Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ боксының жаңа феномені

07.11.2024, 10:20 225

Қазақ – бокс дегенде ішкен асын жерге қоятын халық. Соңғы уақыттары қанымызға сіңген спорт түрінде сәл жолымыз болмай, өзбек ағайынға есе жіберіп жүргеніміз рас. Оны қанша патриоттыққа салынсақ та мойындауымыз қажет. Кеңес одағының қатарынан шығып, көк туымызбен төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік алған сәттен бастап отандастарымыз былғары қолғап аренасында біршама уақыт үстемдік етті. Алғашқы болып алтыннан алқа таққан «Балқаш жолбарысы» Василий Жиров жартылай ауыр салмақтың чемпионы атанғаны қазақ боксы мұрағатында мәңгі сақталары анық. Артынша Вася құрлық асып, кәсіпқой бокста да бірқатар мен деген былғары қолғап шеберін атып ұрды. Одан бергі дәуірде бір додада қола, келесі жарысында алтын алған, бүгінде публикада көп көрінетін Ермахан Ибрагимов та жұртшылықты тәнті еткен болатын. Сол жылдары, дәлірек айтқанда Грекия астанасы Афина қаласында өткен жарыста сенсация жасап, құрама қоржынына бір алтын салған Бекзат Саттархановтың да рухы ешқашан өшпек емес… 2008-2012, сондай-ақ 2016 жылдары болған төртжылдықтарда да қазақ боксшылары алтынсыз қайтқан жоқ. 20 жыл көлемінде қазақ боксшылары қарсылас болатынын естіген кубалық, американдық боксшыларың кәдімгідей  сескеніп  қалатын. Қазіргі  сәтте  атағынан ат үркитін өзбек  боксшыларының  қазақ  жуан жұдырықтылары  дәуірі  жүріп  тұрған тұста аты аталған жоқ. Сол себепті де Токио мен Париж олимпиадаларындағы спортшыларымыздың нәтижесі көңіл толқытатынын, өткенді еске алуымызға себепкер болатынын жасырмаймыз. Бірақ, бұл мақаламыз ұлт боксының бүгіні жайлы емес, болашағанынан үміт күттіретін, күні кеше жастар арасында әлем чемпионы атанып, осы санаттағы мансабын тамамдап, ересектер боксына аяқ басқан жас өрен Төрехан Сабырхан жайында. Арнайы мақалада қазақ боксының басына біткен бақтың ерекше тұстарын атап өтіп, болашағынан қаншалықты үміт күтуге болатынын  топшылағымыз  келіп  тұр.

Жалпы, жастар және жасөспірімдер арасында жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спортшымыз көп. Кейбіріңіз неге Төреханды көкке көтере береді дейтін боларсыздар. Бірақ та, мойындау керек, Төрехан Сабырхан – деңгейі бөлек боксшы. Кей спорт саласының төңірегіндегі сарапшы мамандар оның дәрежесін ересектермен қатар қояды. Жасы кіші болмаса, ұлттық құрамамен олимпиадаға аттанар ма еді деген пікірлер деп көп айтылды. Сыбыс шыға салысымен Төрехан да бұл сынаққа дайындалып, салмақ жағын ыңғайлай бергені сол еді, додаға тек 19 жастан бастап қатысуға болады деген ақпарат шықты. Алайда, бұл салмақ дәрежесіндегі Мұхаммедсабыр Базарбайұлы да жерге қаратқан жоқ, қола медальді  еншілеуге  сәл қалды. ¼ финалда жеңіліс тапқанымен, басқа  боксшыларға  қарағанда   өжеттік  танытты.  Жастар  және  жасөспірімдер  арасында 4 дүркін Азия құрлығының чемпионы атану жай дүние емес. Бір қызығы, мұндай жетістікке еліміз тарихын­да ешбір боксшы жетпеген екен. Сол себепті де Төрехан  өзге  қатарластарынан дара­ланады, сәйкесінше көбірек назарда бо­ла­тыны да айдан анық. Айта кету керек, Төреханның ағасы Махмұд та – бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, бірқатар ұлттық және халықаралық турнирдің жүлдегері әрі жеңімпазы. Соңғы екі олимпиадада сәттілік жетіс­пегені  болмаса, жақсы  өнер  көрсетті.

Төрехан мен Махмұд – Түркістан облысы, Түлкібас ауданына қарасты аядай ғана Маятас ауылының тумалары. Ағасының бокстас­қанына қатты қызыққан бала Төрехан да аталған спорт түрімен айналысуға бел буады. Осы тұста ауылдан екі чемпионның шығуына атсалысып, кішігірім мектепте бос қалған кабинет­ке зал ашқан Ілияс есімді бапкердің де ерен еңбегін атап өтпеске болмайды. Бүгінде ол Төрехан мен Махмұд қанша шыңды бағындырса да жаны­нан  табылады. Әлем чемпиона­ты болсын, Олим­пиада ойындары болсын бірге жаттығу жиындарына аттанып, қос боксшының формада немесе формада еместігін жіті қадағалайды. Төреханның жасөспірімдер және жастар арасындағы жеңіліссіз сериясы да осы кісінің арқасын­да десек, артық айтқанымыз емес. Тағы да айта кететін жайт, Төрехан әзірге әуесқой мансабында жеңіліс дәмін сезбеген. Жастар арасында қай турнирге барса да жеңіліссіз, тек алтын арқалап қайтқан екен. Бұған дейін мұндай нәтижені 69 келі салмақта Абылайхан Жүсіпов ғана көрсетіпті. Төрехан өзгелерден қарапайым болмысымен, ашық мінезі­мен ерекшеленеді. Әлемнің түкпір-түкпірін аралап, мен деген  боксшыларды жеңсе де бойында мүлде  тәкаппарлықтың ізі  жоқ. Керісінше, кіммен болса да емен-жарқын, еркін араласқанды жаны сүйеді. Бұған спорт журналисі Аслан Қаженов­тың боксшымен арнайы  түсірген  сұхбатында  куә  болдық.

«Ауылымнан жырақтағым келмейді. Білмеймін, әлемді аралап шықсам да миым мен жүрегім  ауылды аңсап  тұрады. Тіпті әлем чемпионы  болып, ең  үздік  боксшы атағын алсам  да  осында өмір сүретін шығармын» дейді  ол.  Ауылдың  баласы болғасын атқа мінгенді ұнатады. Айтуынша, өзі дүниеге келген Маятас ауылында көкпар ойыны кең ауқымда ойнала­ды екен. Бапкерлері «Қойсаңшы, бір жерің майып болып, алдағы жарысқа қатыса алмай қалсаң қайтесің?» десе де білдіртпей шауып, қулыққа салатынын да жасырмады. «Есейгенде  ауылымда  үлкен  көлемдегі  спорт мектебін  ашқым  келеді» дейді. Ағасы  Махмұд екеуі  мұны  бала   кездерінен  армандапты.

Жас боксшы жоғарыда атап  өткендей, таяу­да ғана Черногорияның Буд­ва қала­сында өткен жастар арасындағы Әлем біріншілігінде топ жарды. Бұл Төреханның жастар сана­тындағы соңғы жарысы болмақ. Ендігіде шымкенттік өрен ересектер арасында бақ сына­сады. 2028 жылы Лос-Анджелесте жалауы желбірейтін төртжылдықта бұл жігітке қазақ халқы үлкен сенім артып отыр. Бір жағынан көп уақыт Асланбек Шымбергенов жұдырық­тасқан 71 келіде өнер көрсетеді деп күтілуде. Бұйырса, жарақаттан аман болса, Төреханның бұл салмақта атой салып, Олимпиада үздіктері қатарынан көрінетіні анық. Төрехан студент ретінде де үлгі. Шымкентте М.Әуезов атындағы университетте білім алады. Ересектер арасында алғашында өзі үйреніскен 67 келіде жұдырықтасып, артынша біртіндеп 71 келіге жылжымақ. Тек  талабы  оң  болсын  дейміз.

Иә, қазақ топырағы қаншама Олимпиада чемпионы мен жүлдегерін шығарды. Қазақ боксының мектебінен тәлім алып, түлеп ұшқандар ешқашан сенім артқан халқын жерге қаратқан емес. Қазақ боксшыла­ры тек ғана техникасы мен физи­калық күшімен емес, ментальді рухымен, қажымас қайсарлығының арқасында әлемді ауызына қаратты. Төреханның бір ерекшелігі, онда нақты бекітілген стиль жоқ. Боксшының  да түр-түрі бар. Біреу ауыр соққысымен ерекшеленуі ықтимал, біреу­дің техникасы жоғары деңгейде болуы мүмкін, ал бірі қорғанысқа мығым болып келе­ді. Ал Төрехан – әмбе­бап боксшы. Кез келген стильге икемделіп, қарсыласына алғашқы раундтар­да талдау жасап, артынша декласс жасауға бейімделген. Сол бір қасиетін әлемдегі ең бай  боксшы саналатын Флойд Майвезерге ұқсататындар көп. Кәсіби мансабында ешқашан жеңілмеген боксшыға еліктеген Төреханнан да жеңіліссіз спортшы, сонымен қатар арманда кеткен кемі екі-үш дүркін Олимпиада чемпионы шығатынына кәміл сенеміз. Жас боксшыға тек  сәттілік  серік  болсын  дегіміз  келеді.

Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: