучерлік қаржыландыру министрден өзгені «вау» дегізбей отыр

14.11.2024, 11:40 602

Ваучерлік жүйенің тиімсіздігі, шикілігі қоғам тарапынан әлдеқашан айтылып келеді. Сарапшылар мұны Оқу-ағарту министрлігінен кеткен қателік деп түсіндіреді. Себебі, пилоттық жобаны енгізерде контингент дұрыс таңдалмаған. Жалпы, пилоттық жобаның өзі «көш жүре келе түзеледіні» басшылыққа алады. Яғни, кем-кетігін әбден түзеп, жобаны нақтылап барып жүзеге асыру кеш емес. Ол үшін шағын ауданды таңдаса да жеткілікті.

Жақында ғана мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев балабақшадағы ваучерлік қаржыландыру жүйесін сынап, оны тоқтатуды сұраған еді. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында ол қайта балабақшадағы мемлекеттік тапсырыс аясын кеңейтуді ұсынды.

Депутаттың сөзінше, қаржыландыру мен балаларды тізімге алу механизмінде көптеген олқылық бар. Орынды ұсыныстар ескерілмеген. Пилоттық жобаға балабақша құрылтайшылары да, ата-аналар  да  қарсы.

ДЕПУТАТ:  «ЖОБА  МЕХАНИЗМІНДЕ ШИКІЛІК  КӨП»

– Кейбір білім басқармасы мен әкімдіктердің бөлінген қаржыны дұрыс игермей, мемлекеттік тапсырысты тиісті деңгейде орындамауы салдары­нан бұл тапсырма толық тиянақтыланбай отыр. Осы орайда, Оқу-ағарту  министрлігінің  ваучерлік қаржыландыру механизмін енгізу туралы бастамасы да қоғамда үлкен сынға ұшырауда. Ваучерлік механизм­нің енгізілуі ата-аналар мен жекеменшік балабақша құрылтайшыларының қарсылығын туғызды. Олардың айтуынша, пилоттық жоба толыққанды дайындықсыз  жүзеге  асырылуда.

Қаржыландыру мен балаларды тізімге алу механизмінде көптеген олқылық бар. Пилоттық жобаға ұсыныстар министрге қолма-қол ұсынылса да, ескерілмеген. Оқу-ағарту министрін Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жекеменшік балабақша құрылтайшылары әлі күнге дейін тосып жүр. Шымкентте, Түркістан және Жамбыл облыстарында мыңдаған балабақша құрылтайшысын ваучерлік қаржылан­дыру жүйесіне мәжбүрлеп қостыру жүргізілгендігін айтып жатыр. Бұл жобаны қаржыландыру, балалардың тізімін жасақтау мен кезегін күттірмеу механизмінде шикілік өте көп, – деген болатын депутаттық сауалын­да  Қайрат  Балабиев.

«БАЛАЛАРДЫ САНАТҚА БӨЛУ – АЛАЛАУ»

Әлеуметтік-саяси, экономикалық зерттеулер және сараптамалық орталықтың директоры Мөлдір Нұрман бізді мәселенің мән-жайына терең үңілдіре түсті. Сарапшы «балаларды санатқа бөлу – алалау» деп  отыр.

– Ваучерлік қаржыландыру жүйесінің нақты тиімсіз тұсына тоқталатын болсақ, балаларды санат­қа бөлмеу керек. Ал министрлік (Оқу-ағарту министрлігі – ред.) балаларды 18 санатқа бөлген. Оның ішінде алғашқылары әскерилер, мұғалімдер, дәрігерлер, көпбалалы аналар, т.б. сондай санатқа жататындардың балалары бірінші кезекте қамтылады. Қалған балалар әлгі балалар бітпейінше қамтылмайды. Президенттің тапсырмасы жалпы 2 мен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету еді. Бізге министрліктің балаларды 18 санатқа бөлгені, алалап жатқаны ұнамады, – дейді ол.

Жекеменшік балабақшалардың көпшілігі пилоттық жобаның кемшіліктеріне байланысты мемлекеттік тапсырысты орындаудан бас тартуға мәжбүр. Мұны  депутат  Қайрат  Балабиев  айтты.

– Балабақшалар коммерциялық негізде бала қабыл­дауға ауысса, ең төменгі жалақысы 85 мың теңгенің 70 мың теңгесін төлей алмайды. Балабақшаға тек бір емес, бірнеше баласы баратын отбасылар баршылық. Ал бұл ата-аналар үшін қосымша қаржылық ауыртпалық болары айтпаса да, түсінікті. Осыған байланысты, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде мыңдаған жекеменшік балабақшаның назына құлақ түріп, келесі шараларды: біріншіден, ваучерлік қаржыландыру механизмін тоқтатуды; екіншіден, балаларды 100 пайыз балабақшамен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік тапсырыс аясын кеңейтуді қарастыруды ұсынамын, – деді ол Премьер-министр­дің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутат­тық  сауалында.

ПИЛОТТЫҚ  ЖОБА  «ПІСПЕГЕН»

Сарапшы Мөлдір Нұрман өзі басқаратын Әлеумет­тік-саяси, экономикалық зерттеулер және сарап­тамалық орталығы ретінде сауалнама жүргізгенін, жобаға әлі ата-аналар да, балабақшалар да дайын емес екенін жеткізді. Тіпті, Асхат Аймағанбетов министр саналған уақытта осындай ваучерлік механизмді енгізу туралы Президенттің тапсырмасы болғанын, бірақ, балабақшаларға енгізіп көргенде, тиімсіз деп табылып, жиыстырғанын еске салды. Ал қазіргі министр  Ғани Бейсембаевтың өзінше жаңалық  енгізбекші  болғанын  түсінер  емес.

– Бұл жобаны жүзеге асыруға министрлік те, қаржы орталығы да дайын емес. Себебі, олардың қаржыландыру тетіктері нақтыланбаған, жүйелері дұрыс жасалмаған, пилоттық жоба «піспеген». Пилоттық жобаны толық нақтыланбай жатып енгізуге де болмайды, қайта оны жүре-жүре келе жөндеуге болады. Бірақ, Шымкент, Түркістан секілді үлкен қалалар сынақтан өткізетін контингент емес. Соны түсінбеді. «Шымкент ваучерлік жүйеге қосылса, басқа өңірлер де ізінен ереді» деп еді, бірақ шикіліктері әлі күнге дейін балабақшалардың наразылығын тудырып жатыр. Балабақша меңгерушілері, тәрбиешілері баламен емес, ата-анамен алысып кетті. Себебі, бала балабақшасыз қалмау керек, балабақшалар баласыз қалмау керек. Ваучерлік жүйеде «балаңызға ваучер берілді» деген хабарлама келеді, 2 күн ішінде телефонға қарамасаңыз, көрмесеңіз, басып үлгермесеңіз, сіздің балаңыз ваучерсіз қалады. Одан кейін ваучерге қосылу үшін кезек күтесіз. Мысалы, 13000 бала кезек­те тұрса, сіздің балаңыз содан соң қайта кезекке жайғасады. Солайша кезек жылжимын дегенше бала балабақшаның бетін көрмей өтуі мүмкін. Сондықтан, бұл пилоттық жобаны құптай алмай отырмыз, – деп толықтырды  сөзін  сарапшы.

УӘДЕСІНДЕ  ТҰРМАҒАН  МИНИСТР  БАР

Мөлдір Нұрман Президент әкімшілігіне де, депут­аттарға да бүкіл ұсынысты жолдапты. Министр «Шымкентке барамын, осы мәселені талқылаймыз» деп уәде де бергенін айтып отыр. Сондықтан, ол да бір топ депутат секілді, «мемлекеттік тапсырыстың аясын кеңейтіп, ваучерлік қаржыландыруды тоқ­тату  керек»  деген  пікірде.

– Бұл жобаны «піскен» пилоттық жоба деп ешкім айта алмайды. Қазір балалар ваучерсіз қалып, кезекпен қамтылмай жатыр. Ал, ертең жыл аяқталады, балалар мектепке кеткенде не болады? Мұны үлкен қалалардан емес, титтей ауданнан бастау керек еді. Енді қарсылыққа ел бойынша балабақшалар үрке қарап жатыр. Себебі, осындай шикіліктер бар. Негізі, балабақшаға ваучер енгізу Президенттің тапсырмасы емес. Ол жекеменшік мектептерге ваучер­лік қаржыландыруды тапсырған болатын, оның өзі жыр болып жатыр. Президент Жолдауында балабақшаларды тексере бермей, тәрбиешілерді атестациялау мәселесін көтерді. Бұлар бұрмалап алып, мұны балабақшаға енгізіп жіберді. Онсыз да жыл басында балабақшалар «бірыңғай базаға енеміз» деп қиналып, миллиондаған шығынға батып жатқан, ол жоба да сәтсіз аяқталды. Сондықтан, екінші бір жобаны алып келіп, үсті-үстіне тықпалаудың қажеті жоқ еді. Соңы Президентке үндеу жолдауға әкелді, – дейді  ол.

ВАУЧЕРЛІК  ЖҮЙЕ –  САПАЛЫ  БІЛІМ  АЛУҒА  ЖАСАЛҒАН  ҚАДАМ

Оқу-ағарту министрлігінің ресми парақшасы «Қазақстанда ваучерлік қаржыландырудың енгізілуі: мектепке дейінгі сапалы білім алуға жасалған қадам» деп отыр. Статистикалық ақпараттарды да мысалға  келтірген.

– Қазақстанда жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесімен мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға берілетін мемлекеттік тапсырысты дербес­тендіру  жұмыстары  жүргізілуде.

Бүгінгі таңда мектепке дейінгі білім беруде ваучерлік қаржыландыру жүйесі Тараз (Жамбыл облысы), Түркістан және Шымкент қалаларында пилоттық жоба ретінде жүзеге асуда.

Тараз қаласында ваучерлік қаржыландырудың енгі­зілуі үш ай ішінде 21 мыңнан астам ваучердің таратылуына мүмкіндік берді. Бірінші рет қала бойынша түзету балабақшасы тізімге енді. Қазіргі уақытта Тараз қаласында орналасқан барлық 157 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ваучерлік механизм бойынша қаржыландырылуда. Оның ішінде 19 білім беру мекемесінің жаңадан ашылғанын және соған қарамастан тізімге еніп, ваучерлік қаржыландыруға қатысуға мүмкіндік алғанын айта кету керек.

Шымкент қаласында 608 мектепке дейінгі ұйымның 589-ы бүгіннің өзінде ваучерлік қаржыландыруға көшіп үлгерді. Кезектегі балаларға ваучер беру 17 қазанда басталды. Осы кезең ішінде 4646 бала балабақшаға жолдама алды. Түркістанда орналасқан барлық 144 мектепке дейінгі ұйым жаңа механизм бойынша қаржыландыруға көшті, бүгінге дейін 236 ваучер берілді, – деген ақпарат таратты министрлік.

САРАПШЫ:  «МИНИСТРЛІК  ЕШКІМДІ  ТЫҢДАМАДЫ»

Шыны керек, ата-аналар «менің балама қашан ваучер беріледі, маған қашан хабарлама жібереді?» деп күтіп отыра алмайды. Әлеуметтік-саяси, экономикалық зерттеулер және сараптамалық орталығының директоры Мөлдір Нұрман еговты пайдалана алмайтын, ЭЦҚ-ның не екенін білмейтін ата-аналар  барын  айтып  отыр.

– Оқу-ағарту министрлігі балалармен жұмыс істейтін болғандықтан, осы жобамен кім айналысады, сонымен ақылдасып, келісу керек еді. Олар қайтті, өз пилоттық жобаларын енгізіп жіберді. Президент айтты ғой, «қоғамдық талқыға салып шешіңдер» деп, жобаны іске асыруға ата-аналар да, балабақшалар да дайын емес. Сол Тараздан әбден пісіріп, кемшілігін түзеп, арты шуға айналмайтындай қылып барып енгізу керек еді. Өкініштісі сол, министрлік ешкімді тыңдамады. Қаржы орталығының адамдары Шымкент қаласына келгенде айтылды. «Мысалы, осы күнге дейін 100 балабақша ваучерге қосылып қойды ма, солар сынақтан өткізілсін. Қалғандары содан кейін, келесі жылы ғана қосылсын» деп. Бірақ, министрлік ешкімді тыңдамады, – деп сөзін түйіндеді ол.

Хош. Сонымен, ваучерлік қаржыландыру жобасы министрліктен өзге ешкімді де «вау» дегізбей отыр. Не де болса, әліптің артын бағу керек сияқты. Бірақ, әлі де дау-дамай мен сынның болары анық.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Фото: buhta.com және ашық дереккөзден алынған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: